«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Еңбек өтіліміз – төрт ғасыр

Әулетіміз жайлы сөз бола қалса, әкеміз Виктор Акимовичті қимас се­зіммен еске аламыз. Тумысынан өте еңбекқор еді. 2016 жылы 90-нан асқан шағында дүниеден өтті. Қа­шан көзі жұмылғанша мектептен қол үзген жоқ. Ол өзі жұмыс істеген ауылда мектеп музейінің негізін қалағанын жұртшылық жақсы біледі. Туған жері – Ақмола өңірі. Соғыстан кейін педучилищеге түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шығады. 1947 жылы жұмысқа орналасып, Ново-Палестиновка және Гайдар елді мекендерінде мектеп директоры қызметін атқарады. Гайдар ауылында пионерлер поштасын құрады. 3-4-сынып оқушылары хат-хабар таратушылардың қызметін атқарып, газет-журналды үйді-үйге таратады. Балалар өздеріне сеніп тапсырылған қоғамдық істі барынша жауапкершілікпен атқарады.

1969 жылы біз отбасымызбен қазіргі тұрып жатқан Соколовка елді мекеніне көшіп келдік. Әкем 1972 жылы мектепте “Гайдариана” музейін ашты. Оқушылар Аркадий Гайдардың Арзамастағы, Львовтегі жерлестерімен хат-хабар алмасып, ол жүріп өткен жерлерді аралады. Әкеміз Мәскеуде және Артекте өткен бүкілодақтық пионерлер слетіне де қатысқан. 1983 жылы комсомолдардың съезінде Аркадий Гайдар медалімен марапатталды. “Қызылжар ауданының құрметті азаматы” атағы берілді. 2016 жылға дейін өзі құрған музейге жетекшілік етті. Оның осы ұлағатты ісін мен жалғастырып келемін. Әрі музыка пәнінен сабақ беремін.
Соколовка орта мектебі жанындағы В.Огневой атындағы өлкетану мұражайы 26 бөлімнен тұрады, бес мыңдай жәдігер жинақталған. Тәуелсіздік, өлкетану, жауынгерлік даңқ залдары жұмыс істейді. 1977 жылы Соколовка маңында археологтар қазба жұмыстарын жүргізіп, 2500 жыл бұрынғы жәдігерлерді тапты. Солардың ішінде будда бейнеленген ерекше бойтұмардың орны бөлек. Еңбек адамдарына арналған бұрышымыз да бар. Соколов жөндеу-механика зауыты өңірдегі байырғы кәсіпорындардың бірі саналады. Келесі жылы тоқсан жыл толады. Бүгінде “Дизель” ЖШС-і деп аталады. Осы зауытқа қатысты қызықты бір мәліметті айтайын. 1935 жылы АҚШ-қа оқуға жұмысшылардың бір тобы – дәнекерлеушілер жіберіледі. Солардың бірі – Ф.Е.Чайко деген азамат музейге АҚШ-та түскен фотосын сыйлады. Оның ұрпағы әлі күнге дейін Соколовкада тұрады. Мектебіміз – тарихы бай білім ордаларының бірі. 1878 жылы бой көтерген.
Өзімнің ұстаздар әулеті екенімді ерекше мақтан тұтамын. Есептеп көрсем, ортақ еңбек өтіліміз IV ғасырға жуықтапты. Маған мұғалім мамандығын таңдауға не себеп болды деген сұрақ қойылса, көз алдыма асқар тау әкемнің бейнесі келеді. Ағам мен сіңлімнің мұғалім болуына да әкем тікелей ықпал етті. Оған ешқайсымыз өкінбейміз. Петропавл педагогикалық институтында музыка-педагогикалық факультеті ашылатындығын естіп, маған соған барасың деді. Шамасы, менің музыкаға аздап қабілетім бар екенін, кішкентай кезімнен өнерге деген құштарлығымды ескерсе керек. Институтты бітіргеннен кейін балабақшаға музыкалық жетекші болып орналастым. Соколов орта мектебінде еңбек етіп жатқаныма ширек ғасырдан асты.
Бала кезімнен әкемнің жұмысын көріп өскендіктен, өз өмірімді әкемсіз, мектепсіз елестете алмаймын. Алғашқы ұстазым Мария Васильевна Погоржальская болатын. Атбасар ауданы Гайдар ауылындағы бастауыш мектепте сабақ берді. Жас, әдемі және өте мейірімді еді. Бірде ойнап жүріп сыныптастарымның бірі тізесін жаралап алды. Біз, балалар, оны әке-шешесіне емес, мұғаліміміздің үйіне әкелдік. Оның жарақатын таңып, тәттіге тойғызғаны есімнен кетпейді.
Біздің мұғалімдер династиясы сәтті жалғасын тауып келеді. Сіңлім Татьянаның қызы Александра облыс орталығындағы “Жас дарын” өнер мектебінде музыкадан сабақ береді. Оқуды қызыл дип­ломмен бітірген. Әулетіміз бойынша 17 адам әке соқпағын жалғастырдық. Әр отбасыда, тіпті, 2, 3 педа­гогтан кездеседі. Әкем мектепте жұмыс істейтін мұғалім әмбебап болуы керек деп үнемі айтып отыратын. Оның қолынан келмей­тін іс болмайтын. 90 жасқа дейін үзіліссіз қызмет атқарып, әріптестері “супер адам” деп атап кеткен.
Наталья ОГНЕВАЯ,
музыка пәнінің мұғалімі.
Қызылжар ауданы.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp