«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКТІҢ ӨТЕУІ — МАРАПАТ

 

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов машина жасау саласы қызметкерлерін кәсіптік мерекелерімен құттықтады. Бұл күн Петропавл ауыр машина жасау зауытының 55 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келгендіктен, салтанатты жиын аталмыш кәсіпорын аумағында өткізілді.

Машина жасау саласының даму қарқыны жоғары. Бүгінде облысымыздағы 47 зауытта бес мыңнан астам адам еңбек етеді. Петропавлда шығарылатын әскери техника мен жабдықтар елдің қорғаныс саласының қуатын арттыруда. Ауыл шаруашылығы техникаларын жасауда да жергілікті кәсіпорындардың жетістіктері олқы емес. Облыс әкімі машина жасау – ғылыми-техникалық және интеллектуалдық қабілетті қажет ететін ауқымды сала екеніне тоқталып, бұл кез келген мемлекеттің өнеркәсібінің негізгі тірегіне баланатынын атап көрсетті.

– Солтүстік Қазақстан облысы машина жасау өндірісінің мүмкіндігі зор. Жақында өңірімізге жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің жоғары бағасын берді. Өңір машина жасау өндірісінің қалыптасқан тарихы, игі дәстүрлері бар. Сала ардагерлері жас буынмен тәжірибелерімен бөлісіп, оларды бұл қиын мамандыққа дұрыс баулуының арқасында кәсіпорындар үздіксіз жұмыс істеп келеді. Облыстың дамуына қосып отырған үлестеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді Ерік Хамзаұлы.

Машина жасаушылар күніне орай қызметте жетістікке жеткен саланың бір топ майталманы маратталды. Өңірдің экономикалық дамуына, инновациялық әлеуетін нығайтуға қосқан үлесі үшін олар облыс әкімінің қолынан Құрмет грамотасы мен Алғыс хат алды. Өңір машина жасау кәсіпорындарының төрт қызметкерінің кеудесіне “Құрметті машинажасаушы” төсбелгісі тағылып, тағы төрт адамға Қорғаныс министрінің Құрмет грамотасы табысталды.

Ашылғанына 55 жыл толған облысымыздағы ең іргелі өндіріс орындарының бірі – Петропавл ауыр машина жасау зауытының директоры Қуандық Бишімов облыс әкіміне көрсетіп отырған жан-жақты қолдауы үшін алғыс білдірді. Мерейтой қарсаңында аталмыш зауыт жұмысшыларының арасында бірнеше байқау ұйымдастырылған екен. Зауыт басшысы салтанатты шара барысында жүлдегерлерге тиісті марапаттарын тапсырды. Виктор Звягинцев “Үздік токарь” атанса, Юрий Кунаев дәнекерлеушілер арасында бірінші орынды иеленді. Бұл күні спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен әртүрлі аталымдар бойынша да үздіктерге құрмет көрсетілді.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp