Карантин шаралары кезінде тұрғындардың жұмыспен қамтылу мәселесі ұдайы назарда. Жыл басынан бері екі қолға бір күрек іздеген Петропавл қаласының 600-ге жуық тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасқан. Карантин кезінде құрылыс саласының мамандықтарына, қойма жұмысшылары және тауар жеткізуші сынды бос орындарға сұраныс артқан. Бұл мамандықтар бойынша өңірдегі орташа жалақы мөлшері 80 мың теңгені құрап отыр.
Тұрақты табысқа қол жеткізгендердің қатарында екі баланың анасы Айгүл Жәнібекова да бар. Ол декреттік демалысы аяқталған соң жұмыспен қамту орталығына барып көмек сұраған. Мамандардың қолдауымен медициналық маска және киім-кешек тігумен айналысатын фабрикалардың біріне жұмысқа тұрған. “Бұрын тігіншілік курсын тамамдағанмын. Азын-аулақ тәжірибем де бар. Сондықтан маған жаңа жұмыс орнында үйренісу, тапсырылған істі орындау еш қиындық туғызған жоқ. Еңбекақым да балаларымның керек-жарағын алуға, өзге де қажеттіліктерді өтеуге жеткілікті”, – дейді тігінші.
Қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Юлия Біржанованың пікірінше, қазіргідей қиын кезеңде тұрғындар негізінен қызмет көрсету саласындағы жұмысты іздейтін көрінеді. Алдағы уақытта қызылжарлықтарды өзге салалар бойынша да жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, биыл “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының аясында облыс орталығында білім беру, денсаулық сақтау, спорт және басқа да салаларда 75 инфрақұрылымдық нысан іске қосылмақ. Осы жобалар және өзге бағыттар бойынша 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Соның 1500-і жұмыспен қамту орталығы арқылы жүзеге асырылады.
Жергілікті жұмыспен қамту орталығы азаматтарға жедел әрі сапалы қызмет көрсету мақсатында құжат қабылдау рәсімін біршама жеңілдетіп отыр. Яғни, жұмыс іздеуші бұл жерге тек жеке куәлігімен барса, жеткілікті.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.