«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК ЕРІНЕ – ЕСКЕРТКІШ

Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласында “Туған жер” бағдарламасы аясында жаңа нысандар пайдалануға берілді.

Қаладағы шағын саябаққа аудан тарихында өзіндік орны бар қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкиннің есімі беріліп, ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Нұрлан Есімов жиналғандар алдында сөз сөйлеп, туған елді көркейту жолында талмай еңбек еткен жандарды есте сақтау парыз екенін атап айтты. Бұдан соң Еңбек Ерінің ұлы Нұрлан Шайкин әкесінің есімін ұмытпай, құрмет көрсетіп жатқан жергілікті билікке және шара қатысушыларына алғысын жеткізді. Тұрғындар ескерткішке гүл шоқтарын қойғаннан кейін Сергеевка қаласының құрметті азаматы жайлы естеліктерімен бөлісті.

Еңбек ардагері Хамит Наймановтың айтуынша, Есім Шәйкенұлы бұл ауданның дамуына зор үлес қосқан. Жамбыл ауданындағы Үлгі ауылының тумасы еңбекке ерте араласып, Ұлы Отан соғысы жылдары небәрі 18 жасында қолына қару алып, елін жаудан қорғауға аттанған. Жаспын деп жасымай, майдан даласының қиындықтарын қайыспай көтерген. Елге аман-есен оралған соң бірнеше қызметтің тұтқасын ұстап, тынымсыз еңбек еткен. Еселі еңбек еленіп, 1976 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алған.

Қала тұрғындары, әсіресе, Есім Шайкиннің 1975-1985 жылдар аралығында бұрынғы Сергеев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған жылдарын тебіреніспен еске алады. Осы уақыт аралығында оның бастамасымен тұрғындардың игілігіне үш мектеп және бірнеше балабақша берілген. Облысымыздың өркендеуіне зор үлес қосқан Есім Шәйкенұлы бірнеше орден-медальмен, грамоталармен марапатталған.

Сондай-ақ, аудан орталығында жергілікті бюджет қаржысына салынған жекпе-жек залы ашылды. Оның лентасын аудан әкімі мен гір көтеруден әлем чемпионы Михаил Вологодский қиды. Жаңа залда өтетін үйірмелерге жетпістен астам қыз бен жігіт жазылып үлгеріпті. Бұған дейін олар мектеп спорт залы мен жертөлелердегі алаңдарда жаттығып жүрген. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин спортшыларға ринг тарту етсе, аудандық мәслихат депутаттары залға қажетті құрал-жабдықтар әкелген. Жергілікті билік пен жомарт жандар аудан жастарына қолдау көрсетуді бұдан әрі де жалғастыруға ниетті.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp