
Тайыншалық кәсіпкер Бақытжан Малғаждаровтың ұзақ жылдар бойы бел жазбай атқарған жұмыстан, тынымсыз тірліктен түйгені осы. Кездескен қиындықтарға төтеп беріп, шын көңілмен еңбекке араласқан кәсіпкердің бүгінгі әрекеті – 4 баласының үлкен өмірге сенімді аяқ басуына ықпалдасып, әкелік парызын орындау.
Талай жылдар бойы құқық қорғау саласында қызмет атқарған, үш жоғары мамандықтың иесі Бақытжан бүгінде кәсіпкерлікке бет бұрғанына еш өкінбейтіндігін айтады. 2004 жылы Тайынша ауданындағы Чкалов ауылдық округіне қарасты Озерное ауылында “Малгаждаров Б.Б.” жеке кәсіпкерлігін рәсімдеген кәсіпкер 2008 жылдан бастап “Самұрық” сауда белгісімен кеспе өндіру ісімен айналысуда.
Өз ісін ширата түсу мақсатында мемлекеттің көмегіне жүгінуді жөн көрген кәсіпорын басшысы “Ауыл шаруашылығын қолдау” қоры арқылы несиеге 3 миллион теңге алып, бұл қаражатқа қосымша құрал-жабдық сатып алған. Содан кейін жұмысы өрге домалаған кәсіпорынның өнімдері бүгінде ел нарығында жоғары сұранысқа ие болып отыр. “Тауарларымыз Тайынша, Петропавл қалаларына және Солтүстік Қазақстан өңіріне ғана емес, Астана, Көкшетау мен Ақмола облысының басқа да қалаларына жеткізіледі”, – дейді тайыншалық кәсіпкер.
Алдағы уақытта Ресей мемлекетімен әріптестік байланыс орнатуға қатысты жоспарларымен де бөліскен кәсіпорын басшысы:
– Ондағы нарыққа кіру де, ол жерде өзіңе лайықты орныңды табу да оңай емес. Сондықтан біз кәсіпорын өндірісіне инновацияларды енгізуге, кеспенің жоғары сапалы түрлерін өндіруге күш салудамыз, – деді.
Жеке ісін өркендетуде талмай, тынбай тер төккен кәсіпкердің еңбегі елеусіз қалған емес. Әр жылдары “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік конкурс-көрмелерінде, “Жылдың үздік кәсіпкері” конкурсында берілген марапаттар соның анық айғағы. Жеткен жетістіктеріне тоқмейілсу де отағасы үшін жат қылық. Қарыштап дамыған заманнан қалыс қалмау үшін Бақытжан Малғаждаров “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры”, “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-қуат қоры” акционерлік қоғамдары ұйымдастырған кәсіпкерліктің экспресс-курстарынан өтіп, осы саланың қыр-сырын меңгеріп, білімі мен біліктілігін жетілдіре түсуде.
Жұмыстан қалжырап келгенде отбасымен шүйіркелесу – Бақытжан үшін ең бақытты сәт. Сол уақытта жүзінде шаршағандықтың ізі де қалмайды. Бұл жолы да әңгіме ауаны балаларға ауысқанда жұмыстың қамын ойлап отырған кәсіпкердің жүзі жадырап сала берді. Ол тұңғышы Батыржанның халықаралық қаржы академиясын аяқтап, бүгінде банк қызметкері болып қызмет атқарып жүргенін айтты. Өнер жолына бет бұруды жоспарлап жүрген ұлы жақында “Жас қанат” байқауында ІІІ орынды иеленіп, лауреат атанған екен. Ал екінші ұлы Нұржан – Біржан сал атындағы музыкалық колледждің студенті. Отбасының кішкентайлары Ілияс пен Данияр мектепте оқиды. Балаларының бойына адамгершілікті, қазақы тәрбиенің негізін сіңірумен айналысып келе жатқан отанасы Зүлфия Малғаждарова – Чкалово ауылдық емханасының дәрігері.
– Жетістіктерге жетудің ең тиімді жолы – қызметте алда болып, адал еңбектің жемісін көруге ұмтылудан жалықпау. Мұны балаларыма қайталап айта беремін. Мемлекет ел азаматтарына жағдай жасап-ақ жатыр. Сол мүмкіндіктерді орынды пайдалана білген жөн, – дейді Бақытжан.
Гүл НҰРАЛИНА,
журналист.
Тайынша қаласы.