«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗУШЫНЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен белгілі жазушы, аудармашы Герольд Бельгердің 85 жылдығына орай еске алу кеші өтті.

Онда жазушының үзеңгілес достары, облыстың құрметті азаматтары мен жерлестері Герольд Бельгер жайлы естеліктерін ортаға салды. Шәкірттері қаламгердің ұстаздық қасиетін әңгіме етіп, оны мықты тәлімгерге балады. Аталмыш колледжде Герольд Бельгер атындағы мұражай жұмыс істейді. Онда үш тілді жетік меңгерген қаламгердің кітаптары, жеке заттары мен киімдері сақталған. Шараға қатысушылар қаламыздың басты көшелерінің біріне жазушының есімін беру жөнінде пікір білдірді. Сондай-ақ, облыс мұражайларының бірінде қаламгердің шығармалары топтастырылған бұрыш ашу қажеттігі айтылды.

Бельгердің шығармашылығы жайлы көп ізденушілердің бірі гуманитарлық-техникалық колледждің директоры Александр Мерк. Ол шара барысында жерлес жазушы жайында тың деректер келтірді. “Герольд Бельгер қазақ мәдениеті мен дәстүрін бойына сіңіріп өсті. Қазақ халқының кеңпейілділік, бауырмалдылық қасиеттерін шығармаларына арқау етті. Ол талай басылымдарда тұшымды мақалаларымен нағыз тіл жанашыры ретінде танылды, – деді Александр Мерк.

Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жангелді Тәжин мұражай қорына Герольд Бельгердің автобиографиясын табыстады. Жиында жазушының жұбайы Раиса Хисматуллина мен қызы Ирина Ковалеваның аталмыш шараға орай жолдаған хаты да оқылды. Олар солтүстікқазақстандықтарға зор ризашылығын білдірген.

“Қаламгер саналы ғұмырын қазақ еліне қызмет етуге арнады. Оның рухын өшірмей, мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттап жүрген жандарға деген алғысымыз шексіз», – делінген хатта.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp