«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауы – терең мазмұнды құжат. Бұл Жолдауда Елбасы Қазақстанның болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмай, оған табанды түрде қарсы тұрарлықтай қауқар танытуымыз қажеттігін атап көрсетті. Мемлекет басшысы еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңін абыроймен өтті дей келе жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етудің жаңа міндеттерін нақты белгіледі.

Біздің басқарманың атқарып отырған қызметіне байланысты Жолдаудағы үшінші кешенді міндет, яғни еңбек нарығын жаңғырту, жұмыс орындарын құру және халықты жұмыспен қамту бағыттары бойынша іс-шараларды ұйымдастыру міндеті жүктелген.

Халықты жұмыспен қамтудағы мемлекеттік саясат аймақтарды дамыту, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары бойынша жүзеге асырылуда. Бағдарламаларда еңбекке тарту, әлеуметтік жұмыс орындарын, қоғамдық жұмыстар мен жастар тәжірибесін ұйымдастыру, жаңа мамандық алуға, кәсіпкерлік бастамаға және қоныс аударуға жәрдем көрсету арқылы жұмыссыздықты азайту, өз бетінше жұмыспен қамтылғандарға және күнкөрісі төмен азаматтарға жәрдем көрсету шаралары жүргізіледі.

Жұмысымыздың нәтижесіне тоқталсақ, былтыр 23 мыңнан астам адамға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетілді, 11 600 жаңа жұмыс орны құрылды, 4 мыңнан астам азамат қоғамдық жұмысқа тартылды, 700-ден астам адам жаңа мамандыққа ие болды. Өткен жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жеті мың адам жұмысқа орналасты, оның ішіндегі бес мыңы тұрақты жұмыс орнын тапты. Сондай-ақ, төрт мың адам өз-өзін жұмыспен қамтыса, екі мыңнан астам жұмыссыз бағдарламаға қатысты.

Халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын іс-шаралармен барынша қамту мемлекет тарапынан азаматтардың әл-ауқатын арттыру бағытында жұмыстар атқарылып жатқанының айқын дәлелі.

2017 жылдан бастап Елбасының тапсырмасымен “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының жалғасы болып табылатын “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасын іске асыру басталды. Бұл бағдарлама да еңбек ресурстарының әлеуетін арттыру және азаматтарды жаппай кәсіпкерлікке тарту жолымен олардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуді мақсат тұтады. Ол үш бағыт бойынша жүзеге асырылады: біріншіден, бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқамерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, екіншіден, жаппай кәсіпкерлікті дамыту болса, үшіншіден, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. Биыл осы мақсатты жүзеге асыруға 4 млрд. теңге қаржы бөлінді.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында қыруар жұмыс атқарылды. Бүгінге дейін 3,8 млрд. теңгеге 1724 кредит берілді, яғни, бір мыңнан астам қатысушы діттеген ойын жүзеге асырса, 700 кәсіпкер кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алды. Үстіміздегі жылы жаңа бағдарлама ондағы көзделген мақсатты әрі қарай жалғастырады. Бұл ретте, несие тетігімен қаржыландыру қалаларда екінші деңгейдегі банктер және микрокредиттік ұйымдар, ал ауылдарда және шағын қалаларда “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры”, микрокредиттік ұйымдар мен кредиттік серіктестіктер арқылы жүзеге асырылады. Сонымен бірге, “Даму” қорында, “Аграрлық кредиттік корпорация” мен “КазАгроГарант” акционерлік қоғамдарында кредиттерге кепілдік беру және субсидиялау тетіктері қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы басқа өңірлерден қоныс аударушыларды қабылдауда. 2016 жылы өңірімізге 136 отбасы көшіп келді, олар облыстың 63 елді мекеніне орналастырылды. Квотаға енгізілген 126 отбасына 46 млн. теңге сомасында демеуқаржы төленді. Жаңа бағдарламада да қатысушыларға көшу үшін демеуқаржы беру, тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтің шығыстарын өтеу түрінде мемлекеттік қолдау қарастырылған. Бағдарламаның шарттарымен ведомствоаралық өзара іс-әрекет тетіктерін жетілдіру мақсатында “Еңбек биржасы” бірыңғай ақпараттық дерекқор орталығы құрылатын болады, “Жеке кабинетін” ұйымдастыру арқылы жұмыс берушілер, жұмыс іздеушілер, жеке жұмыспен қамту агенттіктері және халықты жұмыспен қамту орталықтары бірлескен іс-қимыл жасайтын болады.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде табысы төмен азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа форматын енгізу арқылы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін реформалау қарастырылған. Ол жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына тек белсенді түрде қатысқан жағдайда ғана көрсетілетін болады. Онда аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, көпбалалы отбасылар үшін арнайы мемлекеттік жәрдемақы сияқты үш түрі қайта өзгертілмек.

Бүгінгі күні жаңа форматтағы “Мемлекеттік әлеуметтік көмек туралы” Қазақстан Республикасының Заңы енгізілгенге дейін “Өрлеу” жобасы – аз қамтамасыз етілген азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған шартты ақшалай көмек енгізілді. 2016 жылы облыстың барлық аудандары мен Петропавл қаласы осы жобаға қатысты. Былтыр нақты 211 әлеуметтік шарт жасалды. Нәтижесінде 228 адам жұмысқа орналастырылды. 920 адамға 29,6 миллион теңге сомасында төлем берілді. Қатысушылардың жан басына шаққандағы орташа табысы 3,7 есеге артты. Қазіргі кезде 201 жобаға қатысушы тұрақты жұмыс орындарында жұмыс істеуде.

Биыл халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарының өмір сүру сапасын арттыру, кедейлік шегіндегі отбасының нақты табысын арттыру үшін өзара міндеттер қағидатында ақшалай көмек көрсетудің “Өрлеу” жобасын іске асыру жалғасуда. Жобаға 295 отбасы немесе 1179 адам қатысады деп жоспарланған. Жобаны іске асыруға 127,8 миллион теңге сомасында бюджет қаражаты, соның ішінде шартты ақшалай көмек төлеуге 47,5 миллион теңге қаржы қарастырылған.

Жолдаудағы міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру үшін біздің басқарма жұмысының бағыттары айқын. Қызметкерлеріміз әр адамның әл-ауқатын арттыру үшін мемлекет тарапынан берілетін көмектер туралы ақпараттандыру жұмыстарын белсенді жүргізуді мақсат тұтады.

Сергей ЯКОВЕНКО,

облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар

басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp