Қарттарын құрметтеген қоғамның бет-бейнесі көңіл сүйсінтеді. Бірауыз жылы сөз айту, ілтипат таныту өміріміздің мәнін келтіріп, төріміздің сәні болып отырған қазыналарымыздың жылы жүзін нұрландыра түсері анық.
Қарттарға қамқорлық танытуда түрлі бағдарламалар мен акцияларға мұрындық болатын “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы жылдағы дәстүрмен еңбек ардагерлерінің басын қосып, ақ дастарқан жайды. Емен-жарқын әңгіме өрбіген дастарқан басында “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов еңбек ардагерлеріне елдің, өңірдің дамуына қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
– Елбасымыздың салиқалы саясатының нәтижесінде Қазақстанда ардагерлердiң жақсы өмiр сүруiне көп көңiл бөлiнуде. “Ата қайратты болса, бала ғибратты болады” деген сөз бекер айтылмаған. Халық арасында аузы дуалы, әңгімесі бәтуалы ақсақалдар барда ел ішінде алауыздықтың орын алмайтыны, жастары жөнсіз кетпейтіні белгілі. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларыңыздың өңірдің өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен, – деді Артур Кенжеәкімұлы.
Еңбегінің зейнетін көріп отырған аға буын өкілдері де көрсетіліп жатқан құрметке алғыстарын білдіріп, өткен өмір жолдарынан естелік айтып, жастарға қиыншылықтарға мойымауға кеңес берді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.