«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗАЛАРЫ ЖЕҢІЛДЕУІ МҮМКІН

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Асқар Мұхаметқалиев өңірлік коммуникациялар қызметінде есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер, прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттар мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы айтып берді.

«Қазақстан Республикасының Президенті 2024 жылғы 27 желтоқсан күні есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңға қол қойды. 2025 жылғы 3 наурызда күшіне енетін оның құқықтық салдарын түсіндіріп кетейін. Біріншіден, есірткі бизнесін ұйымдастырушылар және есірткі таратушылар, оның ішінде «есірткі жасырушылар» үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Егер бұрын Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша бірыңғай жаза қолданылған болса, енді есірткі жасырушылар жазаға төмендетілген санкциялармен тартылатын болады. 1-бөлігі бойынша енді 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін болған. 2-бөлігі бойынша енді 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған еді. 3-бөлігі бойынша енді 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын бұл мерзім 10 жылдан 15 жылға дейін болатын», – деді Асқар Мұхаметқалиев.

Заң күшіне енгеннен кейін оның кері күші әрекет ете бастайды. Болжам бойынша есірткі қылмыстарын жасаған бір мыңнан астам сотталушының жазасы жеңілдеуі мүмкін. Ал есірткі бизнесін ұйымдастырушылар және есірткі өндірушілер, сондай-ақ лауазымды тұлғалар үшін жаза қатаңдайды. Олар 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp