«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ҚОРҒАНЫ

Биыл кәсіподақ қозғалысының басталғанына – 120, ал республикалық кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл толады. Қоғамдық институттың басты міндеті – еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету миссиясын жүзеге асыру болып қала береді. Кәсіподақ федерациясының әрбір съезі еңбек қатынастарындағы тұрақтылықты нығайтуымен, әлеуметтік кепілдіктерді оңтайландыруымен, ұйым жұмысына жаңа серпін беруімен ерекшеленеді десек, ХХҮІ съезде қабылданған «Әділеттілік пен дамуға–бірлік жолы арқылы» атты стратегиялық бағдарламаны алдымен атауға болады.

2020-2025 жылдарға арналған құжатта кәсіподақтың беделін арттыруда, азаматтардың өтініштері негізінде заңды талаптарын қанағаттандыруда, еңбеккерлермен байланысты нығайтуда бұқаралық іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастыру, әлеуметтік қызметтің сапасын жақсарту, оның ішінде ең төменгі күнкөріс мөлшерін есептеудің әдістемесін өзгерту, тұтыну себетін анықтау, оның құрылымын қайта қарау, жәрдемақы төлеу мөлшерін ұлғайту сияқты өзекті мәселелер кеңінен қамтылды. Облыстық кәсіподақтар орталығы съезд шешімдерін орындау бағытында 65 мыңнан астам кәсіподақ мүшелерінің мақсат-мүдделерін ортақ арнаға жұмылдыруды әркез басты бағдар етеді. Жыл өткен сайын сапалық құрамымыз нығайып келеді. Былтыр қатарымыз 9 бастауыш ұйыммен, 419 мүшемен толықты. Әлеуметтік кепілдіктер өнімді еңбек ету жолында жұмысшы-қызметкерлерді жігерлендіретін бірден-бір басым бағыт ретінде қарастырылған. Ұжымдық келісім-шарт – еңбек заңнамаларының сақталуын қорғайтын, әлеуметтік мәселелердің шешілуін реттейтін негізгі құжат. Бұл ретте күнкөрісі төмен отбасыларға, жалақысы аз жандарға, көпбалалы аналарға бірінші кезекте қолдау көрсетіледі. Федерация тарапынан 2024 жыл Еңбек жылы деп жариялануына байланысты әлеуметтік серіктестермен, жұмыс берушілермен 2024-2026 жылдарға арналған келісім жасалды. Оған бірқатар ұсыныстар енгізілді. Мәселен, экономиканың нақты секторындағы жұмыскерлердің жалақысын міндетті индекстеу, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер мен еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың қызметін жетілдіру, техникалық инспекторлар мен өндірістік кеңес мүшелерін қысқа мерзімді курстарда оқыту, ұзақтығы кемінде күнтізбелік үш күн қосымша ақылы демалыс, ай сайынғы қосымша төлемдер мен көтермелеулер беру, еңбек қатынастарында олқылықтар анықталған жағдайда жеке тұлғалармен азаматтық-құқықтық шарттар жасауды тоқтату. Биыл 6286 ұжымдық шартқа қол қойылды, бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жалпы санының 93,6 пайызын құрайды.

Кәсіподақ ұйымдары 2024 жылғы көктемгі су тасқынының зардаптарын жоюдан тыс қалмады, зардап шеккендерге жан- жақты қолдау жасалды. Күнделікті іс-шаралар барысында бөгеттер салу және нығайтуға, су тасқынына қарсы жұмыстарға қатысушыларды тамақтандыруға, гуманитарлық көмек жинауға, адамдарды эвакопункттерге орналастыруға, залалды өтеу бойынша құқықтық кеңестер беруге жәрдемдесті. 793 кәсіподақ мүшесіне 53 млн. теңгеден астам біржолғы төлем берілді, 98 баспанамен қамтамасыз етілді. «Туған жер» бағдарламасы жалғасын тауып, қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің аллеясына 110 сібір шыршасы отырғызылды.

2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы. Облыстық білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы комитетіне қарасты 13 колледж студенттерінің тұрмыстық жағдайын жақсарту, сапалы оқуға деген ынтасын арттыру, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының артықшылықтарын түсіндіру, бизнестің, жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру, жұмысшы кәсібін игеріп, диплом алған жастардың жұмысқа орналасуын қадағалап отыру мәселелері бойынша қабылданған кешенді жұмыс жоспарында еңбек беделін нығайту, кәсіби шеберлік конкурстарын, жұмысшы жастар слетін ұйымдастыру жайттары ойластырылған.

Биыл Кәсіподақтар федерациясының кезекті XXVII съезін өткізу белгіленген. Онда ұйымның жұмыс қорытындылары шығарылып, одан әрі даму тұғырнамасы қабылданары сөзсіз. Мұның өзі жергілікті кәсіподақ бірлестіктерінің беделін нығайтуға, әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытуға, жұмысшы- қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған іс-шараларды іске асыруға жаңа серпін берері анық.

Жанат ЖҰМАБЕК,

облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp