«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКПЕН ШЫҢДАЛҒАН

Біз қай кезде де аға буынды үлгі тұтып өскен ұрпақпыз. Қазір де алдымызға жиі қараймыз. Сондайда ағалар тобынан Жүсіп Бәшіровтің тұлғасы да өзіндік бітім-болмысымен дараланып көрінері анық. Кешегі күні қоғамда белсенді, қолға алған ісін тиянақты түрде жеріне жеткізіп орындаған азаматтың бүгінде де сол қалпына селкеу түсірмей, жігерлі күйінде жүргені, әрине, көпшілік үшін үлгі боларлық жайт.

Жүсіп аға бала кез, жастық ғұмырын заманына сай тоқшылықта өткізбеген. Ержетіп, ат жалын тартып мініп, еңбекте шыңдалған. Сондай жолдардан өтіп барып, ел басқару ісіне араласа бастаған. Адамның өмір жолы кей жағдайларда шырмаулы, шытырман жағдайларға толы болып келетінін біреу білсе, біреу бағамдай бермейді. Жүсіп ағаның да балалықтан бүгінгі ақсақалдыққа дейінгі сан тараулы соқпақтарында қиындықтар мен күрмеуі қиын тұстар болмай қалған жоқ. Ең бастысы – қандай сәтте де сабырлылық танытып, қызбалыққа салынбайтындығы, бәрін ақылға жеңдіретіндігі оны ерекшелеп тұратын қасиеттерінің бірі деуге болады.
Жүсіп Қабдуахитұлы Көкше тауларының көшқұлаш жерге көсілген ең ұзын етегі жеткен, ерке Есілдің жағалауына қоныс тепкен Еңбек аулында дүние есігін ашқан. Бала күнінде анасы о дүниелік болғандықтан әкесінің ағасы Қабдуахит бауырына басып, өзінің тегін берген екен. Туған әкесі Әбілмәжін алапат соғыс жылдарында қолына қару алып, қан майданға аттанды. Туған елге аман-есен оралған ол тоқсан жастан астам ғұмыр кешті. Ағайындылар Жүсіпті жастайынан ешқандай қиындықтан тайсалмайтын, адалдық жолынан аттамайтын, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмейтін, елі үшін еңбек ететін азамат етіп тәрбиелеген.
Ауылдың топырағына аунап, Есіл өзенінің суына шомылып, диқан қауымының ортасында өскен бозбала мамандық таңдағанда көп ойланбады. Оның бұл шешіміне үйдегілер де қарсылық көрсеткен жоқ. Ол Есіл ауданындағы Покровка ауыл шаруашылығы техникумының студенті атанды. Қолына агроном мамандығын алғаны туралы диплом тиген соң еңбекке араласты.
Құрдастары әскери комиссариаттан шақыру қағазын алғанда кемпір мен шалдың ұлы болғандықтан Жүсіпке ауылда қалу мүмкіндігі беріліпті. Тумысынан бірбеткей Жүсіп аудандағы әскери басшылардың еркіне қоймай дегеніне жеткен. Сөйтіп, ол үш жыл Тынық мұхит флотында азаматтық борышын абыроймен атқарып, туған елге ысылып оралады.
Еңбек жолын Совет (қазіргі Аққайың) ауданындағы “Путь Ильича” кеңшарының агрономы болып жалғастырған жас маманға көп ұзамай бөлімше басқару сеніп тапсырылады. Бұл 1977 жыл болатын. Сол жылы Қызылжар өңірінде егін бітік шыққан еді. Егін орағында озық көрінген бөлімше басқарушысынан аудандық партия комитетінің хатшысы: “Әбілмәжін Бәшіров саған туыс емес пе?” – деп сұрайды. Ол кісінің Жүсіптің әкесі екенін білген басшы жас маманға екі алапат соғысқа қатысқан, көптеген наградалардың, оның ішінде екі жауынгерлік Даңқ орденінің иегері Әбілмәжін ақсақалдың атына кір келтірмей еңбек етуге батасын береді. Көп кешікпей ол жаңадан ашылған “Аралағаш” кеңшарының бас агрономы болып тағайындалады.
1985 жылы Новороссийск мамандандырылған шаруашылығы бірлестігінің бас агрономы болып жүрген кезінде сол уақытта облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Владимир Степанов егістік басына келеді. “Мұнда егіншілік мәдениеті төмен, танаптарды арамшөп басып кетті дегендері қайда?” – деп сұрайды облыс басшысы. Оған бас агроном Жүсіп Бәшіров жұмысты дұрыс жолға қойғанын айтады. “Аудандағы тәжірибе станциясының көмегі бар ма?” – дейді облыс басшысы. Жүсіп басын шайқайды. “Ендеше, олар тәжірибені осы шаруашылықтан үйренсін”, – деп тапсырады ол.
Жас та болса өзінің біліктілігін көрсете білген маман көп ұзамай Сергеев (қазіргі Шал ақын) аудандық ауыл шараушылығы бөлімнің бас агрономы қызметіне тағайындалады. Одан кейін облыс басшылары оған “Бұлақ” немесе “Озерный” кеңшарын басқаруды ұсынады. Ол екеуінен де бас тартқанда облыстағы басшылардың бірі Құдайберген Қалиев өтініш білдіреді. Сөйтіп, әскерге дейін “Интернационал” кеңшарында өзімен бірге еңбек еткен Құдайберген Қалиұлының айтқанын жерге тастай алмай, Тимирязев ауданындағы “Ленинский” кеңшарын басқаруға келіседі.
Бұл іске бел шеше кіріскен Жүсіп Бәшіров ортаңқол шаруашылықты санаулы жылдар ішінде озаттар қатарына қоса білді. Кеңшарда мал сауықтыру шарасы мерзімінен бұрын атқарылды. Жиырмадан астам мал фермасы салынып, олар бір-бірімен жалғастырылды. Сүрлемнің, пішендеменің ұралары қазылып, су құбырлары тартылды, тұрғын үйлер, мәдениет нысандары бой көтерді. 1992 жылы бұл кеңшар дәнді дақылдардың әр гектарынан 30 центнерден өнім алды. Шаруашылықтың қырманында жұмыстың түгелдей техника көмегімен атқарылуына қол жеткізілді.
Осындай оң нәтижелерге ие болған Жүсіп Бәшіровке Жамбыл ауданын басқару жүктелді. Бұл экономикалық қиындықтар туған, айлап жалақы, зейнетақы алу мұңға айналған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары болатын. Ол неше түрлі “тар жол, тайғақ кешуден” абыроймен өте білді. Әрі суық, әрі қарлы болған 1995 жыл оның есінде ұзақ сақталуда. Ауданның қар алып қалған жолдарын ашу үшін бұрынғы кеңшарынан 50 тонна солярканы қарызға алғаны естен шығар ма? Еш нәрсені назардан тыс қалдырмайтын ол көктемгі егістің уақтылы өткізілуіне қол жеткізді. Бітік шыққан егінді жинау кезінде жануынан сөнуі жиірек электр қуаты жөніндегі лимит қатты қинайды. Диқандардың маңдай терімен өсірілген астықты бүлдіріп алмау үшін ол ауданға бөлінген барлық лимитті (ауруханалар мен наубайханаларды есептемегенде) Қайранкөл элеваторына беру туралы шешім қабылдайды. Соның нәтижесінде бұл элеватор астықты сақтау мен сапасы бойынша облыс көлемінде бірінші орын алды.
Жүсіп Бәшіров содан кейін Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдегі ең ұзын су құбырына қызмет көрсететін “Водхоз” кәсіпорнын басқарған жылдары облысымызды сумен жабдықтау бағдарламасын жүзеге асырды, “Голден Грейн” компаниясында жұмыс істеген кезде өңіріміздің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына, ауыл шаруашылығы техникалары паркінің жаңаруына, ауыспалы егіс жүйесін енгізуге өзіндік үлесін қосты. Облыстық орман және аң шаруашылығы инспекциясында қызмет еткенде туған табиғаттың жанашыры бола білді.
Жетпістің биігіне шыққан азаматты біреулер табиғатынан осылай жаратылған болар деуі мүмкін. Жүсіп ағаның өзгешелігі – сырын да, мұңын да ішінде сақтап, көп тыңдап, аз сөзімен айналасын өзіне қарата білетін жан. Өзгенің жүрегіне ызғар салмай, самал желдей, салмақты сөзімен дұрысты да, бұрысты да байыпты бағалап, өз көзқарасын жүйелеп жеткізеді. Әулеттің ағасы, жан-жағының жанашыр ақылшысы, ұрпағының жапырақ жайған бойтұмар бәйтерегі іспетті.
Бүгіндері Жүсіп Бәшіров – “Ақ ниет” қоғамдық қорының төрағасы. Былтыр облыс орталығында бой көтерген жаңа мешіттің құрылысы осы қорға жиналған демеушілердің қаржысына салынған болатын. Ол имандылық жолындағы сауапты іске демеушілік көрсеткен азаматтарға өзінің шексіз алғысын білдіреді.
Жүсіп Қабдуахитұлының ғұмырнамасына тоқталғанда, ағаның асыл жары Күләш апайды айтпау мүмкін емес. Ол – көп жылдар бойы салық жүйесінде еңбек етіп, өзінің отбасы ғана емес, қызмет еткен ортасына, ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне кір түсірмей жүрген жан. Қызы Шынар мен ұлы Бағдат ұясында көрген тәлімді тәрбиенің арқасында өнегелі отбасын құрып отыр. Егіз жиендері Ұлпан мен Гауһар Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университетін биыл тамамдамақ. Ал Дінмұхамед, Самир мен Альсарина – мектеп оқушылары. Оларға атасының өңірдің дамуына сіңірген еңбегі, өмірлік ұстанымы, имандылық жолындағы қадамдары үлгі болары сөзсіз.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp