«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІЛЕРГЕ ЖЕҢІЛДІК БАР

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының міндетін атқарушы Бөгенбай Жүсіповтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

“100 нақты қадам” Ұлт Жоспарында бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру және осындай азаматтар үшін арнаулы әлеуметтік қызмет стандарттарын, әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясын жасау міндеті жүктелген болатын. Бөгенбай Өтегенұлы атап өткендей, қылмыстық-атқару жүйесіндегі реформалар түрмеде отырғандарды азайтуға жол ашты. Бүгінгі күні өңірімізде алты түзеу мекемесі бар, оларда 2081 адам жазасын өтеп жатыр. Қолданыстағы заңнамалық құжаттар қылмыстық жазаны ізгілендіруге, еңбекпен түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды тәртіпке бейімдеуге, қылмыстан келген шығынның орнын толтыруға және жазасын өтеушілердің күнінен бұрын бостандыққа шығуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 9 жеке кәсіпкер жазасын өтеу мекемелерінде өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Ол жерлерде бас бостандығы шектелген тұлғалар жұмысқа тартылған.

Еліміздің Қылмыстық кодексіне жеңіл және орташа ауыр жаза түрлері үшін айыппұл төлету жазасының енгізілуі де қылмыскерлердің санының азаюына ықпал етуде. 2016 жылдың 3 айында 225 жазасын өтеуші мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп.

– Жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру – сотталғандар үшін үлкен жеңілдік, – дейді Бөгенбай Жүсіпов.

Жыл басынан бері 43 сотталушы осындай мүмкіндікке ие болды.

Сондай-ақ, маңызды бағдарламалық құжаттың 34-қадамына сәйкес пенитенциярлық мекемелерді салуға, ұстауға және басқаруға жекеменшік секторды тарту жөнінде ұсыныстарды екшеу және халықаралық тәжірибені зерттеу тапсырылған болатын. Жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып, алдағы уақытта инвесторлардың қаржысына облыс орталығында түрме салу жоспарланып отыр. Егер бұл жоспар жүзеге асса, онда бірқатар еңбекпен түзеу мекемелері қысқарып, сотталушылар қылмыс түрлеріне қарай бір камерада 2-3 адамнан ғана отыратын болады.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp