Бірін-бірі сүйіп қосылған жастарға үйлену тойы үстінде үлкендер жағы ақ тілектерін ақтара келіп: «Үй болған соң шыныаяқ сылдырламай тұрмайды. Сондықтан бір-біріңе кешірімді болыңдар!..» деп жатады. Байыбына барсақ, өмір шындығынан алынған даналық сөз бұл. Түйткілі таусылмайтын тұрмыстағы сәл-пәл нәрсеге бола ерлі-зайыптылар бір-біріне қабақ шытысып, өзара ұрсысып-керісіп жатса, ондай отбасында береке бола ма?! Жас жұбайларға сабыр мен төзім жетіспесе, талай шаңырақтың ортасына түсетінін көріп жүрміз. Ал кез келген мемлекет те бір үлкен шаңырақ іспетті емес пе? Оның үстіне Алланың жазуымен көптеген этностар өкілдері ортақ мекен еткен қара шаңырағымыз – Қазақстанның жағдайында халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтып, бүгінгідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнату – айтуға ғана оңай ұлы іс. Бұл орайда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының және оның өңірлік құрылымдарының атқарып келе жатқан алуан қырлы қызметінің мән-маңызы зор.
Әділдік пен теңдік бар қоғамда ғана тұрақтылық пен орнықты даму болатындығы – әлмисақтан белгілі ақиқат. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!». Осындай мағынасы терең өсиет қалдырып, ұлтымызды әлемдік ауқымдағы кеңпейілділікке үндеген Абай сынды ұлы ойшылын ардақ тұтқан қазақ халқы қилы заманда қанға сіңген мәрт мінезінен танбай, қуғын-сүргінге ұшыраған талай этнос өкілдерін құшақ жая қарсы алып, қолындағы бір үзім нанын бөліп жесіп, бір шаңырақтың астында тату-тәтті күн кешкен. Ата-бабамыз аңсаған азаттық таңы атқанда да тәубесінен жаңылмай, ел мен жер иесі енді бізбіз деп, «өзінде бармен көзге ұрмай», тар заманда тағдырын сеніп тапсырған Елбасының ешкімді бөліп-жармай, бір атаның баласындай ұйымшылдық пен бірлік танытуға шақырған аталы сөзін қабыл алып, ақыл мен парасат биігінен көріне білді. Мемлекет басшысының елімізді мекендеген ұлт пен ұлыстардың баршасының өз ана тілі мен мәдениетін өркендетуіне мүмкіндік туғызып, оларға тең құқық беру жөніндегі «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» түбегейлі шешіміне шынайы түсіністікпен қолдау көрсетті. Міне, сондықтан да бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық ассамблеялардың қамқорлығы аясында жер-жердегі барлық этностар өкілдері өздерінің этномәдени бірлестіктерін құрып, ана тілдерін үйреніп, ұлттық салт-дәстүрлерін қайтадан жаңғыртып, рухани өсіп-өрлеу үстінде. Барлық этностар арасындағы өзара сыйластық құдіретті күшке айналып, Қазақстанымыздың әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарынан ойып орын алуына себін тигізді. Енді ең мықты отыз мемлекеттің бірі атанып, “Мәңгілік Ел” болу мұратын көздеп отырмыз.
Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады… Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз», – деп атап көрсетті.
Тәубе: қазақтар саны қазір барлық тұрғындарының небәрі 34 пайызын құрап отырған біздің Солтүстік Қазақстан облысында да көңілге үлкен үміт ұялататын бетбұрыс жүріп жатыр. Оған облыстық білім басқармасынан алынған мынадай деректер айғақ: 1990-1991 оқу жылында облыстағы қазақ балаларының 25-ақ пайызы өз ана тілінде білім алған болса, қазір бұл көрсеткіш 65 пайыздан асты. 94 қазақ ауылында кеңес өкіметі тұсында жабылып, орыс тілінде оқытуға көшірілген бұрынғы қазақ мектептері қалпына келтірілді. Петропавл қаласында бұрын қазақ тілінде білім беретін жалғыз-ақ облыстық мектеп-интернат болса, қазір облыс орталығында мемлекеттік тілде оқытатын 6 орта білім мекемесі бар. Бұған қоса, тағы 15 орыс мектебінің қазақ сыныптары ашылып, олар аралас мектептерге айналдырылды. Облыс бойынша үстіміздегі оқу жылында басқа этностардың 293 баласы қазақ мектептерінде оқып жүр. Ал осындай, бүгінде мақтанышпен айтуға болатын жетістіктерге қол жеткізу іс жүзінде оңайға түспегенін қазір біреу білсе, біреу біле бермейді.
