
“Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы – кәсіптен нәсіп көремін деген азаматтарға үлкен демеу. “Әрекет түбі – берекет” дегендей, аталмыш бағдарлама бүгінгі ауылдықтарға мемлекет қамқорлығын тиімді пайдалана отырып, шаруаларын өрге бастыруға зор мүмкіндік береді. Оның екінші бағыты арқылы мемлекеттің қаржылай қолдауын көруге бел буғандардың бірі – Мағжан Жұмабаев ауданындағы Хлеборобное ауылының тұрғыны Сүйіндік Әбішев. Іскер азамат шағын несие алып, мал өсірумен айналысуда.
Сүйіндік Есімжанұлы өткен жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, несие алуға өтініш білдіреді. Қажетті құжаттарымен Петропавл қаласындағы “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ өңірлік филиалының сараптамасынан өтіп, 3 миллион теңге несиеге қол жеткізеді. Несиенің қайтарымы төрт жарым жылға белгіленген. Қаржы қолына тиісімен кәсіпкер 30 бас сиыр және қазақтың ақбас тұқымынан бір бұқа сатып алады. Осылайша отағасы отбасы мүшелерімен бірге мал өсіру ісімен айналысуға кіріседі.
Біз кәсіпкерге мал бағып жүрген жерінде жолықтық. Сүйіндік ағаның айтуынша, оның мал шаруашылығымен айналысу ойын ұлдары Дидар мен Ақылбек қызу қолдаған. Басынан ниеттері түзу ұлдары бүгінде шаруашылықты көтеру үшін аянбай еңбек етуде. Өткен жылы олар жұмыла отырып, мал тұратын шашпа мен жылы қора салып, шаруашылық жанынан құдық қазып алыпты. “Малды баға білмеген пайданы таба білмейді” деген сөз бар, бірақ Сүйіндік ағамыз – жастайынан мал бағып, ол істің қалай тиімді жүргізілетінін білетін малсақ жан. Отбасының тынымсыз еңбегінің арқасында көктемде жануарлардың барлығы төлдеп, мал басы көбейді. Қазіргі кезде ерте туған бұзаулар табында, кеш туғандар қорада. Мал азығы үлкен мәселе екенін білетін әкелі-балалылар шөп науқанына қызу кірісіп, жоспарлаған шөптің 50 пайызын жинап алған.
– Қазір “МТЗ-80” тракторына “КРН 2-1” роторлық шөп шабатын машинаны тіркеп, ағаш арасындағы шөпті шауып жатырмыз. Шабылған шөпті жинаған соң тіркемеге артып, оны қоймаға таситын техникамыз да бар. Мал шаруашылығын жүргізуге арналған барлық құрал-жабдықтар мен техника жеткілікті. Жазда мал жайлауда. Сиырлар күніне үш рет сауылады. Сауылған сүтті дайындаушылар алып кеткенше тоңазытқышта сақтаймыз. Шамамен тәулігіне 200 литр сүтті Булаево қаласындағы “Пальчик В. Т.” жеке кәсіпкерлігіне өткіземіз. Одан түскен тиын-тебен жанар-жағармай, құрал-саймандар сатып алуға жұмсалады, – дейді Сүйіндік Есімжанұлы.
Кәсіпкер тағы екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Малшы Виктор Эрнст пен сауыншы Юлия Сапсай өздеріне жүктелген міндеттерді абыройлы орындап, шаруашылыққа үлкен қолғабыс тигізуде. “Жалақылары 25 мың теңге көлемінде. Оған қоса отын-шөбін дайындап береміз. Сүт, ет, картопты шаруашылықтан тегін алады”, – дейді басшы.
“Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” деген Абайдың ұлағатын Сүйіндік Есімжанұлы жастайынан санасына құйған. Ол – Қарақоға ауылының тумасы. Ауыл шаруашылығы саласын таңдап, техникумды тамамдаған ол қарапайым жұмысшыдан бастап, бригадир, агроном болып абыройлы қызмет атқарғанын жерлестері мен отбасы жақсы біледі. Зайыбы Жаңыл Айдарханқызы екеуі үш ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олар – ұлдарын – ұяға, қыздарын қияға қондырған сүйікті ата-әже. Балажан ерлі-зайыптылар Есілкөлдегі ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетімдер үйінің тәрбиеленушісі Ләззат атты қызды бауырларына басқан. Ол жағдай туралы отағасы былай дейді:
– Бір күні кешке жұмыстан кейін үйге келсем, дастарқан басында отбасым мені күтіп отыр екен. Байқасам, арасында Ләззат та бар. Әңгімеміз “Қайдан боласың?”, “Кімнің баласысың?” деген сияқты сұрақтардан басталды. Сұрастыра келсем, ол жетім балалар үйінде тәрбиеленеді екен, тегі Әбішева болып шықты. Оның айтуынша, ол мені газет бетінен көріп, тегіміз ұқсас болған соң туыс екен деп іздеп келіпті. Ол кезде Ләззат 8-ші сыныпта оқитын. Отбасыммен ақылдаса отырып, туыстығымыз болмаса да, қара-көз қызды өз қамқорлығымызға алдық. Сол уақыттан бастап ол демалыс күндері, жаз бойы біздің үйде болып, балалармен бірге өсті. Оқу бітірген соң бізге көшіп келді. Қазір тұрмыста, бала-шағасы бар. Отбасымен қонаққа келіп тұрады, – дейді Сүйіндік Әбішев.
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,
журналист.
Суретті түсірген автор.