Өңірімізде жұмыс сапарымен жүрген Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Ерік Сұлтанов пен Абай Тасболатов Тайынша ауданына барып, «Есіл» құс фабрикасының және «Тайынша май» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбек ұжымдарымен кездесті.
Бүгінгі таңда қос шаруашылық жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Өткен жылы 100 млн. дана жұмыртқа өндірген «Есіл» құс фабрикасы енді бордақылау қосынын ашып, 1500 килограмға дейін сапалы тауық етін өндіруді көздеп отыр.
«Тайынша Май» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де жұмыс аясын кеңейтуде. Қазіргі таңда серіктестікте күнжараны қайта өңдеу цехына қажетті қондырғыларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Аталған цех іске қосылған кезде жылына қосымша 9 мың тоннаға дейін май өндіріледі.
Қос серіктестіктің жұмысшыларымен кездескен депутаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы басым бағыттарды атап, сондай-ақ, атқарылған жұмыстар мен қабылданған заңдар жөнінде айтып, аграрлық өнеркәсіп кешені кәсіпорындарын субсидиялау мәселесінен хабардар етті.
Осы күні Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман облыстық кәсіподақ орталығының үйлестіру кеңесі мүшелерінің отырысына қатысты.
Бүгінгі таңда өңірімізде 64 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтың басын біріктірген 1207 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істеп тұр. Облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Ерік Нұрақаевтың айтуына қарағанда, өңірімізде кәсіподақ қозғалысының өрісі кеңейіп, өткен жылдың өзінде 226 бастауыш ұйымы құрылыпты. Отырыс барысында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері үстіміздегі жылы қолданысқа енгізілген «Педагог мәртебесі туралы» Заң бойынша түсініктеме жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындап отырғанын айтты.