Ең қолжетімді тұрғын үйді Қазақстанның Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі арқылы алуға болатынын бүгінде тұрғындар жақсы біледі. Сондықтан олармен келісімшарт жасаушылар қатары көбейе түсуде. Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің облыстық филиалы биылғы жылдың өткен бес айында сомасы 4,1 млрд. теңгенің 2214 келісімшартын жасады. Сол сияқты, банктің тұрғын үй қарыздарын беру көрсеткіштері де өсу үстінде. Аталмыш кезеңде сомасы 1,7 млрд. теңгені құрайтын З68 тұрғын үй қарыздары берілді, ол 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда З,5 есе артық.
Облыстық банк филиалының барлық жұмыс істеген кезеңінде мемлекеттік бағдарламалар аясында сомасы 2,5 млрд. теңгенің 750 тұрғын үй қарыздары берілді. Бұрынғы ең қолжетімді тұрғын үй бағдарламасын өзіне біріктіріп отырған “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша әзірге салынып, іске жаратылып жатқаны – 1002 пәтерден тұратын 18 үйдің құрылысы. Оның ішінде, биылғы жылы құрылысы аяқталатын 400 пәтерлік 7 тұрғын үй бар. Төрт үй “Жас отбасы” бағдарламасы бойынша салынуда. Ал тұрғындардың барлық санаттарына арналған үш үйдің – 9З пәтерлік біреуі таяуда пайдалануға берілетін болады.
Жуырда өткен “Ашық есік күнінде” облыстық тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің директоры Райхан Әбдірахманова банк клиенттеріне осы көңіл толарлық жетістіктер жайлы айта отырып, банктегі енгізіліп жатқан соңғы жаңалықтар мен өзгерістерге, салымшылардың қатарын толықтыру мақсатында жүргізіліп отырған шараларға тоқталды.
– Біз өз қарыз алушыларымызға төлем сомасын валюта нарығының тербелісіне байланыссыз барлық қарызды жабу уақытына тұрақты етіп белгілейміз. Бұл бізге тұрғындардың жалпы нарықтағы ұзақмерзімдік салымдарының 40 пайызына дейін тартуымызға мүмкіндік берді. Осы ретте екінші деңгейлі банктердің бізбен бәсекелесе қоюы екіталай.
Ал енді банктегі өзгерістер мен жаңалықтарға тоқталар болсам, алдымен өткен жылдың соңында бас кеңсеміздің бірінші қабатында жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, электрондық кезек жүйесіндегі “біртерезелік” қағидат бойынша қызмет көрсетуге көшкенімізді айтуға болады. “Ашық есік күнінде” келушілеріміз оның жұмысымен жан-жақты танысты, артықшылықтарына көздерін жеткізді. Клиенттің барлық талап-тілектері бойынша бір менеджер толық қызмет көрсетіп бере алады. Төлемге қатысты басты жаңалық, банктің пайдасындағы төлемдерді қабылдау банктің электрондық порталында клиенттер үшін тегін жүргізіледі. 1 сәуірден бастап З1 шілдеге дейін банкте акция жүріп жатыр. Оның негізгі мақсаты салымшылар тарту болғанымен, банк клиенттеріне де тиімді. Келісімшарт жасалған күннен бастап бір айдың ішінде бірмезгілде келісілген соманың 5 немесе 10 пайызы енгізілсе немесе келісім сомасын ұлғайту жөнінде тұрғын үй-құрылыс жинағы туралы қосымша келісімшарт жасалса, клиенттерге комиссиялық алымдар төлеуге сәйкес түрде 50 және 100 пайыз жеңілдіктер беріледі. Яғни, ол келісілген соманың 10 пайызын енгізер болсаң, тегін келісім жасай аласың деген сөз, – деді Райхан Тілекқызы.
Одан кейін облыстық банк филиалының директоры тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасының басты екі бағыттан – барлық санаттағы адамдар үшін қолжетімді тұрғын үй және “Жас отбасы” бағдарламаларынан тұратынын айтты. Екі жағдайда да салынатын тұрғын үйлердің шаршы метрінің құны 100 мың теңгеге бағаланып отыр. Соның өзінде бұл қазіргі мүлік нарығындағы ең арзан баға болып табылады. “Жас отбасы” бағдарламасына үміткерлердің жасы 29-дан аспауы керек. Әйтеуір банкпен келісім жасап, шартқа отырғандардың ұтылмасы анық, өйткені ол бүгінгі күннің мықты қаржы нарығы болып табылады.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.