«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАБЫҚ ХОККЕЙ КОРТЫ

19-шы шағынаудан тұрғындары үшін биылғы Тәуелсіздік мерекесі ерекше қуанышты жайтпен есте қалмақ. Онда жабық хоккей корты тұрғызылды. Ол қысқы спорт түрлерін дамытуға септесетін болады.

– Қары қалың, қысы қаһарлы болып келетін Солтүстік Қазақстанда қысқы спорт түрлерінің жақсы дамығандығы белгілі. Әсіресе, алты ай қыста спортшыларды шаңғы мен коньки тепкізу мақсатында өңірде атқарылып жатқан шаралар көп. Соның бір айғағы – мынадай хоккей қораптарының ашылуы. Жаңа мұз айдынының жасөспірімдерді саламатты өмір салтына тәрбиелеудегі маңызы ерекше болмақ, – деді сол күнгі шараға қатысып, жиналғандарды мемлекеттік мерекемен және жабық хоккей кортының ашылуымен құттықтаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Ерік Хамзаұлы жаңа мұз айдынында сайысқа түскен 4 мектептің құрама командасына хоккей формасын тарту етті, ал балғындар өңір басшысына доптаяқ сыйлады.

Өскелең ұрпаққа коньки теуіп, жастайынан қысқы спорт түрлеріне машықтануға мүмкіндік беретін нысанның құрылысы қазан айында басталыпты. Оны тұрғызуға кеткен 15 млн. теңгеден астам қаржыны “Цеснабанк” АҚ-ның облыстық филиалы бөлген.

Жабық хоккей алаңы енді осы жердегі ойын балаларының сүйікті орнына айналмақ. Жақын маңдағы балғындар мұндай нысанның пайда болғандығына қуанышты.

– Бұл ауданда көпқабатты үйлер көп. Балғындар да жеткілікті. Сондықтан алаң сұранысқа ие. Жаңа нысан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қарамағында болады. Конькилер жеткіншектерге тегін беріледі, – дейді Петропавл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Валерий Евдокименко.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp