«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Сонау кеңес заманында қарапайым еңбек адамдарына деген құрмет пен ілтипаттың ерекше болғандығын сол кезеңнің өмір ағыстарына куә адамдардан ара-тұра естіп қаламыз. Әсіресе, сауыншылар мен малшылар, тігіншілер мен диқандар арасынан суырылып шыққан озаттардың есімдері елге кеңінен танылып, насихатталып, халықтың да, биліктің де ықыласы сол кісілерде болғандығы айдан анық. Сондай елеулі еңбекпен еркін тыныстап, көзі тірісінде-ақ мақтау мен марапаттарға бөленгендердің бірі Социалистік Еңбек Ері, КПСС XXV съезінің делегаты, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланған Сәруар Мұхамедияқызы Байсарина болатын.

Халқымызда “Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” деген қанатты сөз бар ғой. “Сәруар Мұхамедияқызы еңбек адамы ғана емес, ақыл-парасатымен, көркем мінез-құлқымен көпшілікке үлгі бола білген жаны жайсаң, жүрегі кең, көңілі ақ, адамды абыройға бөлейтін мәртебелі еңбекті мақтан еткен қазақ әйелі еді”, – дейді көзін көргендер. 1936 жылы дүние есігін ашқан Сәруар Байсаринаның өмірі, еңбек жолы Петропавл қаласындағы “Комсомолка” тігін фабрикасымен тығыз байланыста өткен. Немере ағасының: “Қыз балаға тігінші болған жарасады. Бармағың майысқан шебер болсаң, қандай, шіркін! Сонда бүкіл туысқандарың саған барып жалынып тұрады”, – деген бір ауыз сөзі оның осы мамандықты таңдауына әсер етіпті. Оның үстіне қамқоршы анасының дүниеден ерте озуы жауқазындай жетіліп келе жатқан жас қыздың жүрегіне жазылмастай жара түсіріп, тігін фабрикасына жұмысқа орналасуына септеседі.

Тігін машинасының алдына жайғасқан алғашқы күннен бастап толастамаған еңбек, тынымсыз ізденіс, ұйқысыз түндер, жұмысқа деген адалдық пен құлшыныс зая кетпей, араға аз уақыт салып Сәруар Байсаринаның есімі фабриканың Құрмет тақтасына жазылады. Жаныңды салып атқарған еңбектің лайықты бағасын алу адамға үлкен қайрат, жігер сыйлап, одан сайын құлшындырады емес пе?! Сәруар Мұхамедияқызы қызмет атқаратын цех басшысының ерекше қолдауы, ықыласы, орынды мақтауы жас тігіншінің жүрегіндегі терең тамырланған мақтаныш сезімін оятып, алдынан жаңа армандар мен мұраттардың көкжиегін ашады. Көп ұзамай цехтың шебері болып қызмет баспалдағымен бір саты жоғарылауы да жас маманның еңбегінің орынды өтеуі болса керек.

Сол кездегі партияның XXV съезін барша одақтас республика халқы заманның ұлы оқиғасы деп бағалады емес пе? Дәл осы айтулы оқиғаға орай Кеңес Одағы елдері лайықты тарту жасау үшін талмай күресті, халық шаруашылығының қай саласында болсын өрлеу мен тың серпіліс пайда болды. Бұл кезде С. Байсаринаның да сергек сенімдермен, батыл қадамдармен алға қарай ұмтылуына жол ашты. 1975 жылдың желтоқсан айында өнеркәсіп еңбек озаттарының Бүкілодақтық слеті өткізілген. Осы слетте сөз сөйлеу бақыты Сәруар Байсаринаға бұйырыпты. Небір еңбек майталмандары мен тарландары жиналатын жиында мінберге шығып, халықтың алдында сөз сөйлеу екінің біріне бұйыра бермейтін салмағы ауыр жауапкершілік еді. Бұл туралы ол “Өз мүмкіндігімді барынша есептедім. Слет мінберінен сөйлегенде қатты толқыдым. Мұндай Бүкілодақтық жиында сөйлеуім бірінші рет болатын. “Бір бесжылдықта екі бесжылдық тапсырмасын орындаймын, құрбыларымды да осы жарысқа шақырамын” дегенімде үлкен зал толы слет делегаттары дүрілдете қол соқты”, – деп жазыпты өзінің естелігінде.

Шынында да, осындай айтулы оқиғада қара бастың қамы емес, фабриканың абыройын арқалап барған ол бұрын әртүрлі марапаттарға қол жеткізген болатын. Атап айтқанда, 1966 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, 1970 жылы “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды, 1974 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағын алды, оған Ленин ордені мен “Орақ және балға” алтын медалі қоса тапсырылды. Оған қоса Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының берілуі өңіріміздің тумасына көрсетілген ғажайып құрмет дер ек. Осы айрықша мақтауларды фабрика басшылығы “Сіз өзіңіздің үлкен мемлекеттік, қоғамдық жұмысыңызбен бізге көп көмектесіп жүрсіз. Одақ көлемінде қозғаған мәселелеріңіз де жауапсыз қалған емес. Фабрикада “Сапа озаты” құрметті атағын алу жолындағы жарыс та ойдағыдай ұйымдастырылған” деп бағалағандығы да тарихи бұлтартпас дәлел. Сондай-ақ, Сәруар Байсаринаның еңбек еткен жылдарында тұңғыш рет фабрикада жаңа үй салынып, қажетті құрал-жабдықтардың сатылып алынуы, жас тігіншілерге қамқорлықтың көрсетілуі осы ұжымда қолтаңбасы қалған қызылжарлықтардың әлі күнге есінде.

Адамгершілігі, түсініктанымы асқақ адамның әр заманда да жұлдызы биік болады. Өйткені, шын тұлға ең алдымен айналасына мейірімін төге білуімен, адал­дығымен, еркін ойлайтындығы­мен, жас ұрпаққа қамқорлығымен, сол сияқты еңбекті ұйым­дастыра білуімен ерекшеленеді. Осы тұрғыдан алғанда Сәруар Мұхамедияқызы сөз етуге де, үлгі етуге де жарайтын айтулы адамдар қа­тарында аталады десек, шындық­тан ауытқи қоймаспыз. Бір ғана жарқын мысалды айта кеткен жөн болар. “Шәкіртсіз ұстаз – тұл” деп халқымыз бекер айтпаған ғой. Шәкірт тәрбиелеу адамның рухани өсуіне жақсы ықпал ететіні де сөзсіз. Жастармен араласып, ақыл айту үшін ұстаз да ойланады, ізденеді, өткенге үңіледі, ой қорытады. Міне, бұл қасиеттер Сәруар Байсаринаның бойынан да көрініс тапты. Зәуреш Ыбыраева, Роза Досанова сияқты талапты, еңбексүйгіш шәкірттерді тәрбиелеп, қияға қанат қақтырды. Бір үйдің келіні атанғаннан кейін қарт енесін алақанына салып құрметтеуі, кісіге болысқыш адамгершілік қасиеті көп нәрсені аңғартқандай.

Шешесінен жастайынан айрылған ол алдағы өмір жолын өзі таңдады. Таңдағанда да ауырдың астымен, жеңілдің үстімен өтіп кетуге болатын оңай жолды емес, адамды шынықтырып шыңдайтын нағыз ең­бек жолын таңдады. Түптің тү­бінде бәрін жеңетін еңбектің, со­ның ішінде көптің мүддесі үшін атқарылған жұмыстың шын рахатын сезген жан деп осындай адамдарды айтуға болар шамасы. Өйт­кені, көптің мүддесі үшін ең­бек ету жаңа заманға сай ойлау жүйесі тұрғысынан аңыз сияқты көрінетіні бар. Ал сол заманның адамдық өлшемінің бірі – расымен де көп мүддесі үшін жан­қияр­лықпен еңбек ету еді. “Өте еңбекқор еді. Көп сөйлемейтін, керісінше көп жұмыс атқаратын. Ағайын-туыстарының амандығы үшін жанын салатын. Ешкімді ренжітпейтін”, – деп еске алады бұл туралы Сәруар Байсаринаның көзін көрген құрбылары.

Бүгінде Сәруар Байсаринаның өнегелі өмірін өзі тәрбиелеп өсірген қызы мен ұлы жалғастыруда. Екеуінің қызметте де, отбасында да орны бөлек. Әйтсе де, анаға деген сағыныш толастамақ емес. Әсіресе, олардың жанына бататыны аналарының өмірден ерте озуы. Сырқат меңдеп, төсек тартып жатқан анасының қайратты болмысы қызы Алманың көз алдында сайрап тұр. Ол кезде бар болғаны сегізінші сыныпта оқитын Алма ана махаббатының өте тұнық әрі қайталанбайтынын есейіп, ес жиғанда сезініпті.

– Спортқа құмар болдым. Анам үнемі саламатты өмір салтын насихаттауымызды, жаман әдеттерден аулақ, шыншыл болуымызды айтып отыратын. Көмекке мұқтаж адамның көңіліне кірбің түсірмеуімізді қадағалайтын. Оның қонақжайлылығы бір төбе. Тіпті, үйге келген кісілердің аты-жөндерін сұраспай, ас-суын беріп алғаннан кейін танысатын еді, – дейді Алма.

Алма анасының суреттерін, қолжазбалары мен тұрмыстық бұйымдарын аманатындай сақтайды. Әлдекімнің рұқсатынсыз қарауына жол бермейді. Әрбір естелікті қымбат құндылықтай қастерлейді. Өйткені, әр сурет, әр қолжазба еңбекпен өрілген өмірдің қандай болғаны жайлы сыр шертіп тұрғандай күйге бөлейді.

Өмірден озғанына отыз жылға жуықтаған нағыз еңбек адамы туралы жайдан-жай сөз қозғап отырған жоқпыз. Біріншіден, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жал­пыға Ортақ Еңбек Қоғамына қа­рай 20 қадам” атты еліміздің әлеуметтік жаңғыртылуы жөнін­дегі бағдарламалық мақаласы себеп болды. Елбасы қазіргі қоғам­ның жүйкесіне түскен дерт – тер төкпей жатып мал табуға ұмты­лушылықты доғару жайын қозғай отырып, бұл тұрғыда еңбек адам­дарының беделін көтеру қажет­тігіне баса мән берген болатын. Осы тұрғыдан келгенде өзі үшін де, елі үшін де барын салып тер төккен, шынайы еңбегінің арқасында ғана жетістікке жеткен, бұл күндері есімдері тарих­тың қойнауына сүңгіп бара жатқан, тіпті қазіргі жастар біле бермейтін алдымыздағы аға буынды неге насихаттамасқа деген ой туды. Мақаланы жазу барысында Сәруар Байсаринаның тірісінде көзінің ағы мен қарасындай болған ұлы Еркін, қызы Алманың Петропавлдың бір көшесіне өңірімізге еңбегі сіңген Сәруар Байсаринаның есімі берілсе екен деген тілектерінің бар екенін де білдік. Бұл енді тікелей жауапты мекемелердің құзырындағы шаруа. Қолдан жасалған жасанды тұлғалардың емес, ел ішінен шық­қан, көпшіліктің көз алдында жетіліп өскен шынайы тұлға­лар­дың есімі өшпесе, кейінгі буын сондай адамдардың болға­нын біліп ержетсе екен деген жақсы ниетімізді жеткізу – біздің міндетіміз.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: С. Байсарина.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp