«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗЫЛМАЙТЫН ЖАРА

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің жетпіс жылдығы да жақындап келеді. Жетпіс жыл аз уақыт емес. Десек те, қаншама ошақтың отын өшіріп, талай шаңырақты шайқалтқан сұрапыл соғыс салған жараның орны әлі де сыздайды. Өзіміз соғыстан кейін тусақ та, сол өрттің жалынына шарпылып жүрген жайымыз бар. Әкеміз Кәйкен соғыстан аман-есен оралғанымен, майданда көрген қиындығы денсаулығына сызат түсіріп, өмірден ерте озды.

Ол бақилық болғанда үлкен әпкеміз небәрі жеті жаста екен. Жеті жастағы бала не біледі? Қазір әкем жайлы сұрасам, “Менің есімде бар қалғаны кішкене ғана қос қабат үйде тұрдық. Бойын сырқат дендеп, аяғынан баса алмай қалған ағатайым (шешемнің бірінші күйеуінен туған балалар оны осылай атаған соң, өз балалары да солай атап кеткен) төсегін үйдің оймақтай терезесінің түбіне салғызып, күні бойы сарылып, далаға қарап жататын. Менің мектептен келе жатқанымды көріп: “Қайни, Ләзкен (Ләззат) келе жатыр, шайыңды қоя бер! – деп, шешемізге бірінші хабар беретін де өзі болатын. Балалық па, сол кезде ауруы жанына батып жатқан әкемнің о жақ, бұ жағынан шығып ойнаймын. Ол болса, маған елжірей қарап, “Ләзкенім менің” деп, маңдайымнан емірене иіскейтін. Содан кейін мені тап солай ешкім еркелеткен емес”, – дейді әпкем сағыныштан көзіне жас алып. Оның әкем жайлы бар білетіні осы ғана. Ал бес жастағы Ақтай мен екіге де толмаған Бектай және әкеміз қайтқанда іште қалған мен ол жайлы ештеңе де білмейміз. Есесіне кейінгі үшеуіміздің есімізде жетімдіктен көрген қорлығымыз қалды. Әкесіз болуды біз Құдайдан тілеп алғандай, төрт құбыласы түгел балалар бізге менсінбей қарап, тіпті, бірге ойнаудан да қашқалақтайтын. Бізде олар сияқты киімді таңдап киіп, тамақты талғап ішетін мүмкіндік болған жоқ. Төртінші сыныпта оқып жүргенімде мектептің “материалдық көмек” деп берген өскелең пальтосын сегізінші сыныпты бітіргенше кигенім есімнен кетер ме? Ал пима ше? Ол Ақтай ағама шақ еді.

Мен үйдегі ер-азаматтардың ересегі Дулатты (шешемнің бірінші күйеуінен туған Мағрой есімді әпкем, Дулат, Әскер деген ағаларым болды) “папа” деп өсіппін. Әкемнің жоқ екенін мектеп табалдырығын аттарда ғана білдім. Мектепке Дулат ағам апарды. Ол мені қолымнан жетектеп, үйден шыға бергенде анам: “Құлыным, мектепте әкеңнің атын сұрайды, сонда “Кәйкен” деп айт. Дулат сенің ағаң”, – деді. Сол күннен бастап оны “әтәй” дейтін болдым.

Есейе келе шешемнен: “Әкемнің түрі қандай болды?”, “Суретін көрсетші?” – деп сұрайтынмын. Бірақ қанша сұрағаныммен, оның түрін де білмей, суретін де көрмей өстім. Өйткені, ол соғыстан елге 1947-1948 жылдары оралған екен. Соғыста жараланып, тұтқынға түскен. Елге келгенде тұтқында болғандарды “сатқындар” деп соттап жатқандықтан, қолында бар құжаттарын, суреттерін отқа жағып жіберіпті. Әкеміз жайлы шешемізден қанша сұрасақ та, оның ашылып, ештеңе айта қоймайтынының бір сыры да осында екен.

Осының барлығын айтып отырғаным, біз соғыстың кесірінен әкеден ерте айрылып, зардабын үйлі-баранды болып кеткенге дейін тарттық. “Бақытты балалық шақты” көрген жоқпыз, қазір балалығымды есіме алсам, жылағым келеді. Осындай күйге бауырларым да түсетініне мен кәміл сенімдімін.

Әкем жайлы білсем деген ой мені әр кез мазалайтын. Осы біледі-ау дегендердің бәрінен сұрадым. Естігендерімді көңіліме тоқи бердім. Сөйтіп жүріп біраз жайға қанықтым.

Ауылдың қарапайым жігіті Кәй-кенді ел-жұрты, туған-туысқандары ақ батасын беріп майданға аттандырғанда ол әлі шаңырақ құрып та үлгермеген екен. Бірнеше ай әскери дайындықтан өткен соң өзі сияқты өрімдей жігіттермен бірге алғы шепке аттандырылады. Жас жауынгерлер де өлім мен өмір беттескен ұрыс даласында от пен оқтың арасында жүріп әрқайсысы сүйікті Отаны, кіндік қаны тамған туған жері, ардақты аналары, сүйген жарлары, бауыр еті балалары үшін жан аямай, қасық қандары қалғанша неміс басқыншыларына қарсы тұрады.

Осындай бір кескілескен шайқастан кейін оларға көмекке басқа отрядтың солдаттары қосылады. Кеңес жауынгерлері жанкештілікпен неміс басқыншыларын тойтарып, саябыр тауып, әркім өз шаруасымен айналысып жатқан кезде Кәйкен өзіне қадалған жанарды сезгендей болады. Міне, ғажап! Өз көзіне өзі сенер емес. Туған жерден жырақта, ауылдасы әрі жамағайыны – Қайыржанды кездестірем деп кім ойлаған?! Баяғы ауылдан әскер қатарына аттанғандағыдай емес, жағы суалған, ортадан жоғары бойы да, келбетті жүзіне келісті орныға қалған қыр мұрыны да жүдегендіктен болар, ұзарып кеткендей. Бірақ қайратты, көпті көріп, есейгені көрініп тұр.

Қанша өзгерді дегенмен, жанары сол қалпы. Ол да Кәйкенді дөп басып танымай, сол ма, жоқ әлде ұқсас біреу ме деп тұрса керек, жанарлар түйіскен кезде әлгі күдіктің бәрі сейіліп, екі құшақ айқаса кетеді. Мынадай қиын уақыттағы кездесу тіпті ыстық болады екен, бір-бірін туғанындай қапсыра құшақтаған олардың көңілдері босап, бір сәт көз жастарына ерік береді. Бұл, әрине, қысылтаяң кезде елден, туған-туысқандарынан еш хабар ала алмай жүрген жандардың сағыныш жасы, қуаныш жасы еді.

Қайыржанның Кәйкеннен екі-үш жас үлкендігі бар. “Он үште отау иесі” деген ата салты бойынша ерте үйленген. Оның үйленуінің де өзіндік тарихы бар. 1929 жылдардағы аштық кезінде Қайыржанның әкесі Тікшекей әйгілі Сырымбеттің баурайына қонған Сулыкөл ауылындағы Махмет деген кісінің Қайни есімді қызын баласына алып береді. Тікшекей ауқатты кісі болса керек, ішерге тамақ таппай отырған Махметті төрт қап бидайға қызын беруге көндіреді. Отбасының басқа мүшелерін аштықтан аман сақтап қалу үшін Махмет әлі ештеңенің мәнісін түсінбейтін қызын “нағашыңа барасың” деп алдап, арбаға салып жібереді.

Бар-жоғы он үш жасында келін болып түскен Қайнидың бағына қарай, Қайыржан өте тәрбиелі, адамгершілігі мол азамат болып шығады. Әкенің ықпалымен үйленген ол жас келіншегін қарындасындай көріп, қамқорлық көрсетеді. Олар, тіпті, туған бауырлардай тату-тәтті күн кешіп, ауылдың өздері құралпылас балаларымен қосылып ойнап кетіп, енесінен таяқ жеген кездері де болады…

Қайыржан мен Қайнидың тұңғыштары Мағрой, одан кейін Дулат өмірге келеді. Зайыбы Қайни үшінші балаға жүкті болған кезінде Қайыржан әскерге шақырылады. Борышын өтеуге аттанарда Қайыржан: “Аман-есен жаның қалып ұл тусаң, атын “Әскер” деп қой”, – деп тапсырады. Осылайша, үш баланың әкесі атанған Қайыржан әр шайқасқа шыққан сайын елдегі бала-шағасы мен жастай қосылған жарын, туған-туысқандарын ойлап, Жеңісті жақындату үшін аянбай күреседі. Ауылдас бауыры Кәйкенмен кездескен сәтте де ең алдымен солардың амандығын сұрайды.

Олар біраз уақыт бірге соғысады. Бірақ тағы бір қатты шайқас кезінде Қайыржан жараланып, госпитальға түседі. Соғыс саябырсып, тыным болған сәттерде Кәйкен оның халін білуге барып тұрады. Сондай бір кездескен кездерінде Қайыржан:

– Соғыс болса мынау, қарша бораған оқтың астында қыршынынан қиылып, мұрттай ұшып, баудай түсіп жатқан жауынгерлерді көзіміз көріп жүр. Бұл соғыстан елге аман жетеміз бе, жоқ па, бәрі – бір Алланың қолында. “Жаман айтпай – жақсы жоқ”. Егер туған жерден дәм тартпай, бұл жақтан мен қайта орала алмай, сен аман жетсең, балаларыма бас-көз бол, – дейді.

Құдай аузына салды ма екен, содан кейін олар қайтіп кездеспейді. Қайыржан сол жерде қалады да, Кәйкен басқаларымен бірге әрі қарай майдан даласына аттанады. Әр қадам жер үшін қантөгіс. Екі жақ та аянып жатқан жоқ. Қолқаны атып, көзді аштырмайтын түтін иісі мен шаң, қан… Көктен де, жерден де зуылдаған оқ, жарылған снарядтар мен бомбалардан жер солқылдайды… Ол есін жиған кезде басы қорғасын құйып қойғандай, зілдей. Көзі де топыраққа толып қалған ба, аштырмайды. Өң мен түстің арасындағыдай күй кешіп жатқандай. Құлағына немістердің дауысы келетіндей… Әкеміз осылайша тұтқынға түседі.

“Көрешекті көрмей, көрге түспейсің” дегендей, мұнда күйлері майдан даласындағыдан бетер қиын болады. Тұтқындарды өз жақтарына тарту үшін немістер оларды қорқытып, үркітіп, неше түрлі азапқа салады. Бірде тұтқындарды сапқа тұрғызып қойып, әрбір оныншы адамды ата бастайды. Сонда әкемнің жанында тұрған бір тұтқын оның біресе оң жағына, біресе сол жағына шығып, жанын қоярға жер таппайды. Алайда, ажалдан құтылмай, оныншы болып оққа ұшады.

Аман қалғандарын да оңдырмайды, ауыр жұмысқа жегеді. Аштықтан әлсіреген тұтқындарды ауыр жұмыс тіпті титықтатады. Қаншама адам аурудан, аштықтан қырылады. Жұмысқа жарамай қалғандары да солардың кебін киеді. Жантәсілім еткен жандарды арбаларға тиеп, далада қазылған орға төгеді. Осылайша, “өлді” деп орға төгілгендердің арасында шала-жансар жаны бар біздің әкеміз де болады. Көретін жарығы, тататын дәмі болса керек, өлгендердің арасында жатқан әкеміздің кеудесінде жаны барын көрген бір әйел (ол неміс әйелі болуы мүмкін) оны үйіне жасырын әкеліп, күтіп, адам қатарына қосады.

“Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі”, деген сөз тегін айтылмаса керекті. Басынан өткерген осындай жағдайлардың бәрінен аман қалған әкемізді Қайыржанның аманат еткен балаларының көз жастары сақтады ма екен, кім білсін, майданнан елге оралып, Қайыржанның соғыстан қайтпағанын, ал оның жесірі Қайнидың шиеттей үш баласымен қайын енесі Жәмиланың қолында тұрып жатқанын біледі. Қиын-қыстау кезеңде ауылдасының “бала-шағама көз бол” деген аманатын жерге тастай алмаған ол Қайниға үйленеді. Оның қайын енесі Жәмила мен балаларын қолына алады…

“Аты жоқ құр арбаны мың шақырым жерлерге, күн жарымда барғызған” деп, мектепте жаттаған өлең жолдарындағыдай, қазақ даласында соғыстан кейінгі жылдарда құрылысы басталған Мойынты-Шу темір жолын салу жұмыстары басталғанда оның құрылысына жер-жерден кісі тартылады. Ол кезде жаңа үйленген әке-шешеміз темір жол салуға аттанады. Бұрын істеп көрмеген мұндай жұмыс өте қиын тиеді. Алайда, күнкөріс үшін көпшіліктен олар да қалыспай, қолдарына қайла, күрек алып еңбек етеді. Қазақстанның солтүстігі мен орталығын оңтүстікпен түйістіретін, сондай-ақ, Орта Азиядағы республикалармен байланыстыратын Мойынты-Шу темір жол торабында әке-шешеміздің маңдай тері мен алақандарының ыстық лебі барын олардан қалған ұрпағы – біз мақтан етеміз. Өйткені, осы күнде Петропавл-Көкшетау-Ақмола-Қарағанды-Шу трансқазақстандық темір жол торабы ел экономикасының күретамырына айналған.

Әкеміз өмірден өтерінде немере інісі Баймолда Рыстин мен анамызға тұтқынға түскенде өзін өлімнен құтқарған әйел жайлы айтқан екен. Бұл жайды біз есейгенде естідік. Сол әйел болмағанда әкеміз елге аман оралар ма еді? Онда біз туар ма едік? Әкемізге және бізге өмір сыйлаған әйелге деген ризашылық сезімін жеткізгісі келген Бектай ағам ол жайында сол кезде жүріп жатқан “Жди меня” хабарына, Германиядағы Бад Арользен қаласындағы халықаралық іздеу қызметіне хат жазып, іздеу салды. Өкінішке қарай, әкеміздің қандай концлагерьде болғаны, онда қалған әйелдің аты-жөні, мекенжайы бізге беймәлім болғандықтан, іздеу еш нәтиже бермеді.

Әкеміз КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін медальмен марапатталыпты. Бұл награда ол қайтқаннан кейін келген. Бірақ онда да еш дерек көрсетілмеген. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында мүмкін бірдеңе табылып қалар деген үмітпен таяуда өзім де облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке өтініш айтып бардым. Бірақ оның қай жерде соғысқаны, қай әскери құрамда болғаны, тағы басқалары жөнінде мәлімет айта алмағандықтан, олар да “табамыз” демеді …

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp