Елбасы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру, олар үшін арнаулы әлеуметтік қызмет стандарттарын және әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясын жасау міндетін қойған еді. Осыған орай облыстық прокуратура ұйымдастырған “Ресолизация: Сен қоғамға керексің” форумына облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында түрмеге қамалғандар саны бойынша еліміз алдыңғы орындардың бірінде болса, бүгінгі күні 55 орынға төмендеген. Еліміздің қолданыстағы заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес орташа, аса ауыр емес қылмыс жасағандар және сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін істі болғандарға айыппұл төлету жазасы қарастырылғаннан бері абақтыдағылар саны 25 пайызға азайыпты. Облыс прокуроры Степан Зайтлердің айтуынша, бүгінгі күні Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жүргізіліп жатқан түрме реформасы қате басып, жазалы болғандарды кеудеден итермей, керісінше, оларды қоғамға бейімдеуге және қамаудағылардың санын азайтуға бағытталып отыр. Әсіресе, темір тордың арғы жағындағыларды жұмыспен қамту тығырықтан шығудың бірден-бір жолы екен. Өкінішке қарай, бүгінгі күні облыс бойынша 200-ге жуық жазасын өтеушіге ғана жұмыс берілген. Бұл бағытта түйінді мәселелер аз емес.
Ал Владимир Бубенко бостандыққа шыққандарға бүгінгі қоғамның көзқарасын өзгерту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты. Өткен жылы жергілікті билік органдары жазасын өтеп шыққан 600-ден астам адамның тұрақты жұмысқа орналасуына қол ұшын беріпті. Алдағы уақытта да жеке кәсіпкерлерді кәсібін абақтыларда жүргізуге шақыру жалғасын тауып, оларға түрлі жеңілдіктер қарастыру мәселелері шешімін табатын болады.
Облыс прокурорының орынбасары Арай Әлімов: “Заңға бағынатын қоғам қалыптастыруға және сотталушылар санын азайтуға табанды жұмыстың нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады”, – деді. Соңғы 20 жылдың ішінде біздің елімізде жазасын өтеушілерге 8 рет рақымшылық жасалған. Алайда, бостандыққа шыққандардың көбі өмірге бейімделе алмай, көп ұзамай үйреншікті орнына қайтып оралатын көрінеді. Сондықтан, түзеу орындарында психолог мамандардың көмегін ұсынудың, түрлі семинар-тренингтер ұйымдастырудың да пайдасы зор болмақ. Сондай-ақ, былтыр жазаның жеңіл түрін арқалаған 79 тұлға 15 миллион теңге айыппұл төлеп, босап шығыпты. Арай Қайсарұлының айтуынша, жазасын өтеушілердің арасында жұмысқа қабілетті адамдар аз емес. Бүгінгі күні жаза басқан 400-ге жуық адам арнайы мамандыққа ие екен. Оларға да жұмыс табылып жатса, уақыттарын тиімді өткізуге әрі ертеңгі күндеріне қаржы жинауларына мүмкіндік туады. Сондықтан бас бостандығы шектелген жандарды жұмысқа тартудың қажеттігі уақыт талабынан туындап отыр.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Евгений Глотов қазір 8 жеке кәсіпкерлік пен 1 серіктестік өңіріміздегі түзеу мекемелерінде жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Оларда, негізінен, темір, ағаш, қолөнер бұйымдары шығарылады. Әсіресе, тұрғындар тарапынан арнайы киімдер сұранысқа ие көрінеді. Басқарма басшысы кәсіпкер Евгений Щеголевті мысалға келтірді. Ол 2012 жылдан бері түзеу мекемесімен әріптестік орнатқан. Алғашында 5 жазасын өтеушіні жұмыспен қамтыған оның қарамағындағылардың саны бүгінгі күні 100-ге жеткен. Мамандар тарапынан шағын және орта бизнес өкілдеріне түзеу мекемелерінде кәсіпкерлікті дамытудың мүмкіндігі жөнінде түсіндіру жұмыстары үзбей жүргізіледі екен. Соның нәтижесі болар, биыл бірнеше кәсіпкер өз жобаларын ұсынып, түрмеде өндіріс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Кәсіпкерлер тарапынан ұсынылған 11 жоба “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасына енгізіліпті. Алдағы уақытта Айыртау ауданындағы ЕС-164/8 түзеу мекемесінде “Ахмедов” ЖК-і халықтық қолданбалы өнер бұйымдарын өндіретін болады. Сондай-ақ, “Айыртау-Су” мекемесі жазасын өтеушілердің көмегімен қоқыс жәшіктерін, тағы басқа тұрмыстық құрал-жабдықтарды жасап шығармақшы. Ұсынылған жобалар бойынша балалар киімін тігетін цех, темір бұйымдар жасайтын кәсіпорын да іске қосылатын болады. Өңіріміздегі іргелі “Радуга” серіктестігі де түзеу мекемесінде тұрмыстық жабдықтар жасауды қолға алмақшы.
Форумға қатысушыларға темір тордың арғы жағындағыларды және жазасын өтеп шыққандарды қоғамға бейімдеудің және оларға әлеуметтік тұрғыдан көмек беруге бағытталған іс-шаралардың жоспары ұсынылды.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.