Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметте ердің ерлері еңбек етеді десем, асыра айтқандық емес. Солардың бірі – Александр Тюрин.
Ол – өрт сөндіру қызметінде 20 жыл еңбек еткен ардагер. Осы жылдар ішінде тілсіз жаумен айқасып, талай адамның өміріне араша түсті. Александр Владимировичке әріптес, шәкірт болған адамдар оның кәсіби қасиеттерін әлі күнге дейін үлгі етіп айтып отырады.
Ол бала күннен әскери киім киген адамға қызыға қараған. Тұратын үйі өртсөндірушілер мекемесіне жақын орналасқандықтан, олардың іс-қимылдарын көрген сайын ұқсағысы келеді екен. Осындай арман-мақсатпен ержетіп, Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң 1987 жылы қаладағы №3 өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналасады. Прапорщик біраз жыл бөлімше командирі қызметін атқарған. Әріптестері оның оқиға басында жұмысты ұйымдастыру қабілеті мен жауапкершілік қасиетіне өте жоғары баға береді. Ол оқиғаның алдын алу үшін ширақ қимылдап, қоластындағыларға тапсырма беріп, жалын жайпап кеткен тұстарда өзі жүреді екен. Оның еңбегі елеулі болғанын төсінде жарқыраған “Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін” медалі аңғартқандай.
Александр Владимирович – еңбек демалысына шықса да, қол қусырып отыра алмайтын жан. Ерте көктемнен қара күзге дейін саяжайда еңбек етіп, табиғаттың болмысына масаттанады. Қыстың ұзақ күндеріне де өзіне сүйікті ермек тапқан. Зейнеткерлікке шыққан соң ол бірер жыл “Күзет” қызмет көрсету орталығында еңбек еткен. Сондағы жұмыс бабымен облыстық ауруханаға барғанда бір қыздың майда моншақтармен кесте тігіп отырғанын байқайды. Бұған неге сонша қызыққанын әлі күнге дейін түсінбейді. Бірақ кейін оның қолы да тез үйреніп кетеді. Александр Владимирович майда моншақтармен 10 картинаның көшірмесін жасаған. Екеуін Германияда тұратын інісіне сыйға тартыпты.
– Бір картина тігу үшін бір ай уақыт керек. Мұнда түсті дұрыс таңдай білу маңызды. Бұл қолөнер адамды сабырлылыққа шақырады. Сондай-ақ, сүйсініп істеген ісің айналаңдағыларға ұнап жатса, соның өзі көңілге үлкен медет, – дейді қарт.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы.