«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКТІҢ ОРНЫ БӨЛЕК

Білім мен тәрбие егіз ұғым дегенді жиі айтамыз. Еліміздің білім беру са­ласын­ың қол жеткізген жетістіктері аз емес. Бірақ талай реформаны бастан кешкен бұл салада оқушыларды қоғамдық еңбекке тарту мәселесі назардан тыс қалуда.

Оқушылардың шығармашылық қа­білетін дамытуда еңбекке баулудың орны бөлек. Мектептерде өтілетін еңбекке баулу пәнінде бастауыш сынып оқушылары алғаш рет еңбек әліппесімен танысады. Алайда, бүгінгі таңда оқушыларды еңбекке баулуға арналған технология пәніне аптасына бір сағат қана бөлінген. Осылайша, оқушыларды еңбекке баулу сол пәнмен ғана шектелген. Сонымен қатар жалпы білім беретін мектептердің бәрінде бірдей еңбек сабағын өткізу үшін арнайы жабдықталған шеберханалар, кабинеттер бар деп айта алмаймыз. 5-сыныптан бастап оқытылатын технология сабағының маңызына ата-аналар да соншалықты мән бере қоймайды. Осы ретте бұл пәннің мазмұнын заманға сай жаңарту керектігін айта кету орынды. Әрине, бұғанасы қатпаған баланы жұмысқа жегуге болмайды. Әрі Қазақстан БҰҰ-ның Балалар құқықтарын қорғау туралы конвенциясына қол қойған. Сондықтан заң талаптарын орындау біздің де міндетіміз болып есептеледі. Алайда, “балалардың құқығын қорғаймыз” деген желеумен оларды еңбектен алыстатудамыз. Қолынан іс келмейтін бала болашақта дұрыс жол таңдай ала ма? Еңбек – бар жақсылықтың кілті екенін бағамдай алмайтын бала қанша білімді болса да, өмірге икемсіз келеді. Сонымен қатар өзгенің де еңбегін бағаламайды.
Біздің қоғамда балаларын ерекше өбектейтін ата-аналар көбейіп барады. Баланы шектен тыс әлпештеу оларды масылдыққа үйретеді. “Балаңды ая­саң, аяма” деген сөз бар. Жас өренді еңбекке баулу, білім алу мен ерінбей кәсіп игеруге баулу – ата-ананың асыл парызы. Баланы еңбекқорлыққа тәрбиелеу оның жеке басына ғана емес, қоғам үшін де пайдалы. Өркениетті елдердің көшін бастап тұрған жапон халқының бала тәрбиесіне бір сәт назар аударайықшы. Ол ұлттың балалары 5 жасынан бастап мектепте, асханада кезекшілік, тазалық жұмыстарын атқарады. Олар бүлдіршін кезінен өмірде кездесетін қиындықтарды өздері шешуге әдеттенеді. Өйткені, жапон қоғамында адал еңбекпен тәрбиеленген, іскерлік қабілеті жоғары адам ерекше құрметке ие.
Ұлы ойшыл әл-Фарабидің өзі “Тәрбиенің негізі – еңбекте”, – дейді. Ал Жүсіп Баласағұн, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин сынды даналарымыз өз шығармаларында еңбек арқылы ғана бақытқа қол жеткізуге болатынын дәріптейді. Еріншек баланың білім алып жарытпайтыны анық. Сол себепті соңғы жылдары білім беру мазмұнынан тыс қалған еңбекке баулуға назар аударсақ, өскелең ұрпақтың бойында ізгі қасиеттер қалыптастырар едік.

 

Ертай СӘРКЕНОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp