«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Еңбек тәрбиелейді

Соңғы жылдары елімізде сотталғандарды жазалаудан гөрі, тәрбиелеуге зор көңіл бөлінуде. 2015 жылы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Петропавл қалалық пробация қызметі бөлімі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, “Коммунхоз Петропавл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі “Қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жазаны орындауды ұйымдастыру туралы” меморандумға қол қойған болатын. Тараптардың көздегені – Қылмыстық, Қылмыстық-атқару кодекстеріне, пробация қызметі жұмысын ұйымдастыру ережесіне сәйкес аталған меморандумға қол қоя отырып, сот үкімімен тағайындалған қоғамдық жұмысқа тарту жазасын орындау.

Еліміздің Қылмыстық кодексінің 40-бабына сәйкес қоғамдық жұмысқа тарту жазасы қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылғандарға ғана қолданылады. Жазаның мерзімі сағатпен есептелініп, сотталушы сол уақыт бойы қоғамдық жұмысты орындауы тиіс. Қоғамдық жұмысты өтеу пробация қызметі бөлімінен анықтама-бағыттауды алған күннен басталады.

Өткен жылы пробация қызметі “Коммунхоз Петропавл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 120 сотталушыны жіберді. Олар қоғамнан оқшауланбайтын жұмыстарға тартылды. Яғни, Петропавл қаласының көшелерін санитарлық тазалау және абаттандыру ісімен айналысатын бригадалардың құрамында жұмыс істеді.

“Коммунхоз Петропавл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сотталушылармен еңбек келісімін жасап, қауіпсіздік техникасы жөніндегі нұсқаулықтармен таныстырады. Сондай-ақ, ай сайын атқарылған жұмыстың актісін толтырумен қатар өтелген уақыттың есеп табелі жүргізіледі. Бұл әр айдың соңғы күнінен кешіктірілмей пробация қызметі бөліміне жіберіледі. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 43-бабына сәйкес сотталушы негізгі жұмыс орны бойынша еңбек міндеттерін орындаудан босатыла отырып, күніне төрт сағатқа дейін, ал оның тұрақты жұмыс орны болмаса күніне сегіз сағатқа дейін қоғамдық жұмысты орындайды.

Жергілікті атқарушы билік сотталушының тәртібін және жазаны өтеуден жалтарып жүргенін пробация қызметіне хабарлап отырады. Олай болған жағдайда пробация қызметі сотқа бұған дейінгі жазаны (қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты үшін бір тәулікке қамауға алу есебімен) қамауға алуға ауыстыру жөнінде ұсыныс жасайды.

Алайда, “Коммунхоз Петропавл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қоғамдық жұмысқа тартылғандар тарапынан мұндай заң бұзушылықтар болған жоқ. Бұл еңбекпен тәрбиелеудің тиімділігін көрсетеді.

Асанәлі АБДУЛИН,

Петропавл қаласы прокуратурасының

бөлім прокуроры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp