«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК МҰРАТҚА ЖЕТКІЗЕДІ

“Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған игі шаралардың бірі. Аз ғана уақыттың ішінде көптің көңілінен шығып, қазіргі қоғамға қажеттілігі жоғары шараның мақсаты – отбасы институтын нығайта түсу. Сонымен қатар байқау Отанға деген сүйіспеншілік пен адамгершілік қасиеттерді баршаның игілігіне айналдыруға жол ашады.

Ата-анаға деген құрмет-қошеметті, отбасы мүшелері арасындағы өзара сыйластықты, салт-дәстүрді берік сақтауға бағытталған сайысқа қатысушылар саны жыл санап көбейіп келеді.

Өнегелі ісімен көпке танылып, еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік және ғылым жолындағы жоғары жетістіктерін көрсетуге тырысқан үміткерлер арасынан біздің отбасы да өз орнын алғанына қуаныштымыз. Байқауда бақ сынап, оның бірінші кезеңінде жеңіске қол жеткіздік. Аудан намысын қолдан бермей, екінші кезеңде де жеңімпаздар қатарынан көрініп, “Отбасылық іс” аталымы бойынша топ жардық. Облыстық сайыста жарысқа түскен отыз төрт әулеттің арасынан жеңіс тұғырына көтерілуіміздің өзі біз үшін үлкен мерей. Отбасы қадірін арттыру жолында халық үшін маңызды болып табылатын байқауға айтар алғысымыз шексіз.

Отбасы өз алдына шағын мемлекет сияқты. Егер әр шаңырақтағы түсіністік пен сыйластықтың, мейірім мен татулықтың тамыры тереңдей түссе, тыныштық бесігінде тербелген тәуелсіз еліміз одан сайын дамып, көркейіп, құлпырады.

Бүгінгі таңда кемел кешешекке қарқынды қадам жасалып, ауқымды істер атқарылуда. Осының барлығы отбасындағы тәрбиеден, ел үшін еңбек етуге деген талпыныстан бастау алады. Осы жағынан алғанда бүгінгі жастарға заман талабына сай білім алумен қатар, ортақ мақсатқа қол жеткізу жолында жұмыла жұмыс істеу де маңызды екенін айта кеткім келеді. Ерінбей еңбек етсең ғана, бақыт келіп басын иеді, сондықтан барлығы маңдай термен келетінін есте ұстаған абзал.

Мен өзім еңбекпен есейдім. Зайыбым Баян екеуіміз осыдан отыз жыл бұрын қол ұстасып, шаңырақ көтердік. Балаларымызды ұлттық салт-дәстүрден сусындатып өсіруге барымызды салдық. Әкелік ақыл мен аналық мейірімнің шуағына бөлеп өсірген ұлдарымыз Қайрат пен Алмас бүгінде өздері қалаған мамандық иелері. Тұңғышымыз отбасын құрып, бізді немере қуанышына бөлеп отыр.

Қыр гүліндей құлпырған қыздарым Айнагүл мен Әйгерім анасының қос қанатындай. Қатарынан қалмай өсіпөніп, еңбекке араласып жүрген балаларымызға қарағанда жүрегімізді қуаныш сезімі тербейді. Түсіне білген адам үшін бұл белестердің өзі де бір ғанибет.

Көз қуаныштарымыздың, жалпы отбасымыздың бүгінгі таңдағы қол жеткізген жетістіктерінің барлығы берекенің арқасы. Біз Уәлиханов ауданына қарасты Аққұдық деген ауылда тұрамыз. Ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік үлес қосуды мақсат етіп, 2001 жылы “Сағындықов” шаруа қожалығын аштық. Ұмтылысымыздың, талабымыздың арқасында елмен бірге еңсеміз көтерілді. Еңбегіміз ескерусіз қалып жатқан жоқ. 2008 жылы “Ауыл шаруашылығы саласының үздік кәсіпкері” дипломымен марапатталсам, 2010 жылы “Ерен еңбегі үшін” медалі табыс етілді. Мұның барлығы ауызбіршіліктің, бір кісідей жұмыла атқарған жұмыстардың жемісі деп білемін. Бірақ бағындырған белестерге тоқмейілсуге болмайды. Атқарар істер әлі алда. Ең бастысы, бағыт айқын, мақсат анық.

Ұйымшыл САҒЫНДЫҚОВ.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp