Жақында фейсбук әлеуметтік желісін пайдаланатын өңір жастары әркім өз тағдырының қожасы екендігі жайында әңгіме өрбітті. Олардың маңызды ойларын іліп алып, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Ақмарал,
Петропавл қаласы:
– Семіз сөйлеп, арық шығудан аулақпын, әрине. Дегенмен, кейде болашағына жоспар құрып және көздегендеріне жеткен адамдар, ұлы тұлғалар жөнінде ойланасың. Оларды өз өміріңнің идеалы етіп алғың келеді. Мысалы, мен туған ауылда орта жастағы бір бақытты әйел адам тұрды. Шәкірттерді білім нәрімен сусындатуға жан-тәнімен кіріскен жан болатын. Нәпақасын тауып отырған жұмыстан қолы қалт босай қалса да, бір тыным таппайтын. Үй маңындағы жеріне түрлі дақылдар егіп, оны суарып, баптап, күздің алғашқы айларында көл-көсір өнім жинайтын. Тіпті, сол екі қарыс қара жері қысқы азығы десе де болады. Бүгінде сол келіншектің екі баласы да Оңтүстік Кореяның алдыңғы қатардағы оқу орындарында білім алуда. Өзі де елді мекендегі ауқатты отбасылардың қатарында. Ол еңбек ете білген адамның ғана өз тағдырының қожасы екендігін үнемі айтатын. Сіздер бұған қандай көзқарас танытасыздар?
Дарын,
Мағжан Жұмабаев ауданы:
– Әр адам өз тағдырының қожасы бола алады деуге болмас. Алайда, жер-жаһанды жаратқан Алла тағала адамзатқа таңдау, қалау еркіндігін берген. Яғни, сол екеуін дұрыс іске асыра білген адам тағдырын да, өмірін де нұрландыра алады.
Ақмарал, сенің айтқан мысалыңның астарында бүгінгі жастарға өнеге боларлық орамды ой жатыр. Ерінбей еңбек етіп, адалынан ас тапқан адам өз тағдырына ризашылық танытары сөзсіз. Бір өкініштісі, жастардың кейбірі мұның мағынасына терең бойлай бермейді.
Құралай,
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан:
– Тағдыр деген Алланың әу баста адам баласының маңдайына жазған жазмышы. Оны өзгерту де, оған иелік ету де біздің қолымыздан келмейді. Сондықтан да Абай атамыз айтқандай, ет-жүрексіз еріннің сөзін айтпайық.
Уәлихан,
Тайынша ауданы:
– “Еңбек етсең – емерсің” деген қазақ даналығы бекерден-бекер айтылмаса керек. Соған байланыстырылып айтылған әркімнің өз тағдырының қожасы бола алатындығы жайлы ойды да тура мағынасында түсіну келеңсіздік. Әрине, кез келген адам өз тағдырын өзі қалыптастыратын күшке ие емес. Дегенмен де, жастайынан тырбанып, әрекет етуді дағдыға айналдырған адам ешқашан өкінбейді. Талас-тартысқа түсірген біздің тақырыбымыз осы оймақтай оймен түйінделсін.
(Ғаламтордан алынды).