«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ЕҢ ҮЗДІК МЕКТЕПКЕ» – 68 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ

Оқушылар сарайында педагогтардың облыстық тамыз кеңесі өтті. Оған өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Биылғы жиын «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбына арналды. Жиында өткен оқу жылының негізгі жетістіктері сараланып, алдағы басым бағыттар айқындалды.

 Алқалы басқосуға еліміздің әр өңірінен тәжірибелі ұстаздар, салалық сарапшылар мен білікті мамандар ша­қырылып, білім беру жүйесін жетілдіруге арналған тың жобалар мен заманауи бастамалар ұсынылды. Конфе­ренция педагогтар қауымы үшін пікір алмасудың, тәжі­рибе бөлісудің және ортақ міндеттерді айқындаудың тиімді алаңына айналды.

 Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов саладағы іргелі іс­терге тоқталып, өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамыту, жаңа мектептер мен балабақшалар құрылысы, сондай-ақ оқу-тәрбие үдерісін сапалық тұрғыдан жетілдіру бағытындағы жұмыстарға ерекше назар ауда­рылатынын атап өтті.

– Биыл облысымыздағы бес мектеп республикадағы үздік 100 білім ошағының қатарына енді. Салаға 1,5 млрд. теңге ин­вестиция тартылып, бірнеше мектеп пен балабақша құрылы­сы қолға алынды. Жауапты бас­қармаға құрылыс сапасын мұ­қият қадағалауды тапсырамын. Балалардың игілігі үшін жасал­ған әрбір іс сапалы болуы тиіс, – деді өңір басшысы.

Облыстық білім басқармасы­ның басшысы Айнагүл Сұрағано­ва өз баяндамасында саладағы маңызды көрсеткіштермен бөлісті. Оның айтуынша, облыста бүгінде 450-ге жуық мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Онда 15 мыңнан астам бала тәрбие­леніп жатыр. Қажеттілік деңгейі небәрі үш пайызды құрайды. Ба­лабақшалар саны жыл сайын ар­тып, кезекте тұрғандар азаюда. Биылдың өзінде орын тапшылы­ғы 3622-ден 2651 балаға дейін қысқарған.

Сонымен қатар түрлі себеп­термен балабақшаға бара алма­ған балаларға да жағдай жаса­луда. Бастауыш сыныпқа да­йындықпен келу үшін өңірде 424 консультациялық пункт ашылып, онда 1200-ден астам маман ата-аналарға әлеуметтік-педагогикалық қолдау көрсету­де. Тек бір жылдың ішінде мұн­дай қызметті 1298 бала мен 1256 ата-ана пайдаланған. Бұған қоса, мектепке дейінгі даяр­лықтан өтпеген балалар үшін жазғы кезеңде қысқа мерзімді даярлық топтары ұйымдастырылған. «Балақайлар мектебі» бағдарламасы аясында биыл 26 топ ашылып, 138 бала қосымша біліммен қамтылыпты.

Бала дамуының сапасын ба­қылау үшін өңірде «Дамудың жеке картасы» енгізілген. Қазір бұл құжат цифрлық форматқа көшіріліп, Ұлттық білім беру деректер базасымен интегра­цияланыпты. Ал білім сапасын арттыру мақсатында 23 Компе­тенция орталығы құрылған. Ке­лер жылдан бастап мектепке дейінгі білім беру ісінде аудан орталықтарында ваучерлік қар­жыландыру жүйесі енгізілмек. Нәтижесінде кезектегілер саны тағы да азаяды деп күтілуде.

Жиында ауыл мектептерін­дегі білім сапасын жақсарту мә­селесіне ерекше мән берілді. Облыстағы мектептердің 76 па­йызы шағын жинақты болған­дықтан, «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы қолға алынған. Бұл жоба аясында 52 мектепке қолдау көрсетіліп, 980 мұғалім біліктілігін арттырды. Сонымен қатар оқыту үдерісіне жасанды интеллект элементтері енгізіліп, арнайы курстар ұйымдастыры­луда. Биылдың өзінде 274 жоға­ры сынып оқушысы онлайн-платформа арқылы бағдарлама­лау мен жасанды интеллект негіздерін меңгерген.

Айнагүл Ағыбайқызы цифр­ландыру бағытында да тың бас­тамалар жүзеге асырылып жат­қанын айтты. Былтыр іске қо­сылған BilimClass платформасы сабақ сапасы мен оқушылар­дың үлгерімін күнделікті бақы­лауға мүмкіндік берген.

Облыста қазақ тілінде білім беруді дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Өткен жылы жеті мектепте қазақ сыныптары ашылып, жаңа білім нысанда­рында қазақ және орыс тілінде оқыту жүйесі қатар енгізілді. Бұл бағытта мақсатты жұмыс­тар жалғасып келеді.

«Орыс тілінде оқытатын мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда да қазақ сы­ныптары мен топтары ашылып жатыр. Мәселен, өткен оқу жылында жеті мектепте қо­сымша 12 мектепалды даярлық сыныбы мен қазақ тілінде оқытатын 1-сыныптар ашыл­ды. Атап айтқанда, Аққайың ауданында – 1, Ғабит Мүсіре­пов атындағы ауданда – 2, Та­йынша ауданында – 1, Тими­рязев ауданында – 1 және Шал ақын ауданында – 2 сынып жасақталды», – деді Айнагүл Сұрағанова.

Жаңадан салынып жатқан білім беру нысандарында да қос тілді сыныптар мен топтар ашылуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс ор­талығында пайдалануға беріл­ген №28 жалпы білім беретін мектеп, сондай-ақ су тасқыны­нан зардап шеккендер үшін са­лынған «Бірлік» шағынауда­нындағы «Аққайың» балабақ­шасының филиалы мен «Бере­ке» шағынауданындағы «Сне­жинка» балабақшасының фи­лиалында қазақ және орыс тілінде білім беру жүйесі енгізілген.

Оқушыларды әлеуметтік қолдау шаралары да жүйелі түр­де жүзеге асырылуда. 2023 жыл­дың қыркүйегінен бастап 1-4 сынып оқушылары жергілікті бюджет есебінен тегін ыстық тамақпен қамтылды, ал 2025 жылдың қаңтарынан бастап ба­лалардың жас ерекшеліктеріне қарай тамақтану құны диффе­ренциалды түрде белгіленіп, 6-10 жас аралығында – 637 теңге, 11-14 жаста – 745 теңге, 15- 18 жаста – 794 теңге болып бекітілді. Биыл енгізілген жаңа тамақтану стандарты мен «Әлеуметтік әмиян» платфор­масы ата-аналар үшін төлемнің ашықтығын қамтамасыз етіп, қаржыландыру тетіктерін ба­рынша айқындауға мүмкіндік беріп отыр.

Инклюзивті білім беру – білім саласындағы басым ба­ғыттардың бірі. Қазіргі таңда облыста ерекше білімді қажет ететін 5379 бала бар. Олардың сапалы білім алуына жағдай жа­сау мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен серіктестік орна­тылып, арнайы жобалар жүзеге асырылып келеді.

Облыстық білім басқарма­сының басшысы өз баяндама­сында кәсіптік-техникалық білім беру саласының да дамып келе жатқанын айтты. Қазір 24 колледжде 67 мамандық бо­йынша кадр даярланып жатыр. Мемлекеттік тапсырыс көлемі 45 пайызға артқан. Өңірлік чемпионат жеңімпаздары рес­публикалық сайыстарда жүл­делі орындарға ие болды. Сон­дай-ақ колледж оқытушылары шетелдік тәжірибеден өтіп, кәсіби біліктілігін жетілдіруде.

Конференция шеңберінде педагогтар қауымына арналған заманауи білім беру техноло­гиялары мен инновациялық әдістемелер таныстырылған арнайы көрме ұйымдастырыл­ды. Көрмеге нарықта 17 жыл­дық тәжірибесі бар жиһаз өнді­руші «Регион 715» серік­тестігінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ оқушылар мен мұ­ғалімдерге арналған мектеп формасын тігумен айналыса­тын «SENS FASHION» ЖШС, «Арман ПВ», «Көкжиек», «Атамұра», «Алматы кітап» секілді кітап баспалары да өз өнімдерін ұсынды. Ұстаздар тек жаңа оқыту құралдары мен цифрлық платформаларды көріп қана қоймай, олардың жұмыс істеу тетіктерімен таны­сып, тәжірибеде қолдану жол­дарын талқылауға мүмкіндік алды. Көрмеде робототехника, жасанды интеллект элемент­тері, интерактивті сабақ үлгілері, қашықтан оқытуға арнал­ған бағдарламалар және оқу­шылардың сыни ойлау қабі­летін дамытуға бағытталған әдістемелер ұсынылды. Бұл бастама педагогтардың кәсіби шеберлігін арттырып қана қой­май, мектеп тәжірибесіне жаңа серпін беруді көздейді.

Жиын қорытындысында сала қызметкерлерінің еңбегі ла­йықты бағаланды. Облыс әкімі мен Оқу-ағарту министрлігінің атынан 34 педагог пен сала қыз­меткері түрлі деңгейдегі мара­паттарға ие болды. Олардың қатарында ұзақ жылдар бойы жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп келе жатқан тәжірибелі ұс­таздар ғана емес, білім беру ұйымдарының техникалық қыз­меткерлері де бар. Биылғы ма­мыр айында жарияланған «Ең үздік мектеп» байқауының жеңімпаздары да марапаттал­ды. Аталған байқауда жоғары нәтижеге қол жеткізген №3 Бескөл орта мектебіне 68 мил­лион теңгенің сертификаты та­бысталды.

Конференция соңы пленар­лық отырысқа ұласты. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық ор­талығы» акционерлік қоғамы­ның облыстық филиалы, педа­гогикалық шеберлік орталығы, Назарбаев зияткерлік мектебі, «Әдістемелік орталық» КММ, Байкен Әшімов атындағы Пет­ропавл машина жасау және көлік колледжі, А.Бөкейхан атындағы №25 орта мектеп, Қызылжар ауданындағы «Мирас» бөбекжай-бақшасының өкілдері сөз алып, өз тәжірибе­лерімен бөлісті.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp