Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма “Тіл – парасат” байқауын ұйымдастырды.
Қазақстан халқы тілдерінің ХVIII облыстық фестивалі аясында өткізілген шараның мақсаты – мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгерген өзге ұлт жастарын анықтап, ынталандыру. Сондай-ақ, тіл мәдениетінің деңгейін және мемлекеттік тілдің беделін арттыру. Байқауға 12 аудан және Петропавл қаласынан 16-22 жас аралығындағы жастар қатысты. Ережеге сәйкес байқау үш кезеңнен тұрды.
Бірінші айналымда үміткерлер экранға шығарылған түрлі суреттерге қарап, әңгіме құрады. Қатысушылардың сөз байлығы сынға түскен кезеңде, өкінішке қарай, берілген тапсырманы ойдағыдай орындап, сұрақтарға тұшымды жауап бергендер саны аз болды. Сайыскерлердің көбі тарихтан сыр шерткен тамаша суреттерден әдемі әңгіме өрбіте алмай, әрі кетсе екі-үш сөйлеммен ғана шектелді. Мұндай көрініс облыстық конкурсқа қатысқандардың дайындығын әлі де болса пысықтауды қажет ететінін көрсетті.
– Байқауға қатысуға келген үміткерлер еліміздің, оның ішінде облысымыздың тарихын жақсы білуі керек. Осы жағына ұстаздар да көп көңіл бөлсе, құба-құп. Облыстық байқауға қатысып тұрып кейбір үміткерлердің Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткіші, елордамыз – Астана қаласы, тіпті, қазақ елінің мақтанышы болған ғарышкерлеріміздің бірі – Айдын Айымбетов жайында пікір айта алмағандары, әрине, дайындықтың осал екенін көрсетті. Алдағы уақытта мұндай кемшіліктер болмауы керек. Себебі, тарихты білу – әркімнің парызы, – дейді өз ойымен бөліскен қазылар алқасының мүшесі Күнсұлу Әбілқасова.
Екінші айналымда әр үміткер “Қазақ елі Тәуелсіздігінің 25 жылдығы”, “Солтүстік Қазақстан облысына – 80 жыл”, “Достық, бірлік, ынтымақ – ұранымыз” деп аталған тақырыптардың біреуін таңдап, эссе жазуы керек болды. Ауызшадан сүрінген жастардың көбі жазбаша тапсырмаға келгенде әдемі сөз тіркестерін қолдануға талпынған. Нәтижесінде Светлана Смолина мен Галина Жукованың жазған эсселері қазылар алқасының көңілінен шығып, жоғары бағаға ие болды.
“Шабыт жұлдызы” деп аталған шығармашылық тапсырмада қазақтың халық және заманауи әндері орындалып, сахналық көріністер көрсетілді.
Қазылар алқасының шешімі бойынша Петропавл қаласының намысын қорғаған Галина Жукова бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші орын есілдік Светлана Смолина мен Мамлют ауданынан келген Виктория Семухинаға берілді. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген Наталья Сацукевич, Тимирязев ауданының үміткері Ниеля Адомоните және аққайыңдық Яна Добромирова үшінші орыннан көрінді. Тіл білгірлері дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Топ жарып алға шыққан жеңімпаз үстіміздегі жылдың қазан айында Астана қаласында өтетін республикалық байқауда облысымыздың намысын қорғайтын болады.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.