«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК – ТАБЫС КЕПІЛІ

Есіл ауданындағы Покровка ауылында орналасқан Ж.Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы колледжінде “Жас келсе – іске!” атты ауылдың еңбекші жастарының республикалық форумы өтті. “Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ұйымдастырған шараға өңір жастарымен қатар Ақмола және Қостанай облыстарының өкілдері қатысты.

Форум кейінгі толқынның көкейкесті мәселелерін анықтау, еңбек құқықтарын үйрету және олардың өмірлік ұстанымын қалыптастыру мақсатын көздеді. Бұл үшін оқу орнында тиімді диалог алаңы құрылып, жастардың бір-бірімен пікір алмасуына жағдай жасалды.
Жиынды ашқан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым “Жастар жылы” аясында еңбекші жастардың бастамалары қолдау тауып, әлеуметтік жағдайы жақсаратынын айтты.
– Жастар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда. Біз оларға өмір жолында кезігетін мәселелер жайында көп айтамыз. Бүгінгі шарада сол түйткілдерді бірлесіп шешудің нақты жолдарын қарастыратын боламыз. Жалпы, қазіргі таңда федерацияға 2 миллионға жуық адам мүше, соның 32 пайыздан астамы – жастар. Олардың барлығы да бәсекеге қабілетті, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады, – деді Бақытжан Жарылқасынұлы.
Форумның Қызылжар өңірінде өткізілуіне мұндағы кадр тапшылығы себеп болған. Еңбеккерлердің мүддесін қорғауды басты мақсат еткен форум қатысушылары елімізде жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек миграциясын реттеу мәселелеріндегі олқылықтарды сөз етті.
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Дәулет Есқақов та жастарды алаңдататын мәселелердің аз еместігін айтты.
– Ауыл жастарына кәсіп ашуға несие алу үшін мүлкін кепілге қоюы керек. Енді ғана жұмысқа орналасып жатқан ұл-қыздарда үй, көлік қайдан болсын?! Сол себепті, осы түйткілдің түйіні тарқатылса екен. Сонымен қатар “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша елді мекендерге жұмысқа орналасатын азаматтарға үй сатып алуға берілетін қаражаттың көлемі инфляцияның деңгейіне байланысты өсіріліп отырса, – деді жас маман.
Бүгінгі таңда ауылдың еңбекші жастарына үлгі боларлық жандар жетерлік. Солардың бірі – ауыл шаруашылығы саласының тәжірибелі өкілі, “Жолдасбай-Агро” фермерлік шаруашылығының бақташысы Рауан Бралин. Қырықты алқымдаған азамат ауылдың қара жолын қаланың асфальтына айырбастағысы келмейді. Өйткені, аталмыш шаруа қожалығында лайықты еңбекақы алып, отбасын қатарынан қалдырмай асырап отыр. Төгілген тердің өтеуі сол – өткен жылдың соңында ол ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” орденімен марапатталды. Ол форумға жиналған жастарға ауылда да лайықты өмір сүруге болатындығын дәттеді. Ең бастысы, өмірдегі барлық жақсылыққа еңбекпен ғана қол жеткізуге болады.
Форум барысында М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің доценті, философия ғылымдарының докторы Бибігүл Нұрашева мен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев “Ауыл жастарының құзыреттілігін қалыптастыру – кәсіби жетілудің негізі” және “Жастарға арналған кәсіпкерлік бағдарламалары” тақырыптарында баяндамалар оқыды.
Бұдан кейін Бақытжан Әбдірайым кәсіподақтар қозғалысының белсенді өкілдеріне, атап айтқанда, өңіріміздің және Ақмола, Қостанай облыстарының жастарына 300 мың теңгелік ақшалай сертификаттар табыстады. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.


Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,  “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp