Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциясы күні қарсаңында Есіл ауданының Бірлік ауылындағы жабылып қалған мектеп қайтадан ашылды.
Бірлік ауылында бұрын 41 шаңырақ бар еді, енді олардың қатары тағы 10 отбасымен толықты. Олар биыл облысымызға Қытайдан және Алматы облысынан көшіп келген. Шеттен келген ағайындардың бастауыш сыныпқа баратын балалары болғандықтан, 2013 жылы жабылып қалған мектеп қайта жөндеуден өткізіліп, есігін айқара ашты.
– Білім ошағын қайта қалпына келтіруге аудан бюджетінен 3 жарым миллион теңге қаражат бөлінді. 1,2 млн. теңгеге жылу қазандығы орнатылды. Мектептің ашылуына орай екі адам жұмыспен қамтылды, – дейді аудан әкімі Мұрат Әбішев.
Мектепте екі мұғалім жұмыс істейді. Олардың бірі – Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің түлегі. Ол аталмыш мектепке “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша келген.
Жаңа оқу жылы қарсаңында білім нысанының ашылу салтанатына қатысқан Есіл ауданының әкімі Мұрат Әбішев жиналғандарды құттықтап, оқушыларға қажетті құрал-жабдықтар мен сөмке тарту етсе, жас маманға ноутбук сыйлады. Бүгінде Есіл ауданында 39 мектеп бар. Оларда 3400-ден астам оқушы білім алады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
журналист.