Ғалымдар ұзақ жылдар бойы адам тұлғасы қай кезеңде қалыптасады деген сұраққа жауап іздеумен келеді. З.Фрейд адам болмысы 13-14 жасында қалыптасып болады десе де бүгінгі зерттеулер басқаны көрсетіп отыр. Шетелдік мамандар адам 20 мен 30 жас аралығында өзінің өмір жолын анық айқындап, маңызды қадамдар жасайтынын айтады. Бұл аралық адам өміріндегі ең маңызды онжылдық саналады. Оның қалай өтетіні біздің ертеңімізді айқындайды.
Мамандық таңдау, отбасын құру, мансаптық өсу, білім алу сияқты маңызды оқиғалардың бәрі осы аралықта жүзеге асады. Алайда бүгінгі жастардың бұған бас қатыра бермейтіні өкінішті. Қоғам да 20 мен 30 жас аралығындағыларды «ересек балалар» сияқты қабылдайды. Отыздан асқаннан кейін адамның жауапкершілігі артады, бос уақыты табыла бермейді. Сондықтан алға қойған мақсаттарға жету қиындай түседі.
Аталған онжылдықты бастан кешіріп жатқан жастар үшін жұмыстың алар орны зор. Экономистер мен әлеуметтанушылар жұмыстағы жалақының артуы мен мансаптық өсудің үштен екісі кәсіби қызметтің алғашқы онжылдығында орын алатынын растап отыр. Отыздан асқаннан кейін отбасылық жауапкершілік пен ипотекалық міндеттемелер адамның білімін жетілдіріп, жұмысын ауыстырып, басқа қалаға көшуіне кедергі келтіреді. Сондықтан жалақы да алғашқы онжылдыққа қарағанда баяу өседі. Алайда зерттеулер көп ақша табу үшін оқуды аяқтағаннан кейін мамандық ауыстырудың кері әсері бар екенін көрсетіп отыр. Бүгін де дипломы бойынша қызметтен бас тартып, аз күнгі жоғары табыс үшін басқа салада жүргендер көп. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей өз біліктілігінен бөтен салада 9 ай бойы жұмыс істеген адамның күйзеліске ұшырау қаупі оның жұмыссыз замандастарына қарағанда әлдеқайда жоғары екенін дәлелдеді. Сондықтан жалақысы аз болса да, мамандық бойынша жұмыс істеген дұрыс. Өйткені жұмыс адамға пайда табу үшін ғана емес, тұлғалық капиталды байыту үшін де қажет.
Шаңырақ көтеру де 20 мен 30 жас аралығындағылар үшін маңызды оқиға саналады. Қазіргі қыз-жігіттер өмірлік серігін асықпай, ақыл тоқтатқан шақта таңдағанды жөн көреді. Шетелдік ғалымдар мыңдаған адамның өмір жолын талдай келе 25 жасқа дейін неке қиғандардың ажырасу қаупі едәуір аз екенін анықтаған. Ал 25 жастан кейін қол ұстасқандардың ажырасуын алдын ала болжау мүмкін емес.
Адам миының құрылысы мен дамуы психологтарды үнемі қызықтырып келді. Өткен ғасырдың екінші жартысына дейін ғылыми қауымдастық мидың қалай қалыптасып, дамитынын анық болжай алған жоқ. Заманауи қондырғылардың пайда болуы ми жұмысына тереңірек үңілуге мүмкіндік берді. Адам басының сканограммалары жиырмадан аса мидың ойлауға жауап беретін маңдай тұсы белсенді дами бастайтынын көрсетті. Адам миының бұл бөлігі он жыл шамасында қарқынды дамып, отызға таяу толық қалыптасады. Сондықтан да білім алып, тіл үйреніп, ой еңбегімен белсенді түрде шұғылдануды жоспарлаған жастар мұны кейінге қалдырмағаны дұрыс.
Дәл осы кезеңде адам тұлғасы да қалыптасуын аяқтайды. 20 мен 30-дың арасындағы жастарға жаңа жағдайларға бейімделіп, пайдалы әдет қалыптастырып, жаңа ережелерді ұстану жеңіл. Қандай да бір елеулі оқиға немесе қайғылы жағдай болмаса, отыздан асқан адамдардың мінез-құлқының өзгеруі — сирек кездесетін құбылыс. Бұған дейін көпшілік адамның ойлау жүйесі мен тұлғасы өмір бойы өзгерісте болады деген ойда болды. Алайда тоқсаныншы жылдары мидың тек екі даму кезеңі ғана болатыны анықталды. Оның біріншісі балалық шақта жүзеге асса, екіншісі 20 мен 30 жас аралығын қамтиды. Дәл осы екінші кезең аясында мида жаңа нейрондық байланыстар пайда болып, күрделірек сұрақтардың шешімін тауып, мол ақпаратты қабылдауға мүмкіндік туады. Ми дамуының екінші кезеңі жастық шақта дұрыс таңдау жасап, туындаған мәселелерді оңтайлы шешуге септігін тигізеді.
Өкінішке қарай, жастық шақта қыз- жігіттердің бәрі мұның бәрін ескере бермейді. Жалт-жұлт еткен өмірдің қызықтары адам назарын өзіне аударып, бәрін кейінге қалдыруға себеп болып жатады. Сөйтіп жүрген жастар отыздың белесінен қалай аттағанын өздері де білмей қалады. Жастық шақта қабылданған шешімдердің болашақ өмірге айтарлықтай әсер ететіні көптеген зерттеулер арқылы дәлелденіп отыр. Сондықтан да бұл уақытты босқа жұмсамай, ертеңгі күн үшін білек сыбана еңбек етіп, білім алуға арнау керек. Егде тартқан шақта қанша тырысқанымызбен мұның бәріне қолымыз жете бермеуі мүмкін.
Сарыхан КӘРІМЖАНҰЛЫ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың
магистранты.