
Қызметкерлердің денсаулығын сақтау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларға жан-жақты қолдау көрсету Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының басты міндеттерінің бірі саналады.
Кәсіподақтар федерациясы жұмысшылардың еңбек жағдайы қауіпсіз болуына және олардың денсаулығын сақтауға баса мән береді. Бұл мақсатта еңбекті қорғау туралы заңнаманы жетілдіру, озық тәжірибені насихаттау, әлеуметтік әріптестермен өзара байланыс орнату көзделуде. “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және Қазақстанның жұмыс берушілер конфедерациясымен бірлесіп 2018-2019 жылдарға арналған “Еңбекті қорғау мәдениетін бірге арттырамыз” атты республикалық акция қолға алынды.
Қазіргі уақытта облысымыздағы 766 өндірістік кеңес құрамында 920 техникалық инспектор еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау мәселелері бойынша қоғамдық бақылауды жүзеге асыруда. Жыл басынан бастап қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша 30 өндірістік кеңес құрылды. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар өндірістік жарақаттардың алдын алу бағытында біраз жұмыстар жүргізуде. Үстіміздегі жылы 1960 тексеріс жүргізілді. Оның барысында қауіпсіздік техникасы талаптары 4485 рет бұзылғаны анықталды. Соның 4469-ы жойылды. Қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша 151 семинар өткізіліп, жұмыс орындарын аттестациялауға олар 86 рет қатысты. Бұл дегеніміз – қаншама қызметкердің өмірі мен денсаулығы қорғалды деген сөз.
Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы әлеуметтік серіктестермен бірлесіп, 2018-2020 жылдарға арналған “Қауіпсіз еңбек” бағдарламасын және 2019 жылы “Солтүстік Қазақстан облысында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылын” өткізу бойынша “Жол картасын” жүзеге асыруда.
Облыстық әкімдіктің мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының қатысуымен “Еңбекті қорғау және еңбек саласының болашағы” тақырыбында және “Нөлдік жарақаттану” тұжырымдамасын таныстыру, “Халықтық бақылау” жобасын енгізу бойынша С.М.Киров атындағы зауытта, Петропавл жол бөлімшесінің локомотив депосында “дөңгелек үстел” отырыстары өткізілді.
Облыстық кәсіподақтар орталығында 8-7152-46-48-49 телефоны бойынша “Шұғыл желі” жұмыс істейді. Бұл нөмір арқылы хабарласқан адамдарға қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша кеңес беріледі. Осы уақыт ішінде 61 кәсіподақ мүшесіне әдістемелік және құқықтық көмек көрсетілді.
Жангелді ТҰРАЛИНОВ,
облыстық кәсіподақтар
орталығының бас маманы.