Нұрлан Жұмабаев бұғанасы қатпай тұрып-ақ үй шаруасына және ұжымшардағы жұмысқа араласты. Тоғыз жасқа қараған шақта әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Жұмабай Құсайынұлы қан майданда алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болды. Сөйтіп, бір отбасында шешесі Үміт Тасқарақызы мен інісі Оралтай үшеуі қалады.
Шешесі маңдайалды сауыншы, аудандық кеңестің депутаты болатын. Ол күн ұзаққа ұжымшар жұмысында жүретіндіктен, үй шаруасы, қысқа отын-шөп дайындау, малды күтіп-бағу бала Нұрланның мойынына артылды. Оның үстіне үй маңындағы үлкен бақшаға картоп отырғызып, одан алынған өнімді Ресейдің көршілес селоларына апарып сататын. Кейін ұжымшардың кірпіш зауытында еңбек етіп, ақша тапты. Жыл соңында шешесіне еңбегінің өтеуі ретінде берілетін азын-аулақ бидайды сататын, қалғанын диірменге үктіреді. Осылай әкесінен ерте айырылған Нұрлан Жұмабайұлы шешесіне қолқанат болып, отбасының тірегі ретінде бауырының тамақтан, киімнен тарықпауы үшін аянбай еңбек етті.
Сол кездегі ұжымшардың басқарма төрағасы, Социалистік Еңбек Ері Федор Константинов жас баланың еңбекқорлығын байқап, оны шаруашылық қаржысына Целиноград облысындағы Новоишим зооветеринарлық техникумына оқуға жібереді. Басқарма оқуын ойдағыдай тамамдап, дипломмен оралған жас маманды алғашында фермадағы сауылған сүтті есептеп тұруға қояды, одан кейін бөлімше зоотехнигі, селекционер-зоотехник қызметтеріне көтереді.
Жас маманның ұйымдастыра білу қабілетін аудан басшылары да бағалап, оны көршілес Совет ауданындағы ең ірі шаруашылықтардың бірі – “Чапаев атындағы” кеңшарға бас зоотехник қызметіне ауыстырады. Нұрлан Жұмабайұлы осында еңбек ете жүріп Целиноград ауыл шаруашылығы институтында сырттай оқып, ғалым зоотехник мамандығын алады. Сол жылдары егіншілік саласында да, мал шаруашылығында да көрсеткіштер артып, облыста ғана емес, одақ көлемінде алдыңғы лектегі кеңшарлар қатарына шығады. Мамандардың, ауыл шаруашылығы жұмысшыларының ерен еңбектерінің, қол жеткізген рекордтық көрсеткіштерінің арқасында кеңшар директоры Руслан Бекузаровқа Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Мұндай жетістікке жетуге, әрине, директордың Кеңес одағы делегациясы құрамында Америка мен Канадаға барып, олардан әкелген озық тәжірибесін шаруашылықта қолдануы да көп әсер еткені анық. Бас зоотехник Нұрлан Жұмабаевтың да қосқан үлесі орасан еді. Кеңшардың мұндай жетістігіне Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев та таңғалған.
Басшылық білікті маман Нұрлан Жұмабаевқа енді осы ауданның тағы бір шаруашылығы – “Ленинский” кеңшарын озаттар қатарына қосу міндетін жүктейді. Бас зоотехник болып қызмет атқарған жылдары ол малдың құнарлылығын арттыру үшін ең алдымен жемшөпті нәрлендіру ісін қолға алады. Кеңшарда витаминді шөп түйіршігін өндіретін зауыт, хлорелла фабрикасы, сабанды бумен құнарландыру цехы, тағы сол сияқты басқа шаруашылықтарда атымен жоқ кәсіпорындар ашылады. Мал қораларындағы барлық ауыр жұмыс техниканың күшімен атқарылады. Мамандар демалатын үйлер, киініп-шешінетін орындар, моншалар пайда болды. Фермалардың тазалығы сондай, келген адам аяқтарын сүртіп кіретін еді. Малшылар мен сауыншылар кезекпен еңбек етіп, демалатын күндері белгіленді. Осының бәрі еңбек өнімділігіне оң әсер етті. Кеңшар облыста ғана емес, республикада алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналды. Түрлі семинарлар, озық тәжірибе алаңдары осында өткізілетін.
Нұрлан Жұмабайұлы еңбекпен келген озық тәжірибесін Совет аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас зоотехник, Сергеев аудандық мамандандырылған мал бордақылау, Возвышен ауданындағы “Булаев” кеңшарларында директор, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған кездерінде де кеңінен пайдалана білді. Ал Сергеев аудандық мамандандырылған мал бордақылау кеңшарын басқарған жылдары шаруашылықты өркендетумен бірге халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға да баса назар аударды. Сол жылдары Ресейдің Краснояр өлкесімен байланыс орнатып, құрылыс материалдарын әкеліп, Жаңажол ауылында көптеген үйлер, мектеп, балабақша, монша, мал қораларын салғызды. Экономиканың күретамыры – жол салынды. Осындай қат-қабат жұмыстардың нәтижесінде кеңшар құрылыс жөнінен облыстың ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды.
Мақала кейіпкерінің ізденімпаздығын ерекше атап өтер едік. Өз қызметінде озық әдістерді қолданып, табиғат байлығын тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлді. Сол жылдары Павлодар облысының Железин ауданындағы “Панфилов” кеңшарына өзімен бірге мамандарды да алып барып, тәжірибесімен танысады. Келгеннен кейін ауылдың тұрғындарын ұйымдастырып, Есіл өзені бойында өсетін қына шөбін жинатады. Ақы төленетін болғасын оған ауылдың кәрісі де, жасы да қатысады. Сол жиналған қынаны үлкен ыдыстарда ашытып, оны жемге қосып, пайдалы азық ретінде малға беріп отырады.
Жазғытұры Есіл тасыған шақта арнайы бөгет жасап, Петропавлдағы зауыттардың бірінде шығарылған шлюз арқылы ойпат жерлерге ауық-ауық су жібертіп отырады. Ондай жерлерге шөп қаулап өседі емес пе? Бір жазда екі-үш рет шөп шауып, пішен дайындауға мүмкіндік туады. Сондай-ақ, көпжылдық екпе шөпті суаруды ұйымдастырудың арқасында шығымдылық бірнеше есе артты. Нәтижесінде бордақылауға қойылған ірі қара тәулігіне бір килограмм 200 грамға дейін салмақ қосқан екен. Бұл рекордтық көрсеткіш болатын. Жаз бойы осылай қоң жинаған мал ет комбинатына жарты тонналық салмақпен тапсырылатын.
Кеңшарда жемшөп қорын молайту және құнарлылығын арттыру мақсатында жүгерінің шығымды сұрыптарын өсіруге де ерекше мән берілді. Сонау Молдавиядан әкелінген тұқымнан өскен жүгері алқаптары әр гектардан 600 центнерге дейін өнім берді. Арнайы орда ашытылған жүгері шаруашылықтың ғана емес, тұрғындардың малына да еркін жететін.
Шаруашылық негізінен мал бордақылауға мамандандырылса да ішкі қажеттілікке сай сүт, қымыз өндірісі де қолға алынды. Сол үшін сауын сиырларын ұстайтын шағын ферма, Ақтөбе облысының Шалқар ауданынан әкелінген 116 байтал өсіріліп, жылқы фермасы ашылады. Биелерден сауылған сүттен қымыз ашытылып, облыс орталығындағы түберкулезге қарсы диспансерге жөнелтіліп отырды. Сөйтіп, қарызға белшесінен батқан, облыста артта қалған кеңшар осындай жұмыстардың арқасында озық шаруашылықтар қатарына қосылды.
Білікті басшы, білгір ұйымдастырушы Нұрлан Жұмабаевтың туған жердің өркендеуі жолында істеген жұмыстары айта берсе көп-ақ. Өкінішке қарай, одақ тұсында жергілікті ұлттан шыққан мұндай еңбекқор азаматтардың еңбегі көп елене бермеді. Бірақ істеген ісіне, атқарған жұмысына халық куә. Олар өз бағаларын әлдеқашан берген.
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.