«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗА БАСҚАНҒА КЕШІРІМ ЖОҚ

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңіріміздегі департаменті жанындағы Әдеп кеңесінің кезекті отырысында тағы да бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік істер қаралды.

Биылғы сәуір айының орта тұсында “МИР-2” пәтер иелері кооперативінің төрайымы Рашида Морозова Петропавл қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының атына Мир көшесіндегі 110-үйдің бір пәтері иесінен пәтерін қайта жобалау және жаңарту үшін рұқсат беру жөнінде арыздың келіп түскені жөнінде ақпарат беруді сұраған өтініш жазады. Сондай-ақ, өтініште үйдің тұрғындары аталған пәтердің иесіне нотариалдық кеңсе жасауға қажетті құрылысты жүргізуге рұқсат бермегендігі жөнінде де айтылып, аталған мәселені қадағалауды сұрайды. Араға үш күн салып сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қуат Тәжібаевтың қолы қойылған жауап келген. Онда аталған пәтер иесінен өтініш түспегені және бұл мәселе қадағалауға алынғандығы жөнінде жазылған. Алайда, бір ай бұрын, яғни наурыз айының ортасында аталған пәтер иесінен қайта жобалау және жаңартуға рұқсат сұраған өтініш түсіп, оған бір күннен кейін Қуат Тәжібаевтың қолы қойылған рұқсат шешімі де берілген екен. Бір сөзбен айтқанда, аталған бөлім басшысы шындықты біле тұра “МИР-2” пәтер иелері кооперативіне жалған ақпарат берген. Осы орайда Әдеп кеңесінің мүшелері Петропавл қаласының әкіміне келіп түскен өтініш бойынша жалған ақпарат беріп, мемлекеттік қызметке кір келтірген әрекетке барғаны үшін Қуат Тәжібаевтың лауазымын төмендету түрінде, бос орын болмаған жағдайда қызметіне толық сай еместігі туралы тәртіптік жазаға тарту жөнінде ұсыныс жасады.

Сертификаты жоқ карантинді өнімді артқан автокөліктің жолын бөгемеуге заңсыз тапсырма берген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агро-өнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Айбек Күшенов мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін қызметінен босатылатын болса, аталған мекеменің өсімдіктер карантині жəне фитосанитариялық бақылау бекеттері бөлімінің басшысы Сәбит Досановқа заңсыз тапсырманы орындағаны үшін қызметіне толық сай емес деген шешім шығарылды.

Негізсіз тексеріс жүргізу арқылы “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңды бұзған облыстық жер инспекциясы басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевқа ескерту жасалды. Ал Шал ақын ауданының кәсіпкерлеріне ертеректе жасалған жер телімдерінің сатып алу-сату шартын бұзу туралы хабарламаларды негізсіз жолдаған жер қатынастары бөлімінің басшысы Серік Дүйсембаевқа қызметіне толық сай еместігі туралы тәртіптік жаза тағайындалды. Сонымен қатар, Қызылжар ауданы әкімінің атына білім бөлімінің басшысы Берік Аюповке келіп түскен өтініштерді қарау кезінде тиісті бақылау жүргізбегені үшін сөгіс жариялау туралы ұсыныс жолданды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp