Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғынбаевтың тапсырмасымен ішкі істер органдарының халық арасындағы беделін арттыру, азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында биыл 15 қыркүйектен бастап ел аумағында “Учаске” жедел-алдын алу іс-шарасы қолға алынған болатын.
Осыған байланысты облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аудандық және қалалық пробация қызметтері жазасын өтеуден жалтарған және іздестіруде жүрген адамдарды анықтау, сондай-ақ пробация қызметінде есепте тұрғандардың қайталап құқық бұзуының алдын алу мақсатында тиісінше жұмыстар ұйымдастыруда.
Мәселен, 2019 жылдың өткен кезеңінде аумақтық пробация қызметтері есепте тұрған 1111 адамды тұрғылықты жері бойынша тексеріп, оның барысында сотталғандарымен қоғамнан оқшауланбаған жандардың жазаны өтеу шарттары мен тәртібін 39 рет бұзғанын анықтады. Тайынша және Есіл аудандарының пробация қызметінде есепте тұрған тұлғалардың орналасқан жерін анықтауға байланысты 2 есепке алынған адамға қатысты іздестіру тоқтатылды.
“Учаске” жедел-алдын алу іс-шарасы 10 желтоқсанға дейін жалғасады.