Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің мамандары былтыр Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ауылында бой көтерген тұрғын үйді бөлу кезінде орын алған бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған болатын. Сол кездегі аудан әкімі Владимир Дудов өзінің орынбасарымен бірге тегін баспананы жақын туыстарына таратқан еді.
Әдеп кеңесі отырыстарының бірінде олардың мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін әрекеттері, атқарып отырған қызметтеріне толық сай емес екендері сөз болған еді. Комиссия құрамында болған Талғат Әміржанов пен Серік Алтаевқа қатысты тәртіптік істер де қаралуы тиіс болатын. Алайда, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнын ауыстыруларына байланысты, оларға қатысты істер тоқтатылғанды. Қос қызметкердің жазадан құтылуына жол берген ауданның қазіргі әкімі әдеп кеңесіне шақыртылды.
Сөйтіп, әдеп кеңесінің кезекті отырысында аудан әкімі Болат Жұмабековке қатысты тәртіптік іс қаралып, мәселенің мән-жайы анықталды. Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының маманы Рүстем Мұрагердің айтуынша, аудан әкіміне қос қызметкерге қатысты тәртіптік іс аяқталғанға дейін оларды жұмыстан шығаруға болмайтыны ескертілген. Ал әкім өз әрекетін дұрыс деп санайды. “Қызметкерлердің жұмыстан шығу туралы өтінішін қабылдамаған жағдайда, олардың конституциялық құқығын бұзғаным үшін айыпталатын едім”, – дейді Болат Жұмабеков.
Кеңес мүшелері бірауыздан әкімнің қызметкерді жұмыста ұстауға құқығы жоқ екенін алға тартып, оған қатысты тәртіптік істі тоқтату туралы шешім қабылдады. Мемлекеттік қызметшілер жауапкершіліктен құтылу үшін жұмыс орнын ауыстыруды әдетке айналдырған. Әдеп кеңесінің мүшелері Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне осы сияқты келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін заңнамаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасамақ.
Осыдан кейін Қызылжар ауданындағы Қызылжар ауылдық округінің әкімі Гүлсім Кәрімоваға қатысты тәртіптік іс қаралды. Гүлсім Ербатырқызы супермаркет салу мақсатында жер учаскесін беру туралы кәсіпкердің өтінішін жер инспекциясына жіберіп, құжат айналымының тәртібін бұзды деп айыпталып отыр. Алайда, Гүлсім Кәрімова өтінішті басқа бір маманға тапсырғанын, оның қателесіп, жер инспекциясы комиссиясына жібергенін алға тартты.
Кеңес мүшелері мемлекеттік қызметте он жылдан астам еңбек өтілі бар ауылдық округ әкімінің мұндай қателікке жол бермеуі керектігіне назар аударды. Қызметтік тергеу материалдарын зерттеп, Гүлсім Кәрімованың түсіндірмесін тыңдағаннан кейін қызметіне толық сай еместігі жөнінде ұсыныс беру туралы шешім қабылдады.
Отырыста қаралған кезекті тәртіптік іс Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бәтима Әмринаға қатысты болды. Ол аудандық комиссияның құрамында болып, үміткерлерге негізсіз баспана беру туралы шешім қабылдаған. Кеңес мүшелері оған қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту беру туралы ұсыныс жасайтын болды.
Сондай-ақ, кеңесте мемлекеттік қызметшілердің белгіленген уақыттан артық жұмыс істеу мәселесі қозғалды. Мемлекеттік қызмет саласын бақылау департаментінің басшысы Ғани Жалбидің айтуынша, биылғы қыркүйек айында солтүстікқазақстандық мемлекеттік қызметшілер 663 сағат артық жұмыс істеген. Соның ішінде облыстық білім және экономика басқармаларының мамандары алдыңғы қатарда. Облыс әкімі аппараты мамандарының атқарған қызмет уақыты 80 сағатқа артық.
“Мемлекеттік қызметшілердің бірқатары үйге кеш баратындықтан, олар отбасында келеңсіз жағдайлар орын алатынын да жасырмай отыр. Сегіз пайызы, тіпті, жұмыс орнын ауыстыруды ойластыруда. Мемлекеттік қызметшілердің артық жұмыс істеуінің алдын алу мақсатында мемлекеттік орган басшыларының жауапкершілігін арттырып, артық істеген жұмыс үшін төленетін ақы талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік шара қолдануды ұсынамыз”, – деді Ғани Жалби.
Алайда, басшыны жазаға тарту үшін маман өтініш жазуы керек. Сондықтан кеңес мүшелері жұмысшыларға артық жұмыс істететін басшыларға шара қолдану үшін қажетті құжаттар тізімін қайта қарау туралы ұсыныс қабылдады.
Отырыс соңында әдеп кеңесінің 2019 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.