“Береке” шағынауданындағы №25 орта мектепте облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова аталған саланың дамуына сүбелі үлес қосып, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып жүрген бір топ ұстазға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыстады.
Алдымен Гүлмира Райынбекқызы жиналған қауымға “Үздік педагог – 2019” байқауында жеңімпаз атанып, Нұр-Сұлтан қаласында өткен салтанатты шарада құрметке бөленген ұстаздарды таныстырды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қаншама ұстаздың арасынан іріктеліп алынып, үздік деп танылған таңдаулы ұстаздардың шәкірт тәрбиелеудегі ерен еңбегіне тоқтала келіп, жұмыстарына жетістік, жаңа табыстар тіледі. Жеңімпаздардың атынан сөз алған облыстық дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицей-интернатының мұғалімі Рахат Әзімбаева елімізде ұстаздарды қолдау бағытында қолға алынған шараларды тілге тиек етті. Ұстаз мәртебесін көтеру және еңбектеріне лайықты баға беруге баса назар аударылып, педагогтерге ұсынылып отырған мүмкіндіктерге алғыс білдірді.
– Биылғы тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың алдына білім саласын дамыту бойынша бірқатар мақсат-міндеттерді айқындап берді. Шынымен де, бүгінде мұғалімдер қауымының қоғамда алатын орны айрықша. “Педагог мәртебесі туралы” заң сөзімізге дәлел бола алады. Өңірімізде де білім саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына барша жұрт куә. Жыл сайын жаңа, заманауи, сәулетті білім ордалары бой көтеруде. Биылғы мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай Қасым-Жомарт Кемелұлының ұрпақ санасына білім сәулесін құйып, мемлекет болашағы саналатын жастардың білікті маман болып қалыптасуына үлес қосып жүрген ұстаздардың еселі еңбегін елеп, жоғары бағалағаны мұғалімдерді одан әрі де табысты жұмыс істеуге ынталандырары анық, – дей келе Гүлмира Райынбекқызы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі Руслан Айтжанов, Айыртау ауданындағы Карасевка орта мектебінің мұғалімі Нұржәмила Әуелбекова бастаған бір топ педагогқа Президенттің Алғыс хатын табыс етті.
Шарада құрметке бөленген ұстаздар алғыс айтып, бұл марапатты ұзақ жылғы еңбектерінің жемісі ретінде қабылдап, алдағы уақытта да шәкірттеріне сапалы білім беру үшін аянбай жұмыс істейтіндерін жеткізді.