Петропавлға жуырда «Еңбек даңқы қаласы» атағы берілуі мүмкін. Егер берілсе Қызылжар еліміздегі құрметті атағы бар төртінші шаһар болмақ.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, Петропавл қаласының Жеңісті жақындатуға қосқан үлесі орасан. Соғыс басталысымен қалаға 20 зауыт эвакуацияланған.
– Петропавлға көшірілген зауыттардың бесеуі осы жерде алғаш рет соғысқа арналған қару-жарақ шығара бастады. Көпшілікке танымал, аты аңызға айналған «Катюша» қаруының сыртқы қаптамасы да жергілікті кәсіпорындарда жасалды, бұдан басқа торпеда снарядтары да шығарылған, – дейді Сәуле Зейноллақызы.
«С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ Петропавлға 1941 жылы көшірілген. Жұмысшыларының басым көпшілігі жергілікті тұрғындар болған. Осы зауытта еңбек еткен 1200 адам «За трудовую доблесть» төсбелгісімен марапатталған.
Сәуле Мәлікованың айтуынша, соғыс жылдарында тылда жанқиярлықпен еңбек етіп, әскери және тұрмыстық заттармен қамтамасыз еткен қалаларға «Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағы беріледі. Елімізде биыл бұл атақты Астана, Алматы және Қарағанды қалалары алды.
– Мұндай шешімді ТМД-ның Гуманитарлық ынтымақтастық кеңесі қабылдайды. Ол үшін ресми түрде өтініш беріп, талап бойынша қажетті құжаттарды жіберу керек. Біз оның бір бөлігін жібердік. Бұл атақты алғаннан кейін қала көшелеріне жаңа мәртебе туралы ақпараттар жазылған арнайы стелалар орнатылады, – дейді Сәуле Мәлікова.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».