Былтыр Петропавлда көпқабатты үйлер мен өзге де үй-жайлардың қабырғаларына есірткі сататын сайттардың атауын жазған төрт адам ұсталып, ұсақ бұзақылық жасағандары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал биылғы жылғы қаңтардың 11-інен бастап күшіне енген заңнамадағы өзгерістерге сәйкес осындай іс-әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Қайрат Қасымбеков брифинг пен әлеуметтік желілердің тікелей эфирінде заңнамадағы осы және басқа да өзгерістер туралы әңгімеледі. «Қылмыстық кодексте есірткіні жарнамалағаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Егер бұл қылмысты бірнеше адам топтасып, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе электронды ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып білім беру ұйымдарында, сондай-ақ адамдар көп жиналатын жерлерде жасаса, 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады», – деді ол.
Мал ұрлығы үшін де жаза қатаңдатылды. Былтыр өңірімізде 92 мал ұрлығы тіркелді. Барымшатылар енді 10-12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қайрат Қасымбеков өзге де қылмыстар үшін жаза қатаңдатылғанын айтты. Адам зорлаған және зорлық-зомбылық жасағандар өмірінің 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімін темір тордың арғы жағында өткізбек. Бұрын осындай қылмыстар үшін 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған болатын. Енді зорлаушыға жәбірленушімен татуласуға да мүмкіндік берілмейді. Егер жас балаға қатысты зорлық жасалса, онда қылмыскер 20 жылға немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылмақ.
Тергеу басқармасының қызметкерлері браконьерлік, қорықшыларға шабуыл жасау, мас күйде көлік жүргізуге қатысты өзгерістерді түсіндірді. Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев халық арасында заңнамадағы өзгерістерге қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.