Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Есіл ауданына жасаған жұмыс сапары барысында өңірдегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Әкімнің сапары Еңбек ауылындағы игі бастамаларды қолдаудан басталып, бірнеше елді мекендегі маңызды нысандарды аралаумен жалғасты.
Өңір басшысы алдымен «Ішімдіксіз ауыл» эстафетасына қосылған 18-ші елді мекен – Еңбек ауылына барды. Бұл бастама «Саламатты ауыл» акциясы аясында жүзеге асырылып жатыр. Ауыл тұрғындары өз еріктерімен ішімдіктен бас тартып, дені сау орта қалыптастыруға бірауыздан келісім берген. Облыс әкімі бұл қадамды жоғары бағалап, басқа ауылдарға үлгі ретінде көрсету керектігін атап өтті.
Еңбек ауылының дамуына үлес қосқан тағы бір игі бастама – жаңа мектеп құрылысы. «Бай Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайырбек Қожасов 350 миллион теңге бөліп, ауылда 50 орындық жаңа бастауыш мектеп салуды қолға алды. Мектепте спорт залы, шағын орталық, асхана және медициналық кабинет қарастырылған. Құрылысты мамыр айында бастап, жаңа оқу жылына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«Бұл – ауылды сақтап қалу жолындағы нақты қадам. Балаларды басқа ауылдарға тасымай, осында қалдыру – басты мақсат. Барлық жағдай жасалуы керек, ең бастысы – қауіпсіздік. Әжетханасы да, спортзалы да ішінде болады. Осы жұмыстардың бәрін қолға алып отырған басшыға алғыс айтуымыз керек. Ол – бүкіл ауыл шаруашылығы құрылымдарына үлгі боларлық азамат», – деді әкім.
Жұмыс сапары барысында Ғауез Нұрмұхамбетов Явленка ауылындағы жаңа тұрғын үйлердің кілтін табыстады. Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында бірнеше отбасы баспаналы болды. Облыс басшысы Петропавл – Жезқазған автожолының жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумағын аралады. Ұзындығы 200 шақырымнан асатын жолды жөндеуге шамамен 25 миллиард теңге бөлінген. Әкім құрылыс жұмыстарының сапасы мен уақытылы аяқталуына ерекше назар аударды.
Сондай-ақ Мальцево ауылы маңындағы көпір құрылысының барысымен танысты. Бұл нысан қазан айында пайдалануға берілуі тиіс.
Покровка ауылында өңір басшысы «Стрелец» жеке кәсіпкерлігінің қызметімен танысты. Мұнда 12 жылдан бері құнарлы органикалық тыңайтқыш өндіріліп, жауынқұрт өсірумен айналысады. Өнім Қазақстан бойынша сұранысқа ие. Жоба бірегейлігімен және қуаттылығымен ерекшеленеді. Жұмыс сапары аясында облыс әкімі «Есіл орман шаруашылығына» да барды. Мұнда жыл сайын орман қоры толықтырылып отырады. Биыл облыс бойынша 24,5 миллион көшет отырғызу жоспарланған.
Әкім «Родник» балалар лагерінде жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жаңғырту барысымен танысты. Ауыл шаруашылығы құрылымдары жыл сайын балаларға 200-ден астам жолдама алып беріп отыр.
«Ильинское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқаптарында мал азығын дайындау жұмыстары жүргізіліп келеді. Шаруашылық заманауи техниканы көбейтіп, жұмыстың сапасын арттырған. Сапар соңында әкім аудан халқымен кездесіп, олар көтерген мәселелерді тыңдады. Әсіресе жол инфрақұрылымы мен жұмысшы мамандықтардың маңызы кеңінен сөз болды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».