«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗА ҚАТАҢ

Есірткінің зияны мен қоғамға тигізер зардабы туралы көгілдір экраннан айтылып, газет-журналдарда жазылып жүрсе де, оны қолданушылар азаяр емес. Біреулер есірткіні тасымалдаумен айналысса, екіншілері денсаулығына қауіп төндіретініне қарамастан, сатып алып, қолдануда. Бұл қоғам дертінің, әсіресе, өскелең ұрпақтың санасын улап жатқаны өкінішті. Ал оның тамырына балта шабу әр адамның азаматтық борышы деп білуіміз керек.

Есірткі затымен байланысты қылмысқа қатысы барларға қолданылатын жаза ҚР Қылмыстық кодексінің 296 және 297 баптарына сәйкес тағайындалады. Биылғы жылдың сегіз айында облыстық сотта осыған қатысты 148 іс қаралған. Ал өткен жылдың осы кезеңінде қаралған істердің саны – 146. Яғни, осы бапқа сәйкес қоғамдық орындарда медициналық емес мақсатта әрі заңсыз пайдаланған адам жүз айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі, жүз сағатқа түзеу немесе 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы, 45 тәулікке дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізуге қатысты ауыр қылмыстарға қолданылатын жауапкершілік, тіпті, қатаң. Бұл үшін қылмыскерлер екі жүз айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеп, осындай көлемде түзеу жұмыстарына немесе 180 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылып, алпыс тәулікке дейін қамауға алынады. Ал бұл заттарды аса үлкен мөлшерде дайындап, пайдаланған адамдарға тағайындалатын айыппұл көлемі 300 айлық есептік көрсеткішке дейін, қоғамдық жұмыстарға 240 сағатқа дейін, ал қамау жазасы 75 тәулікке дейін артады. Сонымен қатар осы бапқа сәйкес қолдану үшін сатып алған есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын өз еркімен құзырлы органдарға тапсырған немесе есірткі затына тәуелділігіне байланысты медициналық көмекке жүгінген, есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстарды ашуға немесе алдын алуға жәрдемдесіп, күдіктілерді анықтауға қол ұшын берген азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Қылмыстық кодекстің 297-бабына сәйкес есірткі затын заңсыз пайдалануға қатысты қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізген адам бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді. Ал бұл заттардың аса үлкен мөлшері үшін алты жылдан он екі жылға дейін мүлкін тәркілей отырып қамауға алу жазасы қарастырылған. Осылайша, заңда, ең алдымен, арам ниетпен адамның әлсіздігін пайдаланып, есірткі затын дайындап, тарататын қылмыскерлерге қатаң жаза белгіленген. Өткен жылы осы бапқа сәйкес 10 адамға қатысты 8 қылмыстық іс қаралса, биыл 10 адамға қатысты 6 іс қаралды.

Сүлеймен КАШЕНОВ,

облыстық соттың судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp