Мамлют ауданындағы Бостандық орта мектебінде майдангер ұстаз Мәжит Мүрсәлімовке ескерткіш тақта орнатылды.
Осыдан бір ғасыр бұрын дүниеге келген Мәжит Мүрсәлімұлы 20 жасында әскер қатарына алынып, 270-ші атқыштар полкінің зеңбірек-гаубица нысанашысы ретінде фин соғысына, Ленинград құрсауын бұзуға, Харьков, Псков қалаларын азат етуге қатысты. Сұрапыл соғыста “Ерлігі үшін”, “Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков” медальдарымен, ІІ дәрежелі “Отан соғысы” орденімен марапатталған ол 1946 жылы қаңтар айында елге оралып, зейнетке шыққанға дейін Бостандық орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып абыройлы еңбек етті, мыңдаған шәкіртке әріп танытты.
2003 жылы дүние салған ардагердің ұрпағы бүгінде ата жолын жалғастыруда. Мәжит Мүрсәлімұлының ұл-қызынан тараған 27 немересі, 36 шөбересі, 6 неменесі бар. Олардың арасында майдангер атасы сияқты Отан қорғайтын офицерлер де аз емес. Солардың бірі – Петропавл әскери институтының қызметкері, подполковник Мақсат Нүсіпов қазақша күрестен Еуропа, әскери жекпе-жектен әлем чемпионы екенін айта кеткен жөн.
Нұрсайын ШӘРІП,
журналист.