Сонау 1990 жылы Петропавлда «Қазақ тілі» қоғамының жергілікті белсенділері қаладағы орыс мектептерінің жанынан алғаш рет қазақ сыныптарын аштырамыз деп бастама көтеріп, сол жылы мектеп табалдырығын аттайтын балалары бар 80 қазақ отбасын тізімге алып, үй жағалап үгіт жүргізгенді. Сонда жиырма шақты ата-ана: «Қазақ тілі кімге керек? Орыс тілін білмейтін адам ертең нан таба алмай, далада қалады. Біз баламызды орыс тілінде оқытамыз», – деп бір-ақ қайырып, есіктерін тарс жапқан. Рәшит Бәдірленов, Мүтәллап Қанғожин, Мәлік Мұқанов, Зейнолла Әкімжанов, Өмір Есқали, Жақсыбай Самрат сынды есімдері республикаға белгілі журналистердің және басқа ұлтжанды азаматтардың жанайқайы саналарына сәуле түсірген алпыс шақты ата-ана сол жылы мектепке баратын қарадомалақтарын қазақ сыныбына беруге уәде еткен. Алайда, көпшілігі сөздерінде тұрмай, ақыры күзде 20 мыңдай қазағы бар шаһардан ана тілінде білім алуға шын ықылас білдірген небәрі 15-ақ отбасы табылған. Сөйтіп, қаладағы №3 орыс мектебінің жанынан 15 қазақ баласының басын әрең қосқан алғашқы қазақ сыныбы ашылған еді.
Кейінірек Қызылжар қазақтарының өтінішімен көрнекті жазушы, жерлесіміз Сафуан Шаймерденовтің Үкімет алдында мәселе көтеруінің арқасында Петропавлдың дәл орталығында 360 орындық қазақ классикалық гимназиясының қабырғасы қаланған болатын. 1996 жылы ашылған бұл білім ордасындағы оқушылар саны он шақты жылдың ішінде 1 мыңнан асып, оқу үдерісін екі ауысымға көшіруге тура келді. «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының ұйытқы болуымен аталмыш гимназияға жуырда Үкімет қаулысымен Сафуан Шаймерденов есімі берілді.
Осынау оң өзгерістердің басықасында 1989 жылы құрылған «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының белсенділері де болып, ортақ іске өз үлестерін қосып келеді. Филиалымыздың алғашқы төрағасы болып белгілі ақын, тележурналист Мүтәллап Қанғожин сайланған. 1991 жылы ол өзінің денсаулық жағдайына байланысты бұл қоғамдық ұйымның басшылық тізгінін Қызылжар өңіріне танымал басшылардың бірі болған Қосыл Омаровқа тапсырған. Қосыл Әбдірахманұлы филиалды 14 жылдай басқарып, өтпелі кезеңнің қиын жылдарына қарамастан, облыста ана тіліміздің өрісін барынша кеңейтуге аянбай атсалысты. 2005-2007 жылдары филиал төрағалығы міндетін белгілі қоғам қайраткері, жазушы, журналист, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменов атқарды.
1993 жылы облыстық әкімдіктің жанынан мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыратын мемлекеттік орган – облыстық тіл басқармасы құрылып, жұмыс істей бастағандықтан, «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымының қызметіне өзгеріс енгізіліп, қосарластыққа жол бермеу қарастырылды. Соған орай қоғамдық ұйым ретінде филиалды қаржыландыру тоқтатылды. Дегенмен, «Қазақ тілі» қоғамының белсенділері Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының құрамында өздерінің қоғамдық негіздегі қызметін жалғастырып, Қызылжар өңірінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, ономастика мәселелерін ойдағыдай шешуге оң ықпалын тигізіп, әрдайым қоғамдағы саяси тұрақтылық пен этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға барынша күш салып келеді.
Петропавлдың қазақтары кейінгі кезде тағы бір жаңа орта мектеп салу мәселесін көтеріп жүр. Ал Ғабит Мүсірепов атындағы және Тайынша аудандарының орталықтарында 1991 жылы жабылған компартияның аудандық комитеттерінің тар ғимараттарында ашылған әрқайсысы 110 орындық қазақ мектептерінде қазіргі таңда 400-ден астам оқушы үш ауысыммен оқуға мәжбүр болып жүр. Қызылжар ауданындағы «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша жаңадан салынған Бәйтерек ауылының 320 баласы аталмыш елді мекенде мектеп болмағандықтан, аудан орталығы – Бескөл ауылына арнайы бөлінген автобустармен күнде қатынап оқып, қиындық көріп келеді. Шал ақын ауданындағы Қаратал және Айыртау ауданындағы Бірлестік ауылдарының оқушылары да өте тар мектептерде екі ауысыммен білім алуда. Біздің елімізге де салқынын тигізіп тұрған әлемдік экономикадағы бүгінгі таңдағы күрделі жағдай түзеліп, қазынамыз молая түскен кезде бұл көкейкесті мәселелер де оңынан шешіледі деп сенеміз.
Иә, біз ұлы Абай айтқандай, ақырын жүріп, анық басып келеміз, еңбегіміз далаға кетіп жатқан жоқ. Елбасымыздың «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген ұстанымының көрегендігіне қазіргі алмағайып заман шындығы көзімізді анық жеткізіп отыр. Ең бастысы ел бірлігі екенін, ал бірлік бар жерде береке де болатынын, бәрі де біртіндеп өз орнына келетінін тәуелсіз еліміздің жиырма үш жылдық тарихы айқын көрсетіп берді. Біздің жолымыз – шынында да, Нұрлы Жол, Мәңгілік Ел жолы.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы.