«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК ЖОЛЫ – ӨНЕГЕ

Қарапайым тігінші болған, депутат ретінде қоғам өміріне белсене араласқан Сәруар Байсаринаның өмір жолы, атқарған еңбегі – сол кездегі жастарға жігер сыйласа, өскелең ұрпаққа өнеге.

Еңбексүйгіштігімен, белсенділігімен көпшілік көзіне түскен Сәруар Мұхамедияқызының құрметіне Петропавл қаласындағы Парк көшесінің бойындағы 126-үйдің қабырғасына мемориалдық тақта қойылды. Өмірінің соңғы кезеңдерін ол осы үйде өткізген екен.

Ресейдің Новосібір облысында дүниеге келген Сәруар Мұхамедияқызы біздің өңірімізге 17 жасында келіпті. Облыс орталығындағы “Комсомолка” тігін фабрикасына тігінші болып жұмысқа орналасқан ол өмірінің соңына дейін осы жерде адал қызмет атқарды. Еңбекқорлығы мен табандылығы үшін оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин орденімен, “Орақ және балға” алтын медалімен марапатталды. Оның Қаз КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Коммунистік партиясының ХХV съезіне делегат болғанын жерлестері ұмытқан жоқ.

Жиында Сәруар Мұхамедияқызымен бірге еңбек еткен азаматтар оның еңбекқорлығының арқасында тігін тігуге оңай машықтанғаны жайлы әңгімелеп, естеліктерімен бөлісті.

Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сара Тасеменова Сәруар Мұхамедияқызының еңбегін жерлестері мәңгі ұмытпайтынын айтты. “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов жерлестері еске алып отырған еңбек адамының кезінде топ жарып, алдыңғы қатардан көрінуі, алқалы жиындарға қатысуы көптеген жастарға үміт сыйлап, жігерлендіргенін жеткізді.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында сөз алған басқа да зиялы қауым өкілдері оның өмір жолы мен қызметі жайлы баяндады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp