«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКТЕНГЕННІҢ ЕҢСЕСІ БИІК

Мемлекет басшысы “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жол­дауында еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуында қалыптасқан ырғақты сақтай отырып, алға басуының жолдарын белгілеп берді. Нұрсұлтан Назарбаев қиын да күрделі кезеңде, мың құбылып жатқан қоғамда өмір кешіп жатқанымызды жасырған жоқ. Осының бәрін ескере келіп, тиісті министрліктерге жаңа индустриялық және инновациялық жобалардың қар­қынын күшейтуді тапсырды.

“Жаһандық дағдарыс – ол тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер. Әлемдік ауқымдағы көптеген компаниялар дамудың дағдарыстық кезеңінде сәтті компанияларға айналды. Іс жүзінде соңғы жарты жүзжылдықта табысқа қол жеткізген елдердің бәрі тура мағынасында нөлден бастаған болатын. Біздің Қазақстанның өзі де дағдарыс дәуірінде өмірге келді. Алғашқы онжылдықта – Тәуелсіздіктің қалыптасуының ең қиын кезеңінде – біз негізінен “мұнайсыз” өмір сүрдік. Тәуелсіз Қазақстан әр кезде де сыртқы экономикалық стихияларға кереғар дамып отырды. Біз Тәуелсіздігімізді жариялаған өткен ғасырдың 90-шы жылдарының бірінші жартысы біз үшін қолайлы бола алды ма? Ол уақыттары өндіріс тоқтап, адамдар жұмыссыз және өмір сүруге қажетті қаржысыз қалды. Біз лайықты түрде, әрбір қадам сайын ол дағдарысты еңсере білдік. Біздің еліміз өзгерістердің алғашқы нәтижелерін енді ғана сезіне бастаған сәтте 1997-1998 жылдардағы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қаржы дағдарысы келіп жетті”, – деді ол.

Расында, Тәуелсіздікке қол жеткізген 1990 жылдар еліміздің елең-алаң шағы болатын. Адамдардың айлап, жылдап жалақыға қол жеткізе алмай, қиындықпен өмір сүргендігі, қала көшелеріне, тұрғын үйлерге жарықтың берілмеуі, судың, жылудың болмағандығы қалай ұмытылсын? Сол сияқты, ірі және ұсақ шаруашылықтар да құлдыраудың алдында тұрды. Бүгінде өзім тізгінін ұстап отырған “Алабота” асылтұқымды мал зауыты дәл сол жылдары қиын да күрделі кезеңді басынан өткеріпті. Алайда, ұжымның қиындыққа мойынсұнбай, жұмыла жұмыс істеуінің нәтижесінде сонау 1930 жылдары негізі қаланған зауыт қайта аяғына тұрды.

Бүгінде “Алабота” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – қазақтың асылтұқымды ақбас сиырларын өсірумен айналысып, ет өндіріп отырған іргелі шаруашылық. Жалпы шаруашылық иелігіндегі жер үлесі 41 765 гектарды құрайды. Оның 19 956 гектары – жайылымдық жер. Еңбегіңді еселеп қайтаратындығына көз жеткендіктен, ақбас сиырды өсіруге бел будық. 2010 жылдан бастап Канададан жоғары өнімді герефорд малы әкелінген. Қазақтың ақбас сиыры кезінде осы тұқым негізінде алынған болатын.

Қазіргі уақытта шаруашылықта малды қолдан ұрықтандыру және эмбриондарды трансплантациялауға арналған зертхана бар. Оның жұмысын ретке келтіруге, жаңа технологиялар мен әдістерді игеруге республикалық “Асыл түлік” асылтұқым орталығының мамандары көмек көрсеткен болатын. Бүгінде агроқұрылымның фермасында 3531 бас ірі қара күтілуде. Жемшөп қоры жеткілікті. Ауылдың 200-ден астам тұрғынын жұмыспен қамтып отырған шаруашылықта қызу еңбек толастаған емес. Жұмысшылардың еңбекақылары да жақсы. Болашақта асылтұқымды мал басын көбейтіп, жұмыс орнын көбейтуді көздеп отырмыз.

Мал шаруашылығы – отандық экономикаға тың серпін беретін маңызды сала. Әсіресе, ауылдағы тұрғындардың тұрмыс жағдайының деңгейі осы саланың даму қарқынымен тікелей байланысты. Сондықтан да мал шаруашылығындағы ахуалды жақсарту, оның жоғары деңгейде дамуына қажетті жағдайларды туғызу бүгінгі таңдағы үлкен мақсат-міндеттердің бірі болып табылады. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі айтып келеді. Бұл бағытта мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек те қыруар. Тек ерінбей еңбек етіп, тартынбай талаптансақ болғаны.

Ерлан АЛПЫСОВ,

“Алабота” асылтұқымды

мал зауытының директоры.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp