«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗА КҮШЕЙТІЛМЕК

Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Көзделіп отырған жаңашылдықтар туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин мен арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Александр Бодуновский арнайы брифингте айтып берді.

Бүгінгі таңда “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң жобасының тұжырымдамасын жұртшылық талқылап жатыр. Ол “Ашық НҚА” интернет-порталында” және агенттіктің сайтында орналастырылған. Ұсынылған түзетулер үш блоктан тұрады.
 – Біріншісі, сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Судьялар, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін қатаң жауапкершілік пен санкциялар енгізу ұсынылады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық жағдайын модельдеу арқылы парасаттылықты тексеру институты (Integrity Check) құқық қорғаушылар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда тиімді тетік болмақ. Егер тексерілуші сыннан өтпесе үш жыл мемлекеттік қызметке оралу құқығынсыз жұмыстан босатылады. Күштік блоктан басқа, мұндай тексеруді бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын қызметкерлерге де тарату ұсынылады, – деді Нұрлан Жахин.
Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейтетін тағы бір шара – аса ауыр қылмыс жасағандар еселенген айыппұл төлеп құтылмайды. Осы арқылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін санкциялардың пәрменділігі артады және осындай әрекеттердің қоғамдық қауіптілігіне сәйкес лайықты жаза тағайындауға мүмкіндік береді. Себебі, бүгінгі жағдайда еселенген айыппұл түріндегі жаза сыбайлас жемқорлықты тежей алмай отыр. Өйткені, олардың заңсыз табысы төленген айыппұл сомасынан көп болып жатады.
Мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті өзге де адамдар, олардың жұбайлары, кәмелетке толмаған балалары үшін де сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу енгізу – шетелдік банктерде шоттар (салымдар) ашуға және иелік етуге тыйым салу ұсынылады.
Сонымен қатар ұлттық заңнаманы халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттармен үйлестіру көзделіп отыр. Мәселен, ЭЫДҰ мен Грекияның озық тәжірибесі мен стандарттарына сүйене отырып, “параны уәде етуді/ұсынуды” және “параның уәдесін/ұсынысын қабылдауды” криминалдандыру ұсынылған. Бұл мемлекетке залал келтіргенге дейін парақорлықтың жолын кесуге мүмкіндік бермек.
Заңнама қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған. Бүгінгі күні бұл қоғамдық бақылауды бірқатар үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық алаңдар іске асырып жүр.
– Агенттік жанындағы арнайы мониторингтік және ақпараттық-ағарту топтары, “Адалдық алаңы” жобалық кеңселері жүйелі негізде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қадағалайды, мемлекеттік органдар қызметіндегі түйінді мәселелерді анықтайды және тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою бойынша сындарлы ұсыныстар енгізеді. Мұндай ұсынымдар міндетті сипатқа ие болмаса да, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда пайдалы. Қолданыстағы “Қоғамдық кеңестер туралы” және “Ақпаратқа қол жеткізу туралы” заңдар азаматтық қоғамның мемлекетпен өзара іс-қимылының тәжірибелік тетіктерін қамтымайды. Қоғамдық бақылаудың тиімді жүйесін қамтамасыз ету мақсатында аталған тұжырымдамада осындай институтты құқықтық реттеу көзделген. Бұл еліміздің саяси жүйесін демократиялық дамытуға және жаңғыртуға елеулі үлес қосады, – деді Александр Бодуновский.
Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын адамдарды қорғаудың кешенді жүйесін құру азаматтық қоғаммен өзара байланысты нығайтады деп күтілуде. Егер мемлекет адамдарды кешенді қорғауды өзіне алса, анықталған сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабардар ету деңгейі едәуір жоғарылары анық.

 

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,  “Soltústіk Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp