«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жазда жағажайлар жабылмайды

Өңірімізде суға түсуге арналған 58 арнайы жағажай бар. Тек сол аумақтарда ғана шомылуға рұқсат. Күн ысығанымен, су әлі жылына қойған жоқ. Алайда айдындарды жағалаған жұрттың қарасы қалың. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында судағы сақтық шаралары және балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі сөз болды.

Әкімдік отырысы жаңадан тағайындалған басшыларды таныстырудан басталды. “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” АҚ-ы төрағасының өкімімен Жәнібек Бекұлы Қамбаров акционерлік қоғамның облыстық филиалының директоры болып тағайындалды. Осы тағайындауға дейін Жәнібек Бекұлы аталмыш филиал басшысының орынбасары қызметін атқарған болатын. Ал “Қазпошта” АҚ-ы басқарма төрағасының бұйрығымен Нұркен Иманбекұлы Рүстем жергілікті филиалдың директоры болып тағайындалды. Ол бұған дейін Жамбыл облысы филиалы директорының орынбасары болып қызмет еткен. Өңір басшысы жаңа басшыларға жауапты қызметтерінде сәттілік тіледі.

Жағажайлардағы жағдай бойынша есеп берген облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, өңірде 60-тан астам өзен мен 2 мыңнан астам көл бар. Барлығында бірдей шомылуға рұқсат жоқ. 12 көл мен Есіл өзенінде суға түсуге арналған 58 арнайы орын бекітілді. Соңғы екі аптадан бері ауа температурасы 35 градусқа дейін көтерілді. Облыс тұрғындары суға шомылу маусымының басталғанын тоспай-ақ Есіл өзені мен Пестрое көліне қарай ағылуда. Синоптиктердің болжамынша, жоғары температура мамыр айының соңында дейін сақталады. Яғни, жағажайлардағы адамдар әлі де көбейеді деп күтілуде.

Былтыр карантин кезінде жа­ға­жайлар жабылып, тұрғындар құтқарушылардың бақылауына алынбаған орындарда жасырын шомылған. Салдарынан суға кет­кендердің саны күрт өсті. Ра­миль Фаткулович бұл жолы Петропавл қаласы және аудан әкімдікте­рі­мен бірлесіп, жағажайларда суға түсуге рұқсат беру қажеттігін айт­ты. Облыс әкімі департамент басшысының бұл ұсынысын құп­тады.

– Былтыр пандемияға байла­нысты көптеген жағажайларда суға түсуге тыйым салған бола­тынбыз. Себебі адам көп шоғыр­ланатын жерлерде коронавирус­ты жұқтыру қаупі жоғары болды. Ал бүгіндері жағдай біршама тұ­рақ­талды. Індетке қарсы вакцина егу шаралары жүргізілуде. Сон­дықтан бұл жолы жағажайлар жабылмайды. Облыс орталы­ғын­дағы екі ресми жағажай 1 мау­сымға дейін қалпына келтірілуі тиіс. Ең бастысы, жағада әлеу­меттік қашықтықты сақтап, сани­тарлық талаптарды орындау ма­ңызды, – деді Құмар Іргебайұлы.

Аудандарда 48 жағажай да­йындалған. Дегенмен Ақжар, Ақ­қайың, Жамбыл, Мағжан Жұма­баев, Тайынша және Тимирязев аудандарында суға түсетін бір де бір арнайы орын жоқ. Сондықтан жергілікті тұрғындар рұқсат етіл­меген жерлерде шомылуға мәж­бүр. Төтенше жағдайлар жөнін­дегі департаменттің құтқару­шылары аудан әкімдіктерімен бірлесіп, барлық жағажайларды ерекше бақылауға алмақ.

Әкімдік отырысында балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын ұйымдастыру жайы да талқыланды. Облыстық білім бас­­қармасының басшысы Гүл­ми­ра Кәрімованың айтуынша, биыл ба­лаларды демалыс шара­ла­ры­мен 100 пайыз қамту көзде­ліп отыр. Мектептердің жанын­да­ғы ор­талықтарда 45 мың, ал ау­ла клубтарында 3,5 мың оқушы тынығады. Ал аз қамтылған от­басылардан шыққан 7 мыңға жуық баланы жазғы демалыс ла­герьлеріне жіберу жоспар­лан­ған. Бұл мақсатқа облыс бюдже­ті­нен 78 млн. теңге қарастырыл­ған. Мектеп оқушыларының алаң­сыз демалысын ұйымдас­ты­руға кәсіпкерлер де қолұшын созуда. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары 717 оқушыға 11 млн. теңгенің жолдамасын алып берді. Сегіз ауданның және облыс орта­лы­ғының лагерьлері балаларды са­нитарлық-эпидемиологиялық ере­желер мен шектеу талапта­рын сақтай отырып қабылдамақ. Лагерь қызмет­кер­лері вакцина алуда. Қазірге дейін 65 пайызы екпе алып үл­герген. Балалар лагерьлерге ба­рар алдында ПТР-тест тапсы­рады.

– Биыл лагерьлерде жөндеу жұмыстары жалғасады. Нысан­дар­дың ағымдағы және күрделі жөндеуіне бюджеттен 118 млн. теңге бөлінді. Демеушілерден жи­налған қаражат 102 млн. теңгені құрады. 1950-1970 жылдары ашыл­ған бұл демалыс орында­ры­ның көбі тозған. Сенімді бас­қаруға берілген екі лагерь ин­вес­тордың қаражатына толық жөн­деуден өтті. Биылғы жазғы де­малыс орындары маусымның 15-нен өз жұмысын бастайды, – деді Гүлмира Райынбекқызы.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp