

1966 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, қызметке орналасуға “Soltústik Qazaqstan” (ол кезде “Ленин туы”) газетіне келдім. Мұнда бір-ақ кісіні танимын. Ол – Дүйсенбі Әуелбеков. Өйткені, ол 1954 жылы Жамбыл ауданындағы Баян орта мектебінде бізге 8-сыныпта қазақ әдебиетінен, ал зайыбы Халима орыс тілінен сабақ берген болатын. Бірақ бір оқу жылынан соң екеуі де кетіп қалды. Алдымен сол кісіге жолықтым.
– Қайдам, штат толық қой, ала қояр ма екен? – деді қасын керіп, көзін ашып-жұмып, маңғаздана сөйлеп. – Әйтсе де, кіріп көр, не дер екен, – деп сөзін аяқтады.
Ол кезде газеттің қайтадан ашылып, жұмыс істеп жатқанына екінші жыл болатын. Өйткені, Н.С.Хрущев билік басына келгеннен кейін қалайда Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосу амалын ойластыра бастады. Сөйтіп, Қазақстанның солтүстіктегі бес облысынан өлке құрып, оған “Тың өлкесі” деген атау беріп, ол тікелей Мәскеуге бағынатын болған. Осы өлкенің құрылуына байланысты бес облыстың қазақ газеттері жабылып қалған-ды.
Газеттің редакторы Құрмантай Меңдіғожин деген азамат екен. Республикалық “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Egemen Qazaqstan”) газетінде жауапты хатшы болып істеп жүрген кезінде Мәскеудегі жоғары партия мектебіне оқуға жіберіліп, оны тамамдаған соң осында қайтадан ашылып жатқан газетке редактор болып келіпті. Бұл кісі жайында естігенім, журналистік қызметті ерте бастапты. Атап айтқанда 1939 жылы “Ленин туына” қызметке алынып, ауыл шаруашылығы бөлімінің әдеби қызметкері, өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі болған. Сөйтіп, болашақ үлкен журналист Қызылжар жерінде қалыптасыпты.
– Кел, кел, мына жерге жақында, – деп өзі отыратын үстелге таяу қойылған орындықтардың бірін нұсқады. Мен кескініне көз тоқтаттым. Ақсұр, маңдайы кең, шашы сирек, ақ қырау шалған, оны әдемілеп тарап, желке тұсына қарай қайырып қойған. Үстінде күлгін түсті костюм-шалбар. Сол түстес көйлекке сымдай ғып тартып, бедерлі галстук байлаған. Талғаммен киінетіні көрініп тұр.
Мен ауылда орта мектепте ұстаздық қызмет атқарғанымды, отбасы жағдайымды бәрін баяндап берген соң, орнынан тұрып, қалған сөзімді ерсілі-қарсылы жүріп тыңдады. Сонда байқағаным: еңсегей бойлы, денесін тік ұстайды, қимыл-қозғалысы да ширақ. Жас шамасы сол кезде 50-дің маңайында болса керек. Сәлден соң:
– Осы жердің азаматы екенсің, оның үстіне бізге керек маман болып шықтың, штат толық, әйтсе де, қызметке алайық, – деді.
Ұжым мүшелерін жинады. Жаңағы дағарадай кең кабинет әп-сәтте лық толды. Редактор жиналғандарға мән-жайды баяндай келе:
– Кәне, мына жігітті қайсың аласыңдар? – деп жағалай отырғандарға қарады. Ешкім үндеген жоқ. Себебі, бөлімдерде қызметкерлер толық екенін жоғарыда айттық. Сәл үнсіздіктен кейін:
– Мен алайын, – деп, беті бұжыр, омырауына университет төсбелгісін таққан бір мосқал жігіт тілек білдірді. Бұл Абай Қазиев деген ақынжанды азамат еді. Осы тұста біреулер:
– Ауылда өскен жігіт екен, зауыт-фабрикаларды, құрылысты, темір жол, автокөлік, авиакөлік (ол кезде Алматыға, жақын қалаларға ұшақтар қатынайтын) сияқты күрделі салаларды жазуды меңгере ала ма? – деп күңк етті.
– Дүйсенбі, мүмкін, сен аларсың? – деді редактор аласа бойлы, шегір көз, қызыл шырайлы жігітке бұрылып. Ол ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі екен.
– Біз жай да үш адамбыз ғой, – деді ол бұрынғы әдетінше маңғаздана, баппен сөйлеп, – оның үстіне біздің бөлім тынышсыз ғой, жиі-жиі іссапарға шығып тұру керек. Бізге ысылған жігіт болмаса, – деп сөзінің аяғын жұтып қойды.
– Жарайды, онда өнеркәсіп бөліміне барсын, – деді редактор мәселені түйіндеп. – Бірақ есіңде болсын, жаңағы бір ағаңның ескерткеніндей, ол да ауыр бөлім, өнеркәсіп, көлік және құрылыс сияқты күрделі үш саланы қамтиды. Талап, ынтаң болса, алып кетерсің.
Бұл сәтте оның жүзінен ағалық мейіріммен бірге, күдіктің де бір ұшы жатқанын аңғарғандай болдым. Осының бәрін шұбыртып айтып отырғаным – аздап болса да Құрмантай Меңдіғожиннің азаматтық тұлғасынан газет оқырмандарына сыр шерту еді.
Сонымен редакция өміріндегі мазасыз күндер басталды. Сырттағы жұрт қайдан білсін? Редакцияның жұмысы өте ауыр болып шықты. Газет аптасына бір рет шығады. Сол газетті шығаратын мақалалар жетіспей жатады. Күнде таңертең ілездемеде “анау бөлімнен материал жоқ, мынау бөлімнен материал тіптен аз” деп айғай-шу болып, “қырылып” жатамыз. Сонда шоқпардың басы өнеркәсіп бөліміндегі жігіттерге тиеді. Бөлім айналысатын салаларда қазақ ұлтының мамандары мүлдем аз болғандықтан, ал барының өзі қазақша оқып-жаза алмайтындықтан, газетке бұл салалардан мақала мүлдем түспейді.
Әрине, басшы болған соң редактор талап етеді, әрқайсысына қатты-қатты сөздер айтады. Содан соң орнынан тұрып, төмен қарап, төменшіктеп отырған бізге бұрылып, дауысын бәсеңсітіп:
– Таңертең үйден “бүгін ешкімге қатты сөз айтқыза көрме” деп Аллаға сыйынып шығамын, – деп бәрімізге жүзін жылыта бір қарап шығады. – Тиісті мақаланы беріп отырсаңдар, газет мазмұнды шығып жатса, менің сендерге ұрысып не шаруам бар?..
Ол кісі газетте үш жылдай қызмет атқарған соң Алматыға республикалық Журналистер одағының хатшысы қызметіне ауысып кетті. Ақырғы рет ол кісімен 1972 жылы маусым айында республикалық Журналистер одағының ұйымдастыруымен Теміртау қаласында өткен өнеркәсіп тақырыбына жазатын журналистердің семинар-кеңесінде кездестім.
Қалада жастар көп екен. Бір топ журналист түн болса да, қыдырыстан келіп, өзіміз түскен мейманхананың алдында қаланың қыз-жігіттерімен әңгімелесіп отыр едік. Бір кезде іштен Меңдіғожин шығып, мәре-сәре болып отырған біздерге бұрылып қарады да, маған:
– Мұрат, шаршаған жоқсың ба, көше бойлап жүріп келуге қалай қарайсың? – деді. Мен мына көңілді отырған топты тастап кеткім келмесе де, амалсыз келістім. Біз көше бойлап, ұзақ жүрдік. Ол кісі елдің, редакцияның амандығын әбден бажайлап сұрап білгеннен кейін өзі де өмір, тұрмыс жайында біраз әңгіме айтты…
Бұл кезде уақыт түнгі 12-ге таяп қалған еді. Біз бір мейрамхананың тұсына келіп қалыппыз. Мен Құдекеңнің қарсылығына қарамай, ол кісіні мейрамханаға алып бардым. Ондағылар мейрамхананың жұмыс уақыты аяқталғанын, бізге қызмет көрсете алмайтындықтарын айтты. Мен осы қаланың қонағы екенімізді айтып және Құдекеңнің ештеңенің де керегі жоқ дегеніне қарамай, шағын тіске басар мен бір шөлмек шарап алдырттым. Ондағы ойым, бөтен жерде болса да, қонақкәде ырымын жасайын дегенім еді. Бірақ ол кісі құйылған шарапты қолына да алмады. Дастарқан дәмінен сәл ауыз тиді де:
– Кетейік, залды жинауға бөгет жасамайық, – деп мені далаға алып шықты. Сөйтіп, алынған ас желінбей, құйылған шарап ішілмей, сол қалпында қалды.
Оның сол кезде жаман аурумен сырқаттанып жүргенін кім білген? Кейіннен абзал азаматтың дүниеден өткенін естідік.
Енді жұмысқа қайта оралайық. Ол кезде газет қазіргі облыстық аурухананың ауласында тұрған ұзынша екіқабатты үйдің екінші қабатының сол жақ қанатында орналасқан болатын. Біз бір кеңдеу бөлмеде ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп бөлімінің алты қызметкері отырамыз. Өнеркәсіп бөлімінде Абай Қазиев (бөлім меңгерушісі), мен және Халел Нәкешев дейтін үш кісі, ал ауыл шаруашылығында Дүйсенбі Әуелбеков (бөлім меңгерушісі), Сәркен Барқытов және Әмір Қожахметов жұмыс істедік. Абай ағамыз төгіліп тұрған ақын болмаса да, ара-тұра өлең жазатын. Бірақ денсаулығы нашарлау еді. Жиі-жиі ауыра берген соң ол кісіні төртінші қылып ауыл шаруашылығы бөліміне ауыстырды. Бұл кісі жүзі сұсты болғанымен, ақкөңіл, аузын ашса, жүрегі көрінеді дейтіндей, ақжарқын азамат болатын, әңгімешіл еді. Шешен сөйлейтін. Бір сөйлесе қызып кететін. Халел Нәкешев екі-үш жыл істегеннен кейін қызметтен босап, басқа жаққа кетті.
Абай Қазиевтің орнына бөлімге басшы болып Ожан Қалиев деген азамат келді. Ол кісі 1948-1949 оқу жылында Баян орта мектебінде 2- сыныпқа сабақ берді. Суретті жақсы салатын. Мектептің залында ол салған Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Некрасовтың, қазақтан Абай мен Ыбырай Алтынсариннің портреттері ілулі тұратын. Мен ол кезде 3-ші сыныпта оқитынмын. Ұмытпасам, ол кісі де көп істеген жоқ, бір, әрі кетсе екі жыл ғана ұстаздық етті.
Содан пәленше жылдан кейін қайта қауыштық. Нәкешев кеткен соң екеуіміз бірге қызмет істедік. Бой-басы таза кісі еді, тәуір киінетін. Оның үстіне адам қызыққандай көркем, келбетті еді. Қарсы қайырылған қара қою шашы мен қалың қасы ақ бетіне жарасып тұратын. Бір айта кетерлігі, жасымнан менде де әдемілікке ұмтылушылық болушы еді. Бар киімімді ұқыпты киіп, тап-тұйнақтай болып жүретінмін. Үнемі жұпар себінетінмін. Ол кісі де, мен де көп сөйлемейміз. Үндемей отырып, жұмысымызды істей береміз. Көрші бөлімдерге қарағанда үстелдеріміздің үсті де жинақы, қағаздарымыз шашылып-төгілмей, рет-ретімен тұратын.
Бізді әңгімеге көбіне көрші бөлімнің жігіттері, әсіресе, Дүйсенбі мен Абай ағалар тартатын. Түске дейін қауырт жұмыс істейміз. Өйткені, запас беру керек. Түстен кейін сағат 4-5-ке қарай қол босай бастағанда әңгіме-дүкен басталады. Әңгімені үлкендер айтады, біз ауыз ашып отырып тыңдаймыз. Небір әңгімелер айтылмайды десеңізші…
Меңдіғожиннен кейін Уәп Рақымжанов деген көкшетаулық азамат редактор болып келді. Толықша келген, шегір көз, бидай өңді кісі еді. Мінезі салмақты, жүріс-тұрысы орнықты. Не нәрсені болсын асықпай ақылға салып, байсалдылық танытатын. Газетте он сегіз жылдай еңбек еткен уақытта бір адамға дауыс көтеріп, жекіп ұрысқанын естімеппін. Ол кезде редакцияда елуден аса адам еңбек етті. Солардың әрқайсысының мінез-құлқы, іс-әрекеті де әртүрлі ғой. Кейде бір келіссіз жағдайлар да болып қалатын. Соның өзінде ешкімнің ар-ожданына тимейтін, бастық екенмін деп дікіңдемейтін. Ешкімге қатаң шара қолданбайтын. Бір атап көрсетерлігі, алғашқы редактордай емес, редактормын деп шіреніп отырмай, өзі көктемгі-күзгі егіс, орақ науқандары кезінде іссапарға шығып тұратын.
Материалды да кешіктірмей, кезекті нөмірге салатын. Өкінішке қарай, өмірінің соңғы жылдары денсаулығы сыр беріп, ауырып қалып жүрді. Ақыры, айналдырған ауру алмай қоймайды дегендей, зейнет жасына жетпей өмірден озды.
Редактордың бірінші орынбасары Сұлтан Темірханов деген азамат болатын. Осы облыстың Жамбыл ауданындағы Киров атындағы (қазір Баймағамбет Ізтөлин) ауылдың тумасы еді. Газет жабылғанға дейін жауапты хатшы болып істеген. Өзі іссапарға шықпайтын, мақала жазбайтын. Бірақ қараған материалдарын ретімен түзейтін. Әйтсе де, көркем сөз, әдемі тіркестерді ұната бермейтін. Ол кісі ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік және құрылыс бөлімдерінің материалдарын қарайтын.
Бірде күзде орақ науқаны кезінде бастық мені бір ауданға іссапарға жіберді. Мен 1973 жылы “Жигули” жеңіл автокөлігін сатып алған едім. Сол жылдардан бастап Уәкең мені егіс және орақ науқандары кезінде ара-тұра “машинаң бар ғой” деп, іссапарға жіберіп тұратын. Кейде қасыма бір журналисті қосып жіберетін.
Далаға бұрын шықпағандықтан ба, егістік басындағы көрініс маған қатты әсер етті. Сонау көз ұшындағы қалың орман бауырына дейін арыстанның жалындай бұйраланып, толқын-толқын болып созылып жатқан егін дестесін іркес-тіркес қатарласа жұтып келе жатқан комбайндар легі шынында да бір керемет құбылыс болып көрінді. Осы сәтті сипаттай келіп: “жаңағы шұбатылған комбайндар тізбектеліп келіп, біз тұрған егістік басына тоқтай қалды”, – деп мақаламның бірінші абзацы аяқталатын.
Мақала хатшылыққа түскен соң барып қарасам, манағы көріністерді сипаттаған сөйлемдерді алып тастап, репортажым жоғарыда айтылған соңғы сөйлеммен басталыпты. Сонда қатты өкінгенім-ай, өйткені кестелі көркем сөз әрдайым ойдан шыға бермейді ғой.
Тағы бірде ЗИКСТО зауытының озат слесарі туралы суреттеме жаздым. Бұл мақаланың басында да үйден шыққандағы ауа райын, қыстың бұлыңғыр болса да ақ таңы, желсіз тымық күнде қылаулап жауып тұрған ақ ұлпа қар сияқты көріністерді суреттей келіп, “жаңа станоктың (ол тұста зауыт сандық бағдарламамен жұмыс істейтін станоктар сатып алып, соның біреуі жаңағы жігітке тиген-ді) жұмысын көз алдынан өткізіп, енді шығарылатын өнімдердің сапасы жақсарып, еңбек өнімділігі артады деген ойлардың құшағында келе жатып, зауытқа қалай келіп қалғанын да аңғармай қалыпты. Ол цехқа кіргенде әлі ерте болғандықтан, ешкім келе қоймапты” деп бастаған едім, осы абзацты тұтастай алып тастапты.
Мұндай жағдай кейінде бірнеше рет қайталанды. Содан қайтып көркем сөз, әдемі тіркестер іздестіруді қойдым. Мақаланы “КПСС-тің пәлендей съезінің тарихи шешімдерімен жігерленген пәленбай ұжым пәленбай тоқсанды жақсы көрсеткіштермен қорытындылады”, – деп бастасам, қалам тимей өте береді. Сөйтіп, жаттанды жолға түсіп кеттік…
Ол кісі кейіннен телевидениеге қызметке ауысты. Сол жерден зейнеткерлікке шықты.
Рәшид Бәдірленов деген Аққайың ауданынын тумасы екінші орынбасар болып істеді. Ол насихат бөлімінің жұмысын да қоса жүргізіп, запас беретін. Аласа бойлы, беті бұжырлау, қоңқақ мұрын, қатігездеу азамат болатын. Секретариатта, не дәлізде бір-екі жігіттің басы қосыла қалса, әңгіме айтатын. Әңгіме аяқтамас бұрын алдымен өзі қарқылдап күліп алатын.
“Бірде біздің әскери бөлім қалың қарағай ішінде жоғарыдан бұйрық күтіп жатты, – деп бастағаны бар бір әңгімені. – Түн болды. Бәріміз ұйқыға жаттық. Оянсам, қасымда ешкім жоқ, бәрі кетіп қалыпты. Содан ілгері қарай жүре бердім. Ақыры бір ауылдың шетіне жеттім. Мұнда біздің әскерлер жүргенін көрген соң, соларға келдім. Мені солдаттар командирлеріне алып барды. Ол мән-жайды сұрап білген соң: “Дизертируешь?” – деп сұрады. Мен ол сөздің не екенін түсінбеймін. Сондықтан: “Так точно, командир!” дедім”, – дегенде бәріміз ду күлген едік.
Соғыс бітіп, елге қайтарда билетті жаңылыс алып, Камчаткадағы Петропавлға кетіп қалған ғой. Оны да өзі жыр қылып айтатын. Ол кісінің бір қызық мінезі полоса оқыса да, журналистердің мақаласын қараса да, бөлмесін басына көтере дауыстап оқитын. Түсінбейтін жері болса, “Не дейді” деп қойып, қайтадан оқитын.
Бірде бір жерден нөмірге материал жаздым. Хатшылық 140 жол орын қалдырыпты. Ол кезде бөлім меңгерушісімін, қалам төселген кез. Тез жазып, бастырып, Темірхановтың бөлмесіне кірсем, ол кісі ауырып қалыпты. Редактор “Бәдірленовке қаратып ал” деген соң, сол кісіге апарып бердім. Біраздан соң секретариаттағылар материалды іздеп келді. Ракеңе іздеп барсам, мақаланы дауыстап оқып отыр. Арасында: “Не дейд”, деп қайыра оқиды. Соңғы абзацқа келіп қалыпты. Кішкенеден соң қолыма берді. Сау-тамтығы жоқ. Материалды түгел дерлік сызып тастап, үстінен қайтадан жазып шығыпты. Ренжіп, редакторға апарып көрсеттім.
– Әрине, жазғаныңда кемшілік жоқ, солай да шығаруға болар еді. Бірақ Ракең өз стиліне салып, қайта жазыпты ғой. Әркімнің өз стилі болады. Ал ол дұрыс жазылса, қарайтын адам оны өз стиліне салмау керек, – деді. Ол кісі зейнеткерлікке шыққан соң да бірер жыл газетте қызмет істеді.
Мұқаметқали Нұрғожин, Ғазез Нұрмолдин, Уәра Нұрсейітов марқұмдар туралы да айта кетуді жөн көріп отырмын. Бұлардың алғашқы екеуі осы облыстық газетте әр кезде редактордың орынбасары болып, ал соңғысы Тың өлкелік, Бастыс Қазақстан өлкелік газеттерінің редакторы болған. Газет қайта ашылғанда Нұрғожин – кеңес құрылысы, Нұрмолдин – хат, Нұрсейітов ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. Соңғы екеуі уақыты келгенде зейнеткерлікке шықса, Нұрғожин зейнеткерлікке шыққан соң да бірер жыл жұмысын жалғастырды.
Әміржан Мәутенбаев деген азамат жауапты хатшы болды. Ол Есіл ауданындағы Өрнек ауылының тумасы еді. Бұл кісі де Меңдіғожин Алматыға ауысқаннан кейін, көп ұзамай сол жаққа кетті.
Уәп Рақымжановтан кейін Бақыт Мұстафин редактор болды. Ол бұған дейін мәдениет бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Қыз мінезді, жұмсақ, ұяң азамат еді. Өзі жақсы очеркші болатын. Оның редакторлыққа кіріскен кезі Одақтың тарап, дүниенің астан-кестені шығып жатқан, түсініксіз бір алмағайып шақ болатын. Жалақы уақытында берілмейді. Оның өзі мардымсыз. Мысалы, мен бөлім меңгерушісі ретіндегі жалақым 6 мың теңге болатын.
Енді газет 5 рет емес, 3 рет тек қос тарақ болып шығатын болды. Соның өзіне материал таба алмаймыз. Өйткені, бұрынғы жұмыс істеп тұрған ұжымдар тоқтап қалған, халықта жұмыс жоқ. Осы қиын жағдайды Бақыт марқұм жақсы түсінді. Бірде ілездемеден кейін:
– Жігіттер, жағдай қиын. Бәріңнің де отбасыларың, бала-шағаларың бар. Жалақы болса мардымсыз. Егер түске дейін запас беріп үлгерсеңдер, түстен кейін кәсіп жасап, қосымша ақша табуларыңа рұқсат етейін. Тағы да ескертемін, жұмысқа кедергі келмейтін болсын, сосын жаппай кетіп қалмаңдар, шаруаны кезектесіп істеңдер, – деді. Түсіне білген кісіге бұл үлкен жақсылық еді. Бұл мүмкіндікті екі-ақ жігіт пайдаланды. Біреуі астық сатуда делдалдықпен айналысты. Екі-үш жылдай кабинетіне біреулер үздіксіз кіріп-шығып жататын. Одан соң сап тыйылды. Екіншісі – сағат 10-11-ге дейін запасын беріп, бір жаққа кетіп қалатын. Содан кешкі сағат 5-те келетін.
Марқұм Бақыт ішкі тәртіпті бұзғандарға аса қатал шара қолданбайтын. Ақырын сөйлеп, ақылын айтатын:
– Мен жұмыстан шығармаймын, бірақ бұлай жалғаса берсе, түбінде өзіңе қиын болады, – дейтін.
Серік Қасенов газет алғаш ашылғанда хабар бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Одан кейін біраз жыл партия тұрмысы бөлімін басқарды. Кейіннен жауапты хатшы болып істеп жүргенінде жүрек ақауынан қайтыс болды. Еңсегей бойлы, толықша келген, ақсары жүзді, дөңгелек бет, бұйра шашты, азамат болатын. Орнықты, көп сөйлемейтін, қажетті жерінде ғана әңгімеге араласатын.
Тұрсынбай Кәкімов – Есіл ауданындағы Өрнек ауылының тумасы. Журналистік еңбек жолын осы газетте бастап, кейін Алматы, Көкшетау облыстық газеттерінде лауазымды қызметтер атқарды. Аласа бойлы, төртпақ келген, кекештеніп сөйлейтін. Кейіннен өзіміздің облыстық газетке қайтып келіп, хабар бөліміне жетекшілік етті. Одан соң облыстық телевидениеге қызметке ауысты. .
Тұрысбек Кәдіров газет қайта ашылғанда газеттің Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданы бойынша тілшісі қызметін атқарды. Кейіннен облыстық радиоға, одан соң облыстық газетке келіп, әуелі ауыл шаруашылығы бөлімінде әдеби қызметкер, кейіннен бөлім меңгерушісі болып істеді. Ақжарқын азамат еді. Қашан көрсең де, күлімдеп жүретін. Әңгімешіл болатын. Ол кісі де зейнет жасына жетпей қайтыс болды.
Мәлік Мұқанов газетке қызметке келгенде, оны өнеркәсіп бөліміне қабылдады. Мен ол кезде сол бөлімнің меңгерушісі едім. Бірбеткей, не нәрсені болсын қаймықпай бетке айтатын, мінезді жігіт еді. Біз бір бөлімде әй-шәй деспей қызмет істедік. Осы жігіттің келуімен бөлім жұмысы көп жеңілдеді. Өйткені, берген тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайтын. Әрі ол жазған мақаланы түзетудің де қажеті болмайтын. Кейіннен хат бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылды. Содан бір жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің «Халық кеңесі» деген газеті ашылып, сол газеттің Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып істеді. Көп ұзамай ол газет жабылып қалған соң, облыстық телевидениеге қызметке ауысты. Өмірінің соңғы жылдары “Egemen Qazaqstan” газетінің Солтүстік Қазақстан облысы меншікті тілшісі қызметін атқарды.
Әмір Қожахметов Жамбыл ауданындағы Орталық ауылының тумасы болғанымен, біздің Баян ауылында, нағашысының қолында өсті. Үйіміз қарама-қарсы орналасқан болатын. Жасымыздан тай-құлындай ойнап-күліп бірге өстік. Университетке де бірге барып оқуға түстік. Ол ауыл шаруашылығы бөлімінде әдеби қызметкер болып еңбек етті. Запасты көп беретін, мақала қорытудан жалықпайтын. Іссапарға да жиі шығатын. Кейіннен ол да ауырып, 50-ден сәл аса қайтыс болды.
Бұл жерде бір айта кетерлігі, Баян ауылынан газетте 6 адам еңбек еттік. Ең үлкеніміз Шұғай Өсіпов Талдықорған, Көкшетау облыстық газеттерінде еңбек етіп, кейіннен елге келіп, облыстық газеттің Жамбыл ауданындағы меншікті тілшісі болды. Ауданда жаңадан «Ауыл арайы» деп аталатын қазақ газеті ашылғанда, соның редакторы болды. Ол да қазір арамызда жоқ.
Байтұяқ Жанымбетов осы газетте еңбек ете жүріп, университетті сырттай оқып бітірді. Одан кейін Алматыдағы партия мектебін тамамдады. Республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің осы облыстағы меншікті тілшісі, кейіннен сол газеттің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
Мереке Тұралин университетті бітіргеннен кейін бір жыл өз мамандығы бойынша мұғалім болып еңбек етті де, содан соң облыстық радиоға қызметке орналасты. Одан газетке ауысып, хабар, совет, партия тұрмысы бөлімдерінің меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып еңбек етті. Сол алтаудан қазір жірі жүрген Әскер Әбілқайыров екеуміз ғана.
Қайырбек Баймұқанов көп жыл секретариатта қызмет етті. Сонда жүріп газеттің макетін сызудың қыр-сырын жете меңгеріп алды. Шебер меңгергені соншалық, оны әріптестері “макет сызудың профессоры” дейтін. Бұл жігіт те көп сөйлемейтін, биязы, жұмсақ мінезді болатын.
Жоламан Шаханов көп жыл хабар бөлімін басқарды. Басқамыздан гөрі пысықтау еді. Жұмыс барысында өзінің жеке шаруасын да қамти жүретін. Әңгімешіл болатын. Ілездемелерде кейде гүжілдеп сөйлеп кететін. Зейнеткерлікке шығып, «Асыл мұра» орталығында бірер жыл қызмет етті.
Құрман Рамазанов – Есіл ауданындағы Сарман ауылының тумасы. Газетте секретариатта, бөлімдерде қызмет етті. Құлағы мүкістеу болатын. Онысы қызметте де көп қиындық келтірді. Елуге жетпей ауырып, о дүниелік болды.
Күлбағила Өмірбекова орта мектептен соң газетте әуелі машинистка болып еңбек етті. Көп кешікпей оның қабілетін байқаған газет басшылары әдеби қызметкер етіп ауыстырды. Көп жыл хат бөлімінде еңбек етті. Қара торы, арықша келген қыз болатын. Университетті сырттай оқып бітірді. Газетке бертін келген Жеңіс Әлжанов деген жігітпен шаңырақ құрды. Содан көп ұзамай Жеңіс Алматыдағы партия мектебіне оқуға түсіп, оны бітіргеннен кейін қызмет бабымен жаңа құрылған Торғай облысына көшіп кетті.
Роза Молдақова дейтін қыз бала орта мектепті тамамдаған соң газетке қызметке келді. Бір аяғының кемдігі бар еді. Аяғын сылти басатын. Хабар бөлімінде жұмыс істеді. Қаламын ұштап, суреттемелер жаза бастап еді. Онысына біз риза болып, “түбінде осы қыздан бірдеңе шығады-ау” деп үміт күтетін едік. Өкінішке қарай, газетте екі жылдай ғана еңбек етіп, ауырып, Алматыда емделіп жатып, сонда қайтыс болды.
Ол кезде қазіргідей компьютер деген жоқ. Материалдар машинкамен басылатын. Машина бюросында Дәмелі Баймұқанова, Ғазиза Тоғайбаева және Долорес (фамилиясын ұмыттым) үшеуі істейтін. Долорес кейіннен басқа мекемеге ауысып кетті. Бірақ зейнет жасына жетпей қайтыс болды. Ғазиза газетте көп жыл еңбек етті. Ол да бақилық болды.
Корректорлар бюросында Уәра Нұрсейітовтің әйелі (атын ұмыттым), Ғалия Юняева, Ғайни Сауытова, Бағди Уәлиева, Бақыт Мәутенбаева есімді әйелдер еңбек етті. Олар өз ісін жетік меңгерген жақсы мамандар еді. Газеттің қатесіз шығуына кезінде өз үлестерін қосты. Бұл күнде оларда ортамызда жоқ.
Мен бұл мақалада бұрын осы газетте еңбек еткен, бірақ қазір арамызда жоқ азаматтарды тілге тиек еттім. Кезінде олар да газеттің сапалы, уақытында шығуына елеулі үлес қосты. Сондықтан газеттің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында оларды еске алу тірі жүрген біздердің азаматтық парызымыз деп есептеймін. Марқұмдардың жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын.
Мұрат НҰРМҰҚАНОВ,
ардагер журналист.