«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІЛЕР ЖАҚЫНДАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

ЕС-164/6 мекемесінде 3 айда бір рет туған-туысқандарын көретін жазасын өтеушілер Отбасы күні мерекесінің арқасында жақындарымен көрісіп, бір жадырап қалды. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Алдымен туған-туысқандарын қарсы алып, көздеріне жас алған әйелдер сахнаға шығып, өз өнерлерін көрсете бастады. Іс-шараға келген қонақтар сотталғандарды бұл мерекемен шын жүректен құттықтап, келесі жылғы Отбасы күнінің мерекесін өз үйлерінде қарсы алуды тіледі. Ән мен биге ұласқан мерекеде сонымен қатар жазғы спартакиаданың жабылу салтанаты өтті. Онда спорттық шараларға белсене қатысқан, жүлделі орын алған жазасын өтеушілер марапатталды. Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленген 1-ші жасақтың қыз-келіншектеріне спорттық киім-кешек пен доптар табысталды. Екінші орын 2 жасаққа бұйырды. Олар да сыйлықсыз қалған жоқ. Барлығына кәдесыйлар үлестірілді. Жазасын өтеушілер спорттық жеңісін туған-туысқандарымен бөлісуге асықты. Алған сыйлықтарын ұл-қыздарына, аналары мен әкелеріне ұсынғандар болды. Спартакиаданың жабылу салтанатына қонақ ретінде қалалық спорт үйірмелерінің тәрбиеленушілері келді. Олар таэквондо мен жекпе-жек сынды спорттық ойын түрлерін көрсетті.

Биылғы жылы “Ашық есік күндері” мекемеде 3 рет ұйымдастырылған екен. Жазасын өтеп жатқан туысқандарымен кездесуге 180-нен астам адам келіпті. Мекемеде, тіпті, бір неке қию рәсімі өткен. Бұл да – мақтаныш. Осындай отбасылық қарым-қатынас арқасында тәртіптерін түзеп, бостандыққа шығуға асығатындар қатары көбейе түспек, дейді мекеменің қызметкерлері. Жазасын өтеуші көкшетаулық Динара Шүкіроваға бұл жолы тәтесі мен інісі келген. Бауырын көргенге қуанышын жасыра алмаған Динара осы сәтті есте қаларлықтай неғұрлым көңілді өткізуге тырысты. Иә, жақындарының қасынан бір елі алыстамаған жазасын өтеуші қыз-келіншектер көп болды. Бірі анасын құшағына алса, бірі әкесін бауырына қысып, елжіреді. 1-2 сағатқа созылған кездесудің соңы концертке ұласты. Сотталғандар өмір, ана, отбасылық қарым-қатынас туралы әндер орындады. Бұл әндерді олар Отбасы күні кездесе алмаған алыстағы туған-туыстарына арнап, болашақта анасы – баласымен, қызы – әкесімен, жұбайымен қосылуды тіледі.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp