Шал ақын ауданындағы Еңбек ауылы – тарихы терең елді мекендердің бірі. Облыс және аудан орталықтарынан шалғайда орналасқан демесең, сұлу табиғаты адамды баурайтын бұл жерде Молдахмет Тырбиев, Кәкімбек Салықов, Сәлім Құрманғожин, Амандық Төлешов сияқты қазақтың біртуар ұлдары дүниеге келген.
Осындай ардақтылардың ата-қонысы болған ауылымыздың бүгінгі жағдайы көңілге мұң ұялатады. Жылдан-жылға түтін саны азайып, ауыл жабылып қала ма деген қауіп зор. Қазір қарашаңырақты қимай отырған жиырма шақты отбасы қалды. Сол жиырма шаңырақ ауылдың тіршілігін жандандырып, тұрмысын жақсартуға тырысып-ақ бағуда. Биыл төрт жылдық мектебіміз жабылып қалуы мүмкін. Оқитын бала жоқ. Бұл мәселе көптеген елді мекендер үшін өзекті екендігі белгілі. Десек те көшеде бала шулап, түн тыныштығын ұрлайтын жастардың болғаны да бір бақыт екен.
Айтқанымдай, ауылдың шалғайлығы, алысты жақындатар жолдардың нашарлығы еңбектіктерді діңкелетті. Бір кездері қыста да, жауынды-шашынды көктем мен күзде де ауылдан шыға алмай қалатынбыз. Тұрғындар мен сыртта жүрген ауылдастарымыз жол мәселесін өз күшімен шешпек болып, шот ашып, ақша да жинады. Әрине, жол салу – қарапайым тұрғындардың қалтасы көтермейтін шаруа. Алайда талай жылдан бері жөндеу көрмей, шұрық-тесік болған жолдан қажыған тұрғындардың басқа амалы қалмаған еді. Осы жолдың кесірінен ауылдың іргесі сөгілгені анық.
Жергілікті билік біздің осы мәселеге қатысты жанайқайымызды естіп, жолымызды жөндеп берді. Қазір тұрғындарда баяғыдай түтіні түзу шыққан елге айналамыз ба деген сенім пайда болды. Енді ауылішілік жолдар жөнделсе екен деген тілегіміз бар. Ауылға кіргенде жарқырап жол жатса, жолаушылай келген адамның да көңілі көтеріледі ғой.
Біздің ауыл мал ұстап, кәсіп етемін деген адамға өте қолайлы. Еңбектіктер мал өсіріп, напақасын тауып отыр. Сондықтан өрісімді кеңейтемін дейтіндер болса, оларға біздің ауылға көшіп келіңіздер дегіміз келеді. Елге сіңісіп кетулеріне өзіміз қолғабыс етеміз. Оңтүстіктен келіп жатқан отандастарымыз, біздің ауылға қарай көш түзесе, бұл жердің құтты мекеніне айналарына сенімдімін. Әсіресе балалары бар жас отбасылар келсе, мектебіміз де жабылмай, ауыл тіршілігіне жан бітер еді. Онсыз да ауыл тұрғындары мереке күндері бір үйдің балаларындай көңіл көтеріп, ынтымақта өмір сүруге дағдыланған. Ондай мерекелік басқосулардан шалғайда жүрген ауылдастарымыз да қалыс қалмайды. Осындай ауызбіршілікте өмір сүріп жатқан Еңбектің еңсесі тіктелсе екен.
Нұрлыбек ШАМҒАНОВ,
Еңбек ауылының тұрғыны.
Шал ақын ауданы.