«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Еңбек ету — бір бақыт

Мен Бұлақ ауылында туып-өстім. Дәрігер болуды бала кезден армандадым. Ақыры алдыма қойған мақсатыма ұмтылудың арқасында ол шыңға да қол жеткіздім. Қазақстан-Ресей медициналық университетінде жеті жыл оқып, туған өлкеме оралдым. “Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасы арқасында аудан орталығы Явленкадағы емханаға жұмысқа орналастым.

Жас маман болған соң баспанамен қамтамасыз етіліп, көтерме-ақыға қол жеткіздім. Мемлекет тарапынан осындай жан-жақты қолдау көрсетіліп, жұмыс істеуге барлық қолайлы жағдай жасалып тұрғанда еңбек етудің өзі бір бақыт емес пе?! Сондықтан шығар, жұмысқа асығып келіп, үйге қуанып қайтамын.

Осыдан екі жыл бұрын есігін айқара ашқан жаңа емханада учаскелік терапевт болып жұмысқа орналасқаныма бір жылдай болып қалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай заманауи стандарттар бойынша салынған емхана бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады. Тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін қазіргі заманға сай құралдармен жабдықталған ғимарат іші кең, жарық, жылы. Жыл мезгіліне қарай емханаға келетін адамдар саны әртүрлі болады. Қыс кезінде күніне 20-дан астам тұрғынға дейін қабылдап, оларға тиісті ем-дом жасалса, жазда адам саны біршама азаяды. Алдыма келген адамның әрқайсысымен жылы жүздесіп, айтқандарын ықылас қоя тыңдаймын. “Жақсы сөз – жарым ырыс” дегендей, дертіне дауа іздеп келген ересектердің көңіл-күйін сұрап, емен-жарқын сөйлессең бір марқайып қалады. Бұл бір жағынан үлкенге деген құрмет, екінші жағынан әр науқастың жанына жылу, бойына өмірлік күш-қуат берудің бір жолы.

Жас маман болсам да, оқыған-тоқығанымды іс жүзінде қолданып, медицина саласының қыр-сырын меңгеруге тырысып бағудамын. Ендігі мақсат – медицина саласында талмай еңбек етіп, жүктелген жұмыстарды асқан жауапкершілікпен атқара отыра, биік белестерді бағындыру.

Жастарға қолдау көрсету және ауылды гүлдендіру мақсатында “Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған уақыттан бері қаншама ұл-қыздарымыз тұрақты жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етілді. Ең бастысы, ауылды көркейтуге, мамандар қатарын толықтыруға мол мүмкіндік туды. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында көптеген елді мекендерде жаңа мектептер, дәрігерлік амбулаториялар, Мәдениет үйлері сияқты мекемелер салынып, бұған дейін қирап қалған ғимараттар қайта жөнделіп, іске қосылуда. Осындай қыруар жұмыстардың барлығы тәуелсіздіктің тартуы. Соңғы жылдары “Ауылым” деп туып-өскен жерлеріне ағылған жастар қатары көбейіп келеді. Ауылдағы ағайынның да болашаққа деген үміті еселене түскені сөзсіз. Осының барлығы халық игілігі үшін қолға алынған мемлекеттік бағдарламаның жемісі.

Сәния ЫСҚАҚОВА,

аудандық емхананың

дәрігері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp