Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабында “Адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі” деген ереже бар. Және Ата Заңымыздың 17-бабында мынадай ереже белгіленген: “Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге, не жазалауға болмайды”.
Жоғарыда айтылған қағидалар өмірде, іс жүзінде мүлтіксіз орындалуы шарт. Өмір өтіп, шынына келсек, қабылданған заңдар іс жүзінде орындалып жатады, кейбіреулері орындалмайды. Және азаматтардың біразы өзінің құқығын біле бермейді. Заңдар да өзгеріске ұшырайды.
Кейбіреулер: мен заңды білмедім, сондықтан заңға қарсы іс-әрекет жасадым, деп жауап береді. Бұл дұрыс тұжырым емес, өйткені біздің заңдарда ондай ереже белгіленбеген. Заңды білдің бе, одан хабарың жоқ па, заңдарда қаралған баптардың біреуін бұзсаң, жауапқа тартыласың.
Сондықтан әр азамат өз құқығын білуі және оны дұрыс пайдалануға тырысуы керек. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі қолданысқа енгізілді.
Кодекстің 110-бабына сәйкес қылмыстық процесті жүргізуші орган іс жүргізу әрекеттерін атқарған кезде жауап алу, беттестіру, қарау, тану және тағы басқа тергеу амалдарын жүзеге асырған кезде процеске қатысушыға оның құқықтарын түсіндіруге міндетті.
Сезіктіге тек қана Кодекстің 128-бабында көрсетілген ұстауға негіздер болғанда ғана осындай шара қолданылуы тиіс. Сезіктінің ұсталу кезі нақты ұсталғаннан басталып, 72 сағаттан аспауы керек. Осындай ереже Конституциямыздың 16-бабында да белгіленген.
Ұсталған адамға Кодекстің 131-бабына сәйкес оның қандай қылмыс жасағаны үшін сезікті екені хабарланады және оның ұсталған кезден бастап қорғаушыны шақыру, өзіне қарсы күдікке байланысты жауап беру немесе түсініктеме мен айғақ беруден бас тарту құқығы түсіндіріледі. Және осы әрекеттер ұстау хаттамасында көрсетіледі.
Қылмыс жасағаны үшін сезікті болуына байланысты адам нақты ұсталғаннан кейін одан осы факті бойынша “түсініктеме”, “айыбын мойындап келуі”, “куә ретінде жауап алуға” жол берілмейді.
Қинау, күш қолдану, қорқыту, алдау, сонымен бірге өзге де заңсыз іс-әрекеттер арқылы алынған дәлелдемелер заңдық күші жоқ деп танылады және айыптаудың негізіне жатқызыла алмайды.
Адамды ұстау мерзімі оның нақты ұсталған уақытынан басталады. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 135-бабына сәйкес сотқа дейінгі іс жүргізу органдары сезіктінің отбасының кәмелетке толған мүшелерінің біреуіне, ал олар болмаған жағдайда басқа туыстарына немесе жақын адамдарына оның ұсталғандығы және қай жерде екендігі туралы ақпаратпен қамтамасыз етуі тиіс. Немесе сезіктінің өзіне осындай хабарлау мүмкіндігі берілуі тиіс.
Кәмелетке толмаған сезіктінің, айыпталушының ұсталғаны, қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы оның ата-аналары немесе оның басқа да заңды өкілдері, ал олар болмаған жағдайда жақын туыстары, қорғаншы және қамқоршы органдар дереу хабардар етіледі.
Сезікті ұсталған немесе оған айып тағылғанға дейін бұлтартпау шаралары қолданылған кезден бастап, жиырма төрт сағаттан кешіктірмей, одан қорғаушының қатысуымен жауап алынуы тиіс. Сезікті қорғаушыны өзі таңдай алады, ал өзі таңдамаса, адвокатты іс жүргізу органдары тағайындайды.
Адвокаттың еңбегіне ақы төлу қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүргізіледі. Қылмыстық процесті жүргізуші орган оған негіз болған кезде сезіктіні, айыпталушыны заңгерлік көмекке ақы төлеуден босатуға құқылы. Бұл жағдайда еңбекке ақы төлеу мемлекеттің есебінен жүргізіледі.
Бұл ереже Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 68-бабының 5-бөлігінде көрсетілген. Естеріңізге сала кетейін, дәл осындай ереже біздің Негізгі Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабында да белгіленген: “Әркімнің білікті заң көмегін алу құқығы бар. Заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі”.
Сезіктіге қорғаушымен алғашқы жауап алуға дейін оңаша және құпия жолығу құқығы қамтамасыз етілуі тиіс. Осындай ереже Қылмыстық іс жүргізу кодексінде белгіленген. Қорғаушы ретінде біз сезіктіге, айыптыға айтатын ақылымыз: олар өздеріне берілген осы құқықты пайдаланғаны жөн. Себебі, тергеушіге жауап берудің алдында ол адвокаттың кеңесін алып, іс бойынша өзін қалай қорғаудың жоспарын жасауы керек.
Қылмыс жасады деген сезіктінің ұстау мерзімі оның нақты ұсталғаннан кейін 72 сағаттан аспауы керек. Ұсталу кезінен бастап осы көрсетілген мерзімде сезіктіге қатысты белгіленген тәртіппен қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы таңдалуға тиіс немесе ол босатылуға жатады.
Егер де жоғарыда көрсетілген шаралар заң жүзінде бұзылса, кінәлі адамдардың аталған заңсыз әрекеттерді жасауға тікелей ниеті болған жағдайда олар қылмыстық жауапқа тартылуға тиіс. Адамды заңсыз ұстау фактісі анықталған жағдайда іс бойынша қылмыстық процесті жүргізуші орган, оны ақтау және заңсыз әрекеттер жасау арқылы келтірілген зиянды өтеу жөнінде шаралар қолданады.
Биыл 20 жылдығын атап өтетін еліміздің Негізгі Заңымыз – Конституцияның 1-бабында келесі ереже бар: “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”.
Аталған мерзімде, 20 жылда біздің мемлекет адам құқығын қорғау туралы көптеген халықаралық ұйымдарға мүше болды, сот ісін жүргізу туралы өмірге сай жаңа заңдар қабылдануда, азаматтар өздерінің құқығын қорғау үшін соттарға жиі жүгінуде.
Біз демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде адамның ар-намысы мен бас бостандығын сыйлауды және оның бұзылмауын қамтамасыз етуіміз керек.
Сайран МОЛДАХМЕТОВ,
облыстық адвокаттар алқасының адвокаты.